Коллажды жасаған Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Абай поэзиясының полисемантикалық, полифониялық, стилистикалық сипаттары әр алуандылығымен, ауқымдылығымен айрықшаланады. Ақын қолданысындағы бір сөздің өзі әрқырлылығымен, астарлы мағыналылығымен, өлшеусіз ішкі ағыс-толқындарымен өзгешеленеді. Кемел көзқарас, көркемдік тәжірибе, ұшқыр қиял, философиялық-психологиялық мазмұн, қуатты энергия тудыратын эмоциялық серпіліс, төтенше тапқырлық, суреткерлік шеберлік – Абай поэзиясының басты сипаты.
Ой мен мазмұн әуеніне орай Абайдың әрбір сөзі түрліше мағынада (саналылық, зерделілік, руханилық) жұмсалады. Мысалы, «асыл» сөзінің өзі алуан түрлі мағынада қолданылады.
- Қара жер адамзатқа болған
мекен,
Қазына іші толған әртүрлі кен.
Ішінде жүз мың түрлі асылы бар,
Солардың ең артығы немене екен.
Мұндағы «асыл» сөзі қымбат, пайдалы, бағалы деген мәнде.
- Асыл адам айнымас,
Бір бетінен қайрылмас.
Көрмесем де көрсем де
Көңілім сенен айрылмас.
Мұндағы айтылған сөз текті, шын жақсы деген мағынада.
- Жас жүректің толқынын дөп,
Жаза алыпсың толтырып.
Бойды жеңіп бұл асыл леп,
Тұрды титық көп құрып.
Бұл тұста лирикалық кейіпкердің мінез-құлқында әдептілік, мәдениеттілік санасында саңлақтың барын танытқан.
Немесе:
Шабан, шардақ және шау
Мұндай ма едің ана күн.
Мұндағы «шардақ» – парсы сөзі. «Дәрменсіз» дегенді білдіреді. Ал «шау» – шағатайша, бұл «тосырқап, тоқырап қалу» дегенді көрсетеді. Көркемдік тұрғысынан келсек, аллитерациялық байланыс бар: шабан, шардақ, шау.
Абайдың философиялық дүниетанымы мен ақындық еңбегінде халықтың рухы, тілі, мұраты, ең шынайы сезімдері, ақыл-ой парасаты, сұлулыққа деген көзқарасы, тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімдері, отансүйгіштік моралі, құқығы, елдік дәстүрі барынша бейнеленген.
Абайдың бір сөзі – сыпайылыққа, бір сөзі – еңбектенуге (қолөнерге), бір сөзі – өнер-білім, ғылымға, бір сөзі – әділет, арлылық, махаббатқа үндейді... Осы бір артықшылықтарды әрбір адам бір басына шоғырландырса, қандай жарасымды жан болар еді дейтін ой да ұшқындайды.
Адам рухының көрсеткіштері – ой-пікірлеріміз, идеяларымыз және сезімдеріміз бір-бірімен толық жарасымды болуы абзал. Егер де ой-пікірлері, көзқарастары сезімдеріне үйлеспейтін болса, онда рухани кеселге душар болған (Зия Көкалып. Түрікшілдіктің негіздері. Алматы, «Мерей», 2000. 15-бет).
Ендеше, Абай тағлымын білу, жадымызда ұстау, әсерленумен, тамсанумен ғана шектелмейді, іс-әрекетіңде мейірленіп біліммен, яғни білім мен сезімді қатар жетілдіріп, даналықпен қолдансаңыз шын мәнінде, жақсы әдеттердің жаратушысына, игіліктердің сарқылмас қайнар көзіне айналар едіңіз.
* * *
«Бақпен асқан патшадан,
Мимен асқан қара артық».
Абайдың ойы, жүрегі, көңілі, тілегі, мұраты – халықтық. Ол – ұлт жүрегі. Ол ұлт, халық, тарих, заман атынан сөйлейді. Әр нәрсенің, әр құбылыстың, әр оқиғаның себебі мен салдарын, сырын, құпиясын, негізін айқындауға шебер. Соның бір дәлелі ретінде ел билеушісі – патша қандай болу керек. Қарапайым ел адамының немесе «сақалын сатқан кәріден» артықшылығы қандай? Халықтың дүниетанымы бойынша: «Патша – Тәңірдің жердегі көлеңкесі. Кім оны құрметтемесе, тәңірді құрметтемеген болады. Кім оны қорласа, Тәңірді қорлағандық болады». Яғни мемлекет пен халық мүддесін ойлаған, болашағын болжаған патша – қоғамның шамшырағы, құты.
АҚШ 16-шы Президенті Авраам Линкольн (1809-1865) өзінің бейітінің басында мынадай сөздің жазылғанын қалапты: «Егер де мен өлгенде жұрт былай десе екен: «Ол әрқашанда арамшөптерден тазартты және барлық жерде де гүл өсіріп жайқалтты. Бағзы заманда, ерте, ерте, ертеде өзі әділетті, өзі білгір, болмысы мейлінше таза бір патша сақтардың санының қанша екенін тексермек болып, «әрбір сақ бір-бір жебенің ұшын әкелсін» деп жарлық шашады. Патша сақтар қоныстанған территорияның шартарабынан жиналған өлшеусіз мол жебелердің ұшындағы жезді балқытып, таудың шомбал шыңындай қара қазан құйып шығарады. Бұл қазанды көрген гректің атақты тарихшысы Геродот (б.з.д. 490-425 жылдар) бұған алты жүз құмған су еркін сияды, ал шойынның қалыңдығы алты елі» деп сипаттапты.
Хадис шәрифте «мынадай үш түрлі адамның абыройын айрандай төгіп, қарғау керек дегенді айтады. Олар залым патшаны, өсекшілерді, парақорларды, дінбұзарларды Тәңірі қиямет күні сөйлеспейді, күнәларын кешірмейді, рақым жасамайды, азапқа бұйырады».
Жаман патша кім, жақсылығыңа шүкіршілік етпейді, жаманшылығыңды кешірмейді.
Қазақ айтады: «Қара жалған сөйлесе – өтірік, Хан жалған сөйлесе – қылмыс». Хан бір сөзді, турашыл, әділетті болу керек. Яғни сөзі, ісі, үлгісі, мінезі, ақылы, тәжірибесі, ары («дүние – бір күндік, арың – мың күндік») бір-біріне үйлесімді. Мәшһүр Жүсіпше айтқанда, «әбілхаят суындай сөз» болу керек.
Пайғамбар хадистерінде: «Дүние жап-жасыл гүлбақша, кімде-кім одан адал еңбегіне алса, береке табады», «Дүниеқоңыз болмасаң – жүрегің де, денең де дем алады. Дүниеқорлық қам-қайғыңды көбейтеді, жұмыссыздық миғұла етеді». Осы бір тұрмыс-тіршіліктен қорытылған кемеңгерлік ғибрат – әрбір патшаның құбыланамасы. «Құл жиылып бас болмас, құм жиылып бас болмас» дегендей, ел сайлаған, халық құптаған ханда 40 кісінің ақылы бар, 40 уәзірі бар.
Жанақ ақынның (1770-1856): «Хан – қақпа, халық – қазына, батыр – қорған», «Халық – дария, хан – балық» дегені бар.
Бес саусақ бірдей емес дегендей, патшаның бәрі мінсіз емес.
Хан өтірік айтса, елді опындырады, ерді мертіктіреді.
Абай айтады:
Бақпен асқан патшадан,
Мимен асқан қара артық.
Сақалын сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық.
«Бақ» дегенге ел:
«Бақ шыбын сияқты,
Бірде гүлге қонады,
Бірде көңге қонады».
Халық тілінде «көңге өскен көк шөп» деген «тексіздік» ұғымын береді. Иә, тексізге, көргенсізге қонған бақ баянсыз. Одан да ойымен, шынайы ақылымен, өнерімен бейнеттеніп харекет еткен қара артық деп санайды Абай.
