Театр • 04 Қыркүйек, 2022

Мерейтойлық маусым мейманы

166 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Театр әлеміндегі елеулі оқиғаның бірі – «Астана Опера» театрының Х мерейтойлық маусымы 9 қыркүйекте шымылдық түреді. Осыған орай әлемдік сахнаның примадоннасы, «Грэмми» сыйлығының иегері Суми Чо қазақ сахнасында өнер көрсетеді. «Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен өтетін Гала-операның көрерменіне ұсынар жаңалығы көп.

Мерейтойлық маусым мейманы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Өзара мәдениетаралық ал­­масу жылына орай Ко­рея Респуб­лика­сының Қазақ­стандағы ел­шілігіне қа­расты Корей мәде­ни орта­лы­ғының қолдауымен ұйым­дастырылған кеште Суми Чомен бірге қазақстан­дық жұл­дыздар – Азамат Жыл­тыр­көзов, Ме­дет Шотабаев, Татьяна Ви­цин­­ская, сондай-ақ атақты маэ­стро Алан Бөрібаевтың же­тек­­­­шілігімен «Астана Опера» хоры мен оркестрі өнер көр­се­теді. Әр­тістер танымал қазақ, корей және батысеуропалық шығармаларды орындайды. Мазмұнды бағдарламаға А.Жұ­банов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан көп­ші­лік­тің сүйіп тыңдайтын «Той­бастар» сахналық көрі­нісі, Ж.Оффенбахтың «Гоф­ман ертегілері» операсы­нан Олимпия шумақтары, Ф.Легар­дың «Күлкі елі» опереттасынан ханзада Су Хонгтың ариясы, «Пуритандықтар» опе­расынан Рикардоның ария­сы және тағы басқа көптеген туынды енген.

Бұл кореялық әйгілі ән­шінің Қазақстанға алғашқы өнер сапары емес. Бұған дейін де елордаға екі рет келген өнер иесі астаналық көрерменнің ыстық ықыласын сағына еске алды.

– Араға 10 жыл салып Қа­зақ­стан мен Корея елдерінің ­мыз­ғымас достығының арқа­сын­да қазақстандық көрер­­мен­дер­мен тағы да кездесеті­нім­­­­ді ойлап әрі қуанып, әрі тол­­қып жүр­­мін. Әсіресе осы жобада Алан Бөрібаев сынды әлем­дік музыканың алыбымен бірге жұ­мыс істейтіні­ме өте қуаныш­ты­мын. Ол – керемет дарынды ғана емес, адамгершілігі мол азамат. Еуропа мен Америкада белгілі оркестрлерге дирижерлік еткен дарынды дирижердің талантына тәнтімін және айтулы концертке арналған бағ­дарлама тұжырымдамасын бірге жасау мүмкіндігіне ие болғаныма қатты қуандым, деген әнші өнер турасында­ғы келісті әңгімесін одан әрі жалғады: – Егер көпшілік кө­рермен бұқаралық мәде­ниет­­тен қуаныш табатын бол­­са, ал опера түрлі дәуір­лер мен олардың тарихи ерек­ше­ліктерін бейнелейтін син­те­тикалық өнердің ерекше жан­ры болып саналады. Осы бір ерекше өнердің өкілі болға­ны­ма бақыттымын, дейді жұлдыз.

Бүгінгі таңда Суми Чо әлем­дегі ең танымал әншілердің қата­рында. Ондаған жылдар бойы оның есімі ең үздік опера театрлары мен концерт залдары афишаларының көркін ашып келеді. Одан бөлек, әншінің ерек үнін Роман Поланскидің «Тоғызыншы қақпа» фильмінен де тың­дап, тамсануға болады. Суми Чоның өнер адамы ретін­дегі ерекшелігі сол – ол тың­дарманын таңғажайып сән­ді киімдері­мен ғана емес, бай репертуарымен де таң­ғал­дырғанды жаны сүйеді. Соны­мен қатар әнші өз шығар­машылығында тәжірибеге жиі жүгінеді. Мәселен, репертуарын бароккодан crossover-ге дейін түрлендіргенді жақсы көреді. Оңтүстік Кореяда Суми Чоның дарыны жоғары баға­ланады. Әнші бірнеше мәрте мем­лекеттік наградалармен мара­патталған және оған «Ұлт­тық игілік» құрметті мәртебесі берілген.

Сөз соңында әнші көрер­мен қауымға қойылымдар, олардың оқиғалар желісі туралы көбірек айтуға кеңес берді. Театр ісінің дамуы тоқтап қал­мауы үшін қазіргі дәуірдің тенденцияларын көрсететін опера шығармаларына назар аудару қажет екенін де алға тартты. Сондай-ақ опера дивасы музыка жолын шек­сіз деп санайтынын айтып, ал­дағы жос­парлары туралы да бүкпесіз баяндап берді:

– Бүгінге дейін мен әртүрлі әлемдік туындылары бар 50-ден астам альбом шығардым және осымен шектеліп қал­ғым келмейді. Әлі де өз шығарма­шы­лығымның ауқымын ке­ңей­тіп, музыка әлемінің жаңа мүм­кіндіктерін байқап көрсем дей­мін. Болашақта өзімді жаңа салаларда сынап көргім келеді. Өнер – шетсіз-шексіз мұхит. Демек менің де өнерім сол алып мұхитқа құйылған тамшы іспеттес. Сондықтан да өнердегі өз тәжірибем мен еңбегімді классикалық музы­ка жолын таңдаған әртістер­дің келесі буы­­нына жеткізу­ге ба­рымды сала­­мын және ЮНЕСКО-ның «Бей­бітшілік әртісі» атағы­ның иегері ретін­де әртүрлі мәде­ниеттер мен әлемнің өзара қарым-қатына­сын алға жылжыту үшін тынбай жұмыс істеймін. «Астана Опера» төрінде өтетін алдағы концерт сол мақ­сатымның бастауы», деп әнші сөзін түйіндеді.