Әдебиет • 28 Қыркүйек, 2022

Әлемнің Әуезові

587 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Біздіңше, әлем өркениетіндегі Әуезов фено­­мені – аса ауқымды, күрделі мә­се­ле. Сондықтан негізгі ойларды тезис түрін­де қысқартып айтуға тура келеді. М.Әуезов – әлем өркениетін терең игеріп, қазақ топырағына әкеліп жерсіндірген және оны әлемдік өркениеттің биік деңгейіне көтере білген бірегей талант иесі.

Әлемнің Әуезові

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Төрткүл дүниенің білімі мен өнерінің озық үлгілерін шығармашылықпен меңгере отырып, ол қазақ сөз өнерінде әлемдік классикамен иық тірестірген туындыларды дүниеге әкелді. Сол ар­қылы ұлттық әдебиетті ұлықтады, оның дүниежүзі әдебиеті алдындағы беде­лін биікке көтерді. Сөйтіп, адамзат мәде­ниетіне қайталанбас қолтаңба қосып, әлемдік өркениеттегі Әуезов феномені деген құбылысты қалыптастырды.

Қазіргі заман әлемдік өркениеттегі М. Әуезов феноменін бүгінгі заманауи әдебиеттану ғылымы тұрғысынан мүл­де жаңаша қарау қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл арнадағы ең үлкен мәселенің бірі – мұхтартануды социалистік реализм стереотиптерінен арылту. Ұлы қаламгер шығармашылығының ешқандай «измге» де, саяси қалыпқа да сыймайтынын тарих көрсетіп берді. Сондықтан Әуезовтің көркем мұрасын адамзат құндылықтары тұрғысынан әлемдік өркениет арнасында кеңінен қарастыратын уақыт келді. Мұндағы Әуезов феноменінің адастырмас темірқазығы – ақиқат, жазушының айнымас ұстанымы – ар алдындағы адалдық! Бүгінгі мұхтартанушылардың адастырмас темірқазығы осы екі ұлы ұғым болуға тиіс

Бөріліде дүниеге келіп, өнері әлемге мәшһүр болған М. Әуезов бұралаңы мол аса күрделі жолдардан өтті. Сол бұралаңда адаспай жол табуда, ең алдымен оның туған топырағы, өскен ортасы іргетас болды. Абайдай алып бәйтерегі, Шәкәрімдей шынары мәуелеген сол құнарлы орта жас Мұхтардың санасында ұлттық ұста­ным ділін қалыптастырды. 1917 жылы жиырма жасында жазылған «Қазақ­тың өзгеше мінездері» мен «Адамдық не­гі­зі – әйел» атты алғашқы мақалалар­дан-ақ біз ұлт болашағын ту етіп көтер­ген жас таланттың толықсыған тегеурінін айқын сезінеміз. Міне, Әуезовтің дүние­танымын қалыптастырған, келешек өмі­ріне таймайтын тұғыр, солмайтын та­мыр болған қазақ қоғамының Абай орнық­тырған мәйекті мәдени ортасы Әуезов феноменін зерттеудегі құнарлы тақы­рып деп білеміз. Бұл орайда бала Мұхтар­дың дүниені көркем қабылдау түйсігін қалып­тастырудағы Абай қалыптастырған ортаның бүкіл ішкі табиғатын қайта ақта­рып саралау қажет.

Ол жиырмаға толар-толмас жас ша­ғында-ақ өз заманындағы адамзаттық ірі мә­селелерге ден қойды. «Абай», «Таң» жур­налдары мен қазақ газеттерінде жа­рия­ланған «Адамдық негізі – әйел», «Ғы­лым», «Ғылым тілі», «Мәдениет һәм ұлт», «Фило­софия жайынан», «Жапония», «Қазақтың өзгеше мінездері» сияқты мақа­лаларының өзі-ақ жас Мұхтардың терең білімін, серпінді тегеурінін, та­ным-талғамын әйгілеп тұрды. Осы тыр­нақалды туындыларының өзінде қазақ тұр­мысының көкейкесті мәселелерін адам­зат проблемаларымен астастыра қарастыра білді.