Мынау жалғанда сұрамшақ жылауықтан, түйе сойып ешкі сойғаннан дәмететін, «ит көтінен ине суыратын», өлердегі сөзін айтып қиылатын «Сақалын сатқан кәріден» жаман ешкім жоқ. Ол – мансапқор, антқор, ғайбаттауға төселген шебер, өтірікті Самарқанның суындай сапырады. Бұл – ХХІ ғасырдың зиялыларына тән. Бұ күнде заманның, халықтың сөзін сөйлейтін, төрде жарқырап отыратын қария жоқ. Өйткені ел басына «қасіретті қаңтардың» қатері төнгенде, пандемия індеті өршігенде халықтың ұлы мақсатына орай философиялық сөз айтылмады. Міне, «сақалын сатқан кәрілердің» жайы осындай.
Қазақтың қария сөздерінде:
Көп отырсаң, көл азады,
Көп сабылса, жер азады.
Көп жасаса, ер азады,
Ер азған соң, ел азады.
Я болмаса:
Ұры қартайса, сопы болады,
Қар қартайса, бибі болады.
Бүркіт қартайса тышқаншыл
болады.
Кәрі қартайса жасындағы
көрген-білгенін
былшылдап айтатын
мылжың болады.
Немесе:
Сусыз жерде қамыс болмайды,
Азған елде намыс болмайды.
«Жерім – жүрегім, халқым – тірегім» деп жерін, елін сүйген Абай адал кәсіпке мойынсұнған «еңбегін сатқан бала артық» деп тұжырымдайды.
Абай қоғам өміріндегі саяси-әлеуметтік мәселелерді астарлап, тұспалдап, ишараттап айтуға да шебер. Сондықтан болса керек, мағынасы, сыры, ойы терең мысал – тәмсілдерді қоғам шындығына орайластырып тапқырлықпен қолданады.
Абай «Ала қойлар» атты мысалында И.А.Крыловтан аударған патша жайынан яғни мінез-құлқы, пиғылы турасында пайымдайды.
Бір таудағы хайуанды бір арыстан
Билеген патшасы екен әуел бастан.
Әділ атақ алмақшы ниеті бар,
Ешкімді ауыртпастан,
жылатпастан –
деп, аң патшасының бастапқы аяқ алысын, көңіл ауанын айтып өтеді де, сөйтсе де басына қонған бақтан көзі шелдене, көңілі сабындай бұзылып айни бастағанын былайша танытады:
Онысы рас, басында тәуір болған,
Сөйтсе де кімді бұзбас бақ антұрған.
Алдынан жан шықпаған
патшамыздың
Ала қойды көргенде көзі ауырған.
Арыстан патша қанша қашқалақтаса да соншалықты мазасыз шарасыз күйге душар болып, ала қойлардың түбіне жету үшін бір айла табуға бекінеді:
Ала қойда кінә жоқ жүннен басқа,
Қойдан қашып шығыпты
патша тасқа.
Көрсе қаза тұрады аза бойы,
Болмады бұған айла ойламасқа.
Уайым-қайғының түпсіз теңізіне батқан Арыстан патша аю, түлкі тәрізді үстірт шолақ ойлайтын, «арамдықта түбі жоқ» уәзірлерімен ой бөліседі:
Тұрды патша қайғырып уайым жеп:
«Ала қойды болады қайткенім еп?»
Аю, түлкі – қасында уәзірлері,
Кеңеседі оларға қайтемін? – деп.
Сонда аю суырылып шығып:
Қолбаң етіп, қорс етіп сөйледі аю:
– Батыр патшам, не керек көп
ойлану?
Қойды жан деп, есіркеп кім аяйды?
Ақылы ала қойды – қырып салу – дейді.
Бір ескертерлік нәрсе, Абайдың 1945, 1977, 1995, 2020 жылдардағы басылымдарында «Ақылы ала қойдың – қырып салу» деп жазылған. Бұл – өрескел қателік. Өйткені арыстан – патшаның уәзірі аюдың ақылы ғой, «қойдың» көмектес септікте тұр. Дұрысы «қойды» яғни табыс септігінде.
Аюдың сөзіне ықылас қойған арыстан:
Өз жұртын өзі қырған патша бар ма?
Жаман аттан қорқамын, кетсе шығып – деп, арам ойынан күдіктенеді де, жақсы ойын да сездіреді. Бірақ қулығына құрық байламайтын біреудің қолымен от көсеуге үйір түлкі патшаға мынадай әрекет жасауға кеңес береді:
Бекер қан төктірмеңіз, әділ патшам,
Сөкпеңіз, – деді түлкі, –
мен сөз айтсам.
Оңаша бір өзенді қойға беріп,
Қайраңында семіртіп,
кең жайлатсаң.
Жарлықты кешіктірмей тез беріңіз,
Жаманды жақсыменен тең көріңіз.
Ала қой қорыққаннан өзі азаяр,
Қойшылыққа қасқырды жіберіңіз.
Қара деп қатты тапсыр
ала қойды – ақ,
Өзгесі өсер, ол кемір, сөзіме бақ
Жақсы сөзбен біреуге тапсырған соң,
Жаман аттан боласыз сіз –
дағы аулақ.
Сырт көз үшін арыстан ала қойларға қамқорлық жасайды. Елге естірте қасқырға «жақсы бақ» деп бұйырып бақтырады. Сөйтіп, арыстан патша қара тобыр ортасындағы әулиедей қабылданады.
Абайдың көрсетуінше, патшаның қадірін кетіретіндер уәзірлері, мақтамен бауыздайтындар, жылтыңбай жандайшаптары.
Түлкінің айтқаны рас, жұрт –
ақылсыз,
Көре салды қасқырдан баяғы арсыз.
Антұрғандық түлкі мен арыстанда,
Ол болмаса, не қылмақ қасқыр
жалғыз?
* * *
Мақтанасың біреуге мақтасын деп,
Шаужайымнан еш адам
қақпасын деп.
Сен кеткен соң артыңнан
күліп қалар,
Антұрғаннан Құдайым
сақтасын деп.
Ақылсыз өзін мақтап былжырайды,
Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрайды?
Жақсы болсаң, жарықты
кім көрмейді,
Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!
Абайдың әрбір сөзін мұқият тыңғылықты оқып, зердеге тоқып, терең ойлансаң, сырына, сарынына қанықсаң, ұқсаң, бойыңа сіңірсең, рух қуатына, ақыл мен жүрек тазалығына, өмір сүру стратегиясына ие боласың. Әрі салиқалы, әрі қабырғалы, әрі тәуекелшіл, әрі мінезді қайраткерге айналасың. Рухың биіктеп, парасат-пайымың, дүниені тануың кеңейіп, қырағылығың, байқампаздығың байи түсері анық. Сонымен бірге тәжірибең де, даналығың да, әділетті көзқарасың да, жүріс-тұрысың да, қимыл-қозғалысың да, бет әлпетің де жаңаша өзгерістерге, жаңа бір сапаға ие болады. Адамдықтың, парасаттың жолына ұмтыласың. Сөз мағынасын, ой астарын ұғып-түсінудің мәнісін Абай «Альбомға» дейтін өлеңінде (М.Ю.Лермонтовтан) былайша түсіндірген:
Кім біледі, кез болса, арттағылар
Ойға салып оқыр да, сөзін сынар,
Көзін салып, ойланып, кейбір сөзін
«Рас-ау!» деп мағынасын ол-дағы ұғар.
Шындығында, Абайдың сөзі тұңғиық сырларға, мағыналық реңктерге бай. Оны шын ұғу үшін өмірден түйгенің, көргенің, естігенің, оқығаның да және көңіліңді, жүрегіңді, санаңды, қиялыңды тербетіп қозғайтын «ой қозғайтын» мәнді көріністер де мол болуы керек. Сонда Абай қалай бәрін айтып кеткен-ау ой түйесің.
