Жазушының бейнесін айнытпай жасаған. Әйнектің астында сақталған. Жақтауы – ағаш. 1982 жылы жазушының 80 жылдығына қызылордалық іні-досы Оразғали Ерекешев тарту еткен. «Әкемдей болып кетіп еді» деген естелігінде («Ғабит Мүсірепов туралы естеліктер», 2004) ол Ғабеңмен алғашқы таныстығы (1958 ж.), қаламгердің Арал өңіріне сапары, осы сапарынан кейін теңіздің болашағына қатысты «Правда» газетіне мақала жазғанын атап өтеді. Ал кейінірек «Алпыс төрт мың шаршы километр жерді алып жатқан теңіз түптердің түбінде құрғап қалар болса, одан борайтын тұзды шаң қанша дүниені бүлдіретінін кім білсін!» («Қазақ әдебиеті»,11.09.1981), – деп алаңдаушылық танытқанын жазады. Көп адамға сыр аша бермейтін Ғабең өзінен 25 жас кіші Оразғалиды Алматыға үйіне қонаққа шақырып, қазақтың зиялы қауымымен таныстырып, жақын араласып кетеді. Оразғали Аралдың жағасына киіз үй тіктіріп, Ғабеңді бірнеше рет қонақ қылады. Ел адамдарымен таныстырып, әңгіме-дүкен құруына жағдай жасайды. Алматыға шұбат жеткізіп тұрады. Оған 1971 жылы Ғабең өзі мініп жүрген «Газ-69» машинасын сыйға тартады. Жыл сайын Алматыға шақырып, «аунап-қунап демалып қайт» деп, келген сайын қаржылай көмек беріп: «...жақсылап демал, тұрған жерің апат, қайбір денсаулықтарың мықты еді сендердің», – деп қамқорлық танытып отырған. О.Ерекешов сөз зергеріне деген өзінің ерекше құрметінің бір белгісі ретінде 80 жылдығына арнайы тапсырыспен күріштен портретін салғызып, сыйлайды. Бұл күнде портрет Музей кешенінің қорында сақтаулы.
Рашида ОТАРОВА,
Музей кешенінің ғылыми қызметкері