Әуезовтің адамзат құндылықтарына ерте ден қойып, тез есеюінде екі үлкен тұғырдың болғандығын атап айтқан жөн. Оның алғашқысы – сол кездің өзінде қазақ халқының рухани мұрасын терең игеріп, оны Шығыс, Ислам өркениетімен және орыс, Батыс мәдениетімен тоғыстыра толғаған Абайдың даналық мектебі болатын.

Екінші тұғыр – қазақ даласында азат­тық идеясын көтеріп, жас толқынның жү­регіне дүниежүзінің ілімі мен білімінің ұрығын сеуіп, «Оян, қазақ!» деп ұран тастаған Алаш арыстары болды. Ол Әли­хан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты ұлт көсем­деріне шәкірт бола жүріп, қазақтың Еуропа демократиялық әдебиетінің басында тұрған Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабай, Сұлтанмахмұт Торай­ғыров сияқты тұлғалармен тығыз қарым-қатынаста болды.

Демек М. Әуезов шығармашылы­ғында ерекше орын алатын кезең «Алаш» қозғалысы дәуірі. Бұл ұлы қозғалыстың темірқазық орталығы Семей қаласы бол­­ғаны белгілі. Кеңестік кезеңде бұл орта­ның Мұхтартану ғылымынан мүлде алас­талып келгені де баршамызға аян. Ал сол Алаш арыстарының ақталғанына да отыз жылдан асып барады. Бірақ М.Әуе­­зовтің «Алаш» кезеңіне қатысты шығармашылығы әлі күнге келелі әңгі­меге айнала қойған жоқ. М.Әуезовтің Ә.Бөкейханмен, А.Байтұрсынұлымен, М.Дулатұлымен, Ж.Аймауытұлымен, М.Жұ­мабаймен шығармашылық бай­ланыс­тары жөнінде тарау-тарау тұ­щым­ды зерттеулер жасалмай келеді. Бұл – Мұх­тартану ғылымындағы әзірге ашық тұрған ақтаңдақтың бірі.

Оның «Мен Мағжанның Еуропалығын сүйемін» деп жүрген кезі де дәл осы уақыт. Солармен бірге ол өзі де Еуропа әдебиетін құлай сүйіп, қазақ әдебиетіне мүлде тың тақырыптарды әкеліп, жаңа көркем құндылықтардың өрнегін салды. «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу» сияқты алғашқы классикалық әңгімелері – сол дәуірдің жемісі. Міне, «Абай жолы» сияқты ұлы тақырыпқа Мұхаң осындай берік тұғырлар арқылы көтерілді.

Әуезов фенемонологиясының арналы бір саласы – оның драматур­гиясы, сценарийлер мен либреттолары екендігі белгілі. Классикалық қазақ дра­матургиясының алтын қорына енген шығармаларға деген ықылас соңғы кезде суына бастаған сыңай танытады. Биылғы мерейтой кезінде рес­публика театрларының осы тақырыпқа жан сала кіріскені жөн болатын еді. Соның ішінде қайраткер қаламгердің «Хан Кене» сияқты ұлт-азаттық тақырыпты қозғаған рухты шығармаларын сахналау бүгінгі Әділетті Қазақстан жағдайында аса өзекті мәселе деп білеміз. Сол сияқ­ты ұлы қаламгердің алып тұлғасы мен шы­ғармашылығын әр қырынан ашып көрсететін кинофильмдер түсіру мәселесі де өзінше арнайы әңгімені қажет етеді.

Жас кезінен қазақ тілінің уызына жарып, орыс тілінің нәріне сусындап өскен бала Мұхтар өмір бойына оқумен, ізденумен болды. Ташкентте, Петерборда білім алды, аспирантурада оқып, ғылым қуды. Соның нәтижесінде «Көксерек», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман» сияқты дүниежүзі әдебиетінің алтын қо­рына қосылған сүйекті шығармаларын дүниеге әкелді.

Осы ізденістер ақыры «Абай жолы» сияқты ұлы роман-эпопеяны тәмамдауға тиянақ болды. Әуезов әуелі Абай арқылы Батыс мәдениетін меңгерсе, «Абай жолы» романымен Абайды, Шығысты, нақты­­рақ айтқанда, қазақты еурокеңістікке алып шықты. Жастайынан ақынды жүрегі­не жаттап өскен Әуезов қаламы қолы­нан түс­кенше Абайды Шығыс пен Батыс мәдениетінің алтын арқауына айналдыру мұратымен өмір сүрді. Және осы асыл мұратын асыра орындады. Ол жөнін­де академик Зәки Ахметов: «Кең тыныс­ты, сан миллион оқырманның жүрегіне жол табатын көркем шығарма арқылы Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қан­дай қажет болса, Әуезовтің дүниежүзі мә­дениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұ­расы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәс­түріндей үлкен тірек сондай қажет еді», деген әділ тұжырым жасады.

Ол өз шеберлігін классикалық әлем әдебиетін аударумен шыңдады. Сол ар­қылы қазақ әдебиетін байытты. Жалпы, өркениеттер тоғысын бүкіл шығарма­шылық мұратының алтын өзегіне айналдырды. «Әдебиетіміздің ішінара байланыс қарым-қатынастарын олардың бір-біріне жақындаса араласуымен қатар зерттеу дұрыс. Бұны әдебиет тарихы ғылымы­ның зор мұраты деп санау керек», деп жазды ғұлама ғалым. Осы ұстанымын М.Әуезов Кеңес дәуірінде тамаша дәстүрге айналдырды. Сол ке­зеңдегі көпұлтты Кеңес әдебиеті жө­нінде М. Әуезовтің қырағы көзіне түс­пеген, ол пікір білдірмеген бір­де-бір бел­гілі қаламгер жоқ.

Ең алдымен ол орыстың классикалық әдебиетінің терең білгірі болды. Сонау «Игорь полкі турасындағы сөз» тарихи дастанынан бастап, өзінің замандасы М. Шолоховқа дейінгі қаламгерлер шығармашылығы жөнінде кеңінен толғап мақалалар жазды.

Ол украина әдебиетінің көрнекті өкіл­деріне де ерекше көңіл бөлді. Т.Г.Шев­ченконың Қазақстанға арнаған шы­ғар­малары туралы М. Әуезов тебірене жазды. Павло Тычина, Александр Корней­чук, Максим Гончар, Латын Рыбак шы­ғар­малары туралы да құнды пікірлер айтты.

Беларусь халқының демократ ақыны Францишек Богушевич, беларусь әдебие­тінің іргетасын қалаушылар Янна Купала, Якуб Колостың өмірі мен қызметі туралы жылы лебіздер қалдырды.

Сол сияқты Балтика маңы халықтары­ның әдебиеті жайында айтқан пікір-тұ­жырымдары қазақ әдебиеттануындағы тың тақырып еді. Литва халқының ХVІІ ғасырдағы ұлы ақыны Кристионас Доне­лайтис, Литва халқының демократтық реалистік әдебетінің ірі өкілдері Юлия Жамайте, Ян Лайнис, Соломея Нерис, Питрус Цевмарка, Латыш халқының жаңа әдебиетінің іргесін қалаушылар Андрей Улит, Вилис Лацис, Эстон халқының бел­гілі драматургі Август Якобсен туралы пікір білдірді. Мұның бәрі Балтық маңы халықтарының әдебиеттері туралы қа­зақ топырағында алғаш айтылған тұжы­рымдар болуымен қымбат.

М.Әуезовтің Кавказ халықтарының әдебиеті туралы: Грузия эпосы «Амиран», XIII ғасырдағы грузиннің ұлы ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр», XIX ғасырдағы Илья Чавчавадзе және Акакий Церетели сияқ­­ты ақындардың, грузияның Кеңес дәуірін­дегі романшысы Лео Киачели, ақын Геор­гий Леонадзе туралы айтқан пікірлері ­өте құнды.

Осетин халқының ірі ақыны Коста Хетогуров туралы М.Әуезов: «Оның жолы Ресейдегі ұсақ елдерден шық­қан ақын-жазушылардың халін, тағды­рын танытады. Ақынның өмір кезеңдері мен еңбектерінен соны айқын аңдауға болады», деп түйін жасайды.

Әзербайжан халқының көне мұрасы «Көроғлы» эпосы, XII ғасырда шыққан ұлы ақын Низамидің ірі поэмалары, Физули, Вагиф, Мирза Ахунов, Алекбар Сабир, Самед Вургун, т.б. – қазақ жазушысының назарында болған қаламгерлер.

Армян әдебиеті де қазақ жазушысының назарынан тыс қалмаған. Армян әдебиеті туралы М.Әуезов оның көне әдебиетіндегі ескерткіштері болғандығына баса назар аударудан бастайды. Армян халқының жаңа әдебиетінің атасы, ағартушы және гуманист жазушы Хачатур Абовян, ха­лық ақыны Ованес Туманян, ақын Акоп Акопьян, кеңес дәуірінің ақыны, драматург, прозаик Найри Зарьян шығар­машылығы туралы жазды.

М.Әуезовтің Орта Азия халықтарының әдебиеті – тәжік, өзбек, түрікмен, қырғыз әдебиеттері, әсіресе олардың өзара бай­ла­ныстары туралы айтқан құнды тұжы­рымдары кейінгі қазақ әдебиетінің осы­лардың әрқайсысымен тарихи және осы заманғы байланыстарын әдейі, арнайы тексерген зерттеулерге негіз болды. Бұл тұста қырғыз халқының жанашыр досы болған қаламгердің қиын кезеңде әйгілі Манас эпосын қорғап қалуы, Шыңғыс Айтматовты жетектеп жүріп әлемдік аре­наға шығарған еңбегін айтпай кетуге болмайды.

М.Әуезов Шығыс мәдениетінің арнасын кеңейтуге өлшеусіз үлес қос­ты. Соның ішінде үнді мәдениетін қазақ­тардың тануына жолбасшы болды. Жазу­­шының Үндістан туралы тамаша очерк­­тері оқырман ықыласына бөленді. Үнді­нің атақты жазушысы Рабиндранат Та­­гор­дың шығармашылығын талдауға ар­­нап «Тагордың кемеңгерлігі» атты ке­ре­­мет мақала жазды. Қазіргі заманда кең өріс алған Азия және Африка елдері жазу­­шы­ларының ынтымағы, бірлігіне М.Әуе­зов ерекше үлес қосты. Азия жә­не Аф­рика елдері жазушыларының I кон­ферен­циясында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан жазушылары аты­нан сөйлеген М.Әуезовтің терең мағыналы сөзі әлі күнге маңызын жойған жоқ.

М.Әуезов шығармашылығы қазақ әде­биетін бүкіләлемдік мәдениет пен әде­биеттің ұлы арнасымен тоғыстырды.

Өз кезегінде жазушының «Абай жолы» эпопеясы мен әңгіме, повестері шет тілдерге аударылды (орыс, ағылшын, неміс, поляк, румын, грек, венгр, болгар, чех, т.б.). Бүкіләлемдік екі жүз томдық «Дүние жүзі әдебиетінің кітапханасы» сияқты ғажайып серияда М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы 134,135-том болып басылуы қазақ әдебиетінің әлемдік мәртебесіне айналды.

Әрине, қазақ жазушысының қала­мынан туған «Абай жолы» эпопеясының халықаралық беделінің сыры тереңде. Оның бұл шығармасының құдіреті бар­лық халықтың жанын тербейтін ма­ңызды мәселелер мен идеяларды, прогрессивті бар­­ша адамзат баласына қым­­бат асыл ой, сезімдерді қозғай бі­луінде. Сол асыл ойларды шебер кестелеп, шығар­машы­лық шабытпен жеткізе алуын