Біздің қоғам – мақтаншақ жарамсақтардың қоғамы дерсің. Толып жатқан жақсылы-жаманды кітаптардың тұсаукесерлері (ешкім байыбына жетпей-ақ мақтауларды қарша борату), мағынасыз, нәтижесіз мәжілістер, әлеуметтік желідегі жел сөздер, қызмет бабындағы қызметкерлердің мақтангөйлігі (мен өзім көрген университет тізгінін ұстаушының 32 жасында докторлық қорғауын ерлікке санауы немесе менің бір профессор көршім ЮНЕСКО жанындағы ORBI СОМ ұйымының мүшесі болғанын 10 жыл бойы қақсауы). Абайдың «Ақылсыз өзін мақтап былжырайды», «Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?» деуі осы. Бұлар жылымқұрттар. Қоғамды ірітіп-шірітеді, үдеп соққан дүлей дауыл іспетті. Кісілерді екпінімен ықтырып, теріс жолға түсіреді. Биліктің тұтқасын ұстап, елге қамшысын үйіреді. Ұлт қайраткері Міржақып Дулатовша айтсақ «Зиянды адамдардың көбеюі арқылы жұрт азады деген көзбен қарау керек» («Біздің істер»).
Жағымпаздарға, даңғой мақтаншақтарға жалпақшешейлік жасамай, Абайша сөгу, Абайша сипаттау қажет. Жақсы жолға түсу, жақсы атану, қоғамға адал қызмет атқару – адамшылық парыз. Мақтаншақтық машақатынан арылып, естілікті мақсат тұтып, өз ортаңдағы жақсылардың біреуінен байсалдылықты, тағы біреуінен сырбаздықты, кейбіреулерінен көргендікті, іс-әрекеттерінен ірілік-кесектікті, ақылмен тұжырымды сөйлеуді, ойлауды, мақсаткерлікті ыждаһатпен, жан-жүрегімен қабылдап үйренсе, тағылым алса, мінсіз саналы ер атанар еді. Жапонның тәмсілінде тіпті құстар мен аңдар да қоршаған ортасының ерекше жақсы қасиеттеріне еліктейді екен.
Абайдың интеллектуалдық қабілеті, атап айтқанда, айрықша қабылдауы, пайымдауы, сөйлеуі, бастамашылдығы, шешімпаздығы, қауымға ықпал ету мүмкіндігі. Әрбір кесек ісінде, әрбір жалынды сөзінде тағдыранықтағыштық қуат бар. Мұны мынау өмірімізде қалайша қолдану мәселесі ойландырады. Тілдегі білім жұғымсыз, жүректегі ілім қоғамды, заманды, ғаламды алға жетелейді, мұратқа жеткізеді. Абайды сырлы, нұрлы, жырлы, мағыналы тілін, ойын, қағидаттарын болмысымызға, сүйегімізге, мінезімізге, көзқарасымызға, әрекетімізге сіңіру үшін жапонның тәмсілін көңілге ұялатқан жөн болатын сияқты. Адам баласы бір ғана оқу, үйренумен жетілу деген желеу сөз, оның өзінде ұлы сенім болу керек. Тәлімгердің айтқандары бос әуре, ол өзінің барша қажыр-қайратын әулеті (клан) үшін жұмсамаса. Шындығында, біздің ұмтылыстарымыз шәйнектегі шай секілді тез суып қалатын. Мұның да амалын табуға болады. Ол үшін мына төрт өсиетті мақұлда:
Басқаларды Самурай Жолына кесе
көлденең тұрғызба.
Әрқашанда қожайынға пайдалы
қызмет көрсет.
Ата-аналарыңның алдында
перзенттік парызыңды ұмытпа.
Адамдардың қайғы-мұңына
ортақтас әрі қайырым жаса.
Осы өсиеттерді құдай мен будданың алдында әрбір таң алдында дауыстап айтса – сенің күш-қуатың еселенеді және таңдаған жолыңнан ауытқымайсың. Сен көздеген мақсатыңа әрбір қадамыңды аттаған сайын жоғарыға өрмелеген құрт-құмырсқадай жетесің. Құдай мен Будда да өсиет-насихаттан бастаған. (Бусидо. Военный канон Самурая. – Москва, АСТ, 2021. С.233).
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы,
профессор