Құрылыс онлайн режімде бақыланады
Баспана құрылысына арнайы бөлінген 12 гектар аумақта әрқайсысы 100 шаршы метрлік 91 үй салынып жатыр. Әр үйге 10 сотық жер бөлініп, газ, су, электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Көшелерге асфальт төселеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, ҚазҚСҒЗИ жобалау институты тұрғынжайларды су басудың алдын алу мақсатында геологиялық зерттеу жүргізген. Жаңа салынып жатқан үйлердің іргетасы жерасты суларынан 2,5 м жоғары. 7 қыркүйекте 13 мердігер компания құрылыс жұмыстарына кірісіп кеткен. Бүгінгі таңда 91 үйдің қазаншұңқыры қазылып бітті. 55 үйдің іргетасы құйылып, бірнеше үйге іргетас блоктары орнатылды.
Премьер-Министрдің айтуынша, алаңда орнатылған бейнекамералар арқылы құрылыс барысы онлайн режімде бақыланып отыр. Құрылыс жұмыстарына Үкімет 2,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлген. Ә.Смайылов мердігер компаниялардың басшыларымен де әңгімелесіп, оларға өздеріне тапсырылып отырған міндетті сапалы әрі уақтылы орындап шығу керек екенін қадап тапсырды.
– Қазір әкімдік пен мердігерлердің алдында құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде, яғни екі айдың ішінде сапалы аяқтау міндеті тұр. Бұл мәселе Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында. Сондықтан тапсырмаға аса жауапкершілікпен қарау керек, – деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр одан кейін Әулиекөл ауылындағы мектептің жанынан құрылған эвакуациялық пунктке барып, зардап шеккендермен кездесті.
– Тұрғындардың алапат табиғи өрттердің салдарынан қандай қиын жағдайға тап болғанын білеміз. Осындай қиын сәтте мемлекет шұғыл шаралар қабылдап, барлық қажетті қолдауды көрсетті. Бұл жұмыс әлі де жалғасады, – деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы өңірге орасан шығын әкелген табиғи апатқа байланысты Президенттің шұғыл шешімдер қабылдап, нақты тапсырмалар беріп, жағдайды жеке бақылауына алғанын, сондай-ақ оқиға орнына өзі арнайы келіп, елдің еңсесін көтеріп кеткенін атап өтті.
– Осындай қиын-қыстау кезеңде бос байбаламға салынбай, апат салдарынан туындаған ауыр жағдайда сабырдан аспай, төзімділік танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ халқымыздың бірлігін көрсетіп, отандастарына қолұшын созған барлық қазақстандықтарға да алғыс білдіргім келеді, – деді Ә.Смайылов.
Кездесу барысында өршіген өрт кезінде қауіпсіз жерлерге көшірілген тұрғындар Үкімет басшысына мемлекеттің дер кезінде жедел шаралар қабылдап, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
Өрт сөндіргіш тікұшақтар саны үш есе артады
Облысқа жұмыс сапары барысында Премьер-Министр орталық мемлекеттік органдар мен әкімдік басшыларының қатысуымен өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Жиын барысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, сондай-ақ Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндама жасады.
Премьер-Министр жақында Қостанай облысында болған орман өрті жергілікті тұрғындар мен инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтіргенін, өрт кезінде бір зейнеткер қаза тапқанын атап өтті. Осыған байланысты Ә.Смайылов орман шаруашылығы төңірегіндегі құтқару қызметін жетілдіріп, қуатты техникамен қамту жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.
– Тікұшақ техникасының жақын жерден су алып, өртті сөндіруін жеңілдету мақсатында орман алқаптарының жанындағы су қоймаларының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Біз тікұшақтар паркін үш есе ұлғайту үшін қосымша субүркігіш құрылғыларды сатып аламыз, оларды өрт сөндіру үшін пайдалануға болады. Бұл Қостанай облысын қоса алғанда, барлық өңірлерге қатысты, – деді Ә.Смайылов.
Білім саласын сынға алды
Кеңес барысында Премьер-Министр өңір әкімдігінің білім беру саласындағы кемшіліктеріне де назар аударды. Ә.Смайылов өңірдің 7 мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімінің кешіктірілгенін, соның салдарынан балалар балабақша, мәдениет үйлері мен ауыл әкімдіктерінің ғимараттарында оқуға мәжбүр екенін атап өтті.
– Бұл мәселелерді шешу үшін жедел шаралар қабылдау қажет. Жалпы білім беру саласына жауапкершілікпен қарау керек, балалардың сапалы білім алуы үшін тиісті жағдайлар жасалу керек, – деді Ә.Смайылов.
Экономикалық мәселелер бойынша Премьер-Министр облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру үшін бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бере алатын инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша жұмыс жүргізу қажеттігін қадап айтты. Бұл – әкімдіктің басты міндеттерінің бірі. Премьер-Министрдің айтуынша, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қостанай облысына 32 ауылдық елді мекенде 75 жобаны іске асыруға 6,7 млрд теңге бөлінген. Жалпы өңірді дамытуға 2022 жылы республикалық бюджеттен 115,9 млрд теңге, сондай-ақ бюджетті нақтылау аясында тағы 31,7 млрд теңге қарастырылған.
– Бұл қаражат ең алдымен әлеуметтік қажеттіліктерге, облыстың инфрақұрылымы мен агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға бағытталған. Әкімдік аталған қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуі тиіс, – деді Премьер-Министр.
Ә.Смайылов азық-түліктің жетіспеушілігі мен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізу қажеттігіне де назар аударып, әкімдікке осы бағытта қолданыстағы тетіктерді пайдалануды жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар өңір экономикасын одан әрі әртараптандырудың маңыздылығына тоқталды. Мәселен, 2022 жылы облыста құны 38 млрд долларға жуықтайтын 45 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған.
– Инвестициялық жобаларды іске қосу жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Облыс әкімдігі инвесторлар үшін барлық қажетті жағдайды жасау және белгіленген жобаларды уақтылы іске қосу жөніндегі жұмысты жалғастыруы керек, – деді Ә.Смайылов.
Жиын соңында Премьер-Министр жылумен жабдықтау жобаларын іске асыруға қаражат бөлу мәселесін пысықтауды, «Қостанай-Денисов» көлік жолын реконструкциялау жөніндегі жобаны уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етуді, 2022 жылдың соңына дейін жергілікті маңызы бар жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Бұдан өзге, Үкімет басшысы өңірде алдағы уақытта көпфункционалды медициналық мекеме болып ұлғайтылатын жаңа перинаталдық орталық салу мәселесін, Әулиекөл ауданының «Достық» балалар мәдени жазғы сауықтыру кешенін қалпына келтіру үшін қаражат бөлу, сондай-ақ Тобыл қаласында емхана құрылысын қаржыландыруды және басқа да бірқатар мәселені пысықтауды тапсырды.
Қостанай облысы