Кеңес кезеңінде мұнай мен газды, көмірді, түсті металды, сондай-ақ қалалар мен елді мекендерді салуға қажетті материалдарды өндіруге арналған өнеркәсіптік кәсіпорындар белсенді түрде құрыла бастады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңі темір жолдарда жылжымалы құрамды және жол шаруашылығын жөндеу бойынша өндірістік базаның құрылуымен ерекшеленді. 1950 жылдары тың жерлерді игеру үшін еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында қарқынды темір жол құрылысы жүргізілді. Осы жылдар ішінде Қазақстандағы темір жол желісінің тығыздығы екі есе өсті, яғни ХХ ғасырдың бірінші жартысында ол қазіргі күйінде қалыптасты.
1958 жылы шілдеде КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен ұзындығы 13 мың км болатын біртұтас Қазақстан темір жолы ұйымдастырылды. 1977 жылы Алматы, Тың және Батыс Қазақстан темір жолдары құрылды. Сол жылы мамырда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті және КОКП Орталық Комитетінің шешімдерімен Батыс Қазақстан жолының бастығы болып Құдайберген Көпжасаров тағайындалды. Батыс Қазақстан жолы Орал, Ақтөбе, Қызылорда және Гурьев тармақтарын қамтыды.
1978 жылы Қ.Көпжасаров өз бұйрығымен Амангелді Селбаевты Гурьев (қазіргі Атырау) темір жол басқармасы бастығының бірінші орынбасары, бір жылдан кейін осы жолдың басшысы етіп тағайындады.
1977 жылдың наурыз айында мен Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым. Гурьев темір жол бөлімшесі бастығының орынбасары қызметін атқарған А.Селбаевпен кездескеніміз де сол кезде еді. Алғашқы күннен бастап бізде достық қарым-қатынас пен өзара түсіністік қалыптасты.
Амангелді әкесі Сисенғали Екінші дүниежүзілік соғысына аттанғаннан алты айдан кейін 1942 жылы қазан айында Ескене стансасында дүниеге келген. 1944 жылдың көктемінде Сталинградты қорғау кезінде алған ауыр жарақаттан кейін әкесі елге оралған. Амангелдінің балалық және жастық шағы Ескене стансасында өтті, ағасы Оңайғали екеуі аудан орталығы Доссордағы, одан кейін Гурьев қаласындағы мектеп-интернатта оқыған. Жексенбіде өтіп бара жатқан пойыздарда қатты аязда және ыстықта жүк платформаларына жабысып, Ескене стансасына дейін үйлеріне жетіп, Доссорға қайта оралу бір сағатқа созылатын. Оңайғали мен Амангелді мамандық таңдауына себеп болған болат желінің адам өміріндегі маңызын бала кезінен көріп, сезінген.
Амангелді ағасы сияқты Ташкент темір жол институтын бітірген. Еңбек жолын 1961 жылы кезекшіден бастап содан кейін маневрлік және пойыз диспетчері, бөлім бойынша кезекші, аға пойыз диспетчері қызметтерін атқарып, қозғалыс бөлімінің бастығы, пойыздар қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі ревизор, Гурьев-1 стансасының бастығы, темір жол бөлімінің (ТЖБ) бастығының орынбасары болды.
Ал мен Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болып он жыл қызмет атқардым.
Гурьев қаласы 200 мыңнан астам көпұлтты халқы бар Каспий өңірінің мәдени, өнеркәсіптік және ауылшаруашылық орталығы болды. Тозығы жеткен көп тұрғын үйлер, асфальтталған жолдар аз, жасыл желектер нашар, ауыз сумен, жылумен, әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуде мәселелер көп еді. Жоғарыда аталған мәселелерді шешуге бюджет қаражаты жеткіліксіз, су құбыры, жолдар немесе кәріз желілері сияқты нысандарды салу немесе күрделі жөндеу тек Мәскеуде ғана КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетімен шешілетін. Бұл төтенше жағдай кезінде жан-жақты көмек көрсеткен ірі кәсіпорындардың көмегіне жүгінуге мәжбүр етті. Сол кезде Амангелді Селбаев теміржолшылардың іргелі ұжымының басшысы ретінде, оңды көмектерімен ерекше көзге түсті.
Оның қызметі туралы ҚазКСР Министрлер Кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары, Батыс Қазақстан және Алматы темір жолдары басқармасының бастығы Құдайберген Көпжасаровтың естелігінде Амангелді Селбаевтың іскерлігі туралы айтатыны бар. «...Гурьев бөлімшесінде болған кезімде мен командалық құраммен азды-көпті танысып, «басшылықты күшейту керек» деген нық сенімге келдім. Мен бүкіл командалық құрамды аралап Амангелді Селбаевқа тоқтадым.
А.Селбаевты кеңсеме шақырып, оны бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындайтынымды және Темір жол министрлігі мен Орталық партия комитетіне ұсынатынымды айттым. Ол бірден бас тарта бастады: «Бұл жұмыс қолымнан келмейді», деді. Мен оның сөзін үзіп: «Жол бөлімінің (ЖБ) бастығы болып жұмыс істейсің» деп үзілді-кесілді айттым. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына бардық. Оңайбай Күшековтің әңгімесі ұзаққа бармай, кандидатурасын мақұлдады. Көп ұзамай Амангелді Селбаев менің ұсынысыммен Темір жол министрінің бұйрығымен Батыс Қазақстан жолының Гурьев бөлімшесінің бастығы болып тағайындалды.
Амангелді Селбаев жол бөлімінің бастығы болып он бес жыл еңбек етті. Бұл Атырау филиалы жұмысының қарқынды дамыған жылдары еді. Осы он бес жыл ішінде ол қыруар жұмыс атқарды, талай қиыншылыққа шыдады. Бұл керемет күш пен жүйкені қажет ететін тұрақты тасымалдау жұмысы. Жаңа басшы қызметке тағайындалғаннан кейін, ең алдымен, аянышты жағдайда болған локомотив паркін жедел түрде жақсарту шараларын қабылдау қажет еді. Бірақ одан да қиын, бүкіл ұжымның үлкен күш-жігерін талап ететін темір жолдың өткізу қабілетін дамыту болды. Темір жолдың өткізу қабілетін дамыту деген нені білдіреді? Бұл стансаларды, бөлек пункттерді салу, оларды қайта ұйымдастыру дегенді білдіреді. Амангелді Селбаев басқаратын бөлімшелер ұжымы ең қиын тапсырманы ойдағыдай орындады. Бұл құрылыс көлемінің, тасымалдау көлемінің жылдам өсуіне, жылжымалы құрам мен материалдардың тапшылығына байланысты.
Селбаевтың ұжым алдына қойған міндеттері қысқа мерзімде стансалар мен тораптарды қайта құру бойынша орасан зор жұмыстарды атқару болды. Ганюшкино, Махамбет, Мақат, Құлсары, Бейнеу, Маңғышлақ сияқты ірі стансалар қайта жаңғыртылды. Жұмыстардың барлық кешені аяқталғаннан кейін Ақсай торабындағы алмасу тәулігіне 17 пойыздан 30 пойызға дейін өсті, оның ішінде қалыптастыру жоспары бойынша 10 пойыз екі есе болды. Әрине, осынау ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру үшін жол бөлімінің өндірістік, техникалық және кадрлық әлеуетін түбегейлі жаңарту қажет еді. Жоғарыда айтылғандардың барлығын бағалау үшін мынадай статистикалық мәліметтерді келтіруге болады: бөлім қабылданған кезде қызметкерлердің штат саны 21 кәсіпорында 6550 адамды құрады: Кеңес Одағы бойынша 187 филиалдың ішінде Атырау филиалы 185-ші орынды иеленді, жүк айналымы 17 750 млн тонна/км құрады. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін бөлімнің штаттық саны 14270 адамға дейін өсті, олар қазір 37 кәсіпорында жұмыс істейді, жүк айналымы екі еседен астамға өсіп, 41550 млн тонна/км құрады. Көрсеткіштері Кеңес Одағы бойынша 185-орыннан 9-орынға көтерілді. Атырау мен Бейнеудегі локомотив деполары, Бейнеу жол дистанциясы, Құлсары сигнализация-байланыс дистанциясы, 3 ПМС сияқты жаңа кәсіпорындар ашылды. Құрылыс-монтаждау пойызы Маңғышлақ, Бейнеу және Сай-Өтес стансасын жаңғырту нәтижесінде жүк тасымалы тәулігіне 9 пойыздан 17 пойызға дейін өсті.
Амангелді Селбаев жергілікті мамандардан кадрлар даярлады. Ол басқарма бастығы лауазымына келгеннен кейін болашағынан үміт күттіретін жас теміржолшылар басшылық қызметке көтеріле бастағанын, көп ұзамай оның жеке өзі дайындаған жергілікті кадрлардың 37 кәсіпорынның барлығында басшы болғанын айтсақ та жеткілікті. Жалпы, оның басшылық кезінде 670 инженер, 1700 техник өмірге жолдама алды.
Басқарма жанынан шаруа қожалықтарының ашылуы, тұрғын үй құрылысы, емдеу және мектепке дейінгі мекемелер, сондай-ақ оларды күтіп-ұстау мәселелері кешенді түрде шешімін табуы әлеуметтік салаға деген ұдайы қамқорлық танытты.
Күнделікті жүйелі жұмыс, басшылық стилінде ешбір қастандықтың болмауы, бағыныштыларға нақты міндеттер қою және барлық атқарылған істі қатаң талап ету – осынау көпқырлы да жан-жақты басшы Амангелді Селбаевтың басты қасиеті...».
Мен Атырау облысының әкімі лауазымына тағайындалғаннан кейін әкімнің бірінші орынбасары қызметіне Амангелді Селбаевты ұсындым. Біз қысқа мерзім ішінде әкімдіктің басшылығы мен аппаратын жасақтап, облыстың 2000 жылға дейінгі даму бағдарламасын дайындап, шешімін тез талап ететін барлық мәселелерін нақты сипаттайтын жұмыс тобын құрып, оларды жүзеге асыруға кірістік. Амангелді Селбаев облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде өндіріс, көлік, құрылыс саласымен айналысты және әлеуметтік мәселелерді нағыз жолына бағыттау сарапшы комиссиясының төрағасы болды.
Екі жылдық жұмыс бойынша облыстың экономикалық көрсеткіштері: нақты көлем индексі өнеркәсіп бойынша – 119,6%, отын кешені бойынша – 124,8%, өнеркәсіптік құрылыс материалдары бойынша – 125%, тамақ өнеркәсібі бойынша – 119%-ды құрады. Мұнай өндіру 3,1 млн тоннаға, балық аулау 21,1 мың тоннаға, немесе 20%-ға өсті. Сыртқы сауда 40 пайызға өсіп, 874 млн АҚШ долларын құрады. Инвестициялар ұлғайып, 14,4 млрд теңгені құрады, тұрғын үйлерді, әлеуметтік-мәдени нысандарды, сондай-ақ жолдарды салу және жөндеу жұмыстары қарқын алды. Шағын және орта бизнестің дамуы жеделдеді, әсіресе ауылдық жерлерде жаппай жекешелендіру жалғасты. Салада жүргізілген реформа өз нәтижесін берді. Егер 1994 жылы өндіріс саласының пайдасы 6,4 млрд теңгені құраса, 1996 жылдың қорытындысы бойынша 12,9 млрд теңгеге дейін өсті. Облыс экономикасының басқа салалары, соның ішінде ауыл шаруашылығы тұрақтана бастады.
Облыс орталығында жыл сайын әрқайсысында 3 млн дана бекіре шабағын өсіретін екі зауыт, облыстық аурухана, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, аудандық аурухана және мешіт салынды, осының барлығына шетелдік компаниялардың қаражаты жұмсалды. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, коммуналдық шаруашылықтағы істердің жай-күйін жақсарту, сондай-ақ халықты барлық қызмет түрі-
мен қамтамасыз ету мәселелері бойынша шаралар қабылданды.
Амангелді Селбаев екі жыл облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметінде болғанда бірлесіп түйінді мәселелерді шеше білдік. Бірінші басшы ретінде мен барлық стратегиялық мәселелермен айналыстым және үнемі облысты, елді мекендерді, кәсіпорындарды, шаруашылықтарды аралап, ұжымдармен және халықпен кездестім. Ал Амангелді Селбаев тәжірибелі кәсіпорын басшысы ретінде күнделікті тапсырмалардың орындалуына бақылауды жүзеге асырып, оны шеберлікпен орындады.
1996 жылдың қараша айының соңында ел басшылығы: «Батыс Қазақстан темір жолының бастығы етіп А.Селбаевты тағайындасақ, сенімді ақтай ма?» деп сұрады. «Ол өте жауапты, тәжірибелі және басшыға қажетті қасиеттердің барлығына ие, сеніміңізді ақтайтынына толық сенімдімін» дедім.
Сонымен А.Селбаев Батыс Қазақстан темір жолының басшысы болып тағайындалды. Одан соң Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Алматы, Тың және Батыс Қазақстан теміржолдарын біріктіру және «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ұйымдастыруымен «Қазақстан темір жолы» РМК бас директорының кеңесшісі және өкілі болып тағайындалды. Бұл қызметте ол лайықты демалысқа шыққанға дейін жемісті еңбек етті.
А.Селбаев өзінің білім және мол тәжірибесін еліміздің батыс өңірінде орналасқан төрт темір жол бөлімінің жұмыстары нәтижелі болу үшін молынан жұмсап, жоғары көрсеткішке ие болды. Әсіресе мемлекетіміздің экономикасының күретамыры мұнай-газ саласы: Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған, Жаңа жол, Құмкөл, т.б. кен орындарын игеруде және әлеуметтік дамуына мол үлес қосты. Ол бірнеше рет облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңес және мәслихат депутаты, сондай-ақ 12-шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Оның жемісті еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. А.Селбаев «Парасат», «Құрмет», Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерімен, медальдармен, грамоталармен, сондай-ақ «Құрметті теміржолшы» атағымен марапатталған. Ол Мақат ауданының, Атырау қаласы мен Атырау облысының, сондай-ақ Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының құрметті азаматы.
Амангелді екеуміз қырық жылдан астам уақыт бойы отбасымен араласып, достасып келеміз. Тамаша отбасы бар, зайыбы Сәния жоғары санатты дәрігер, балалары Анара мен Исатай ата-анасын жетістіктерімен, бақытты немерелерімен қуантып жүр.
Равиль ШЫРДАБАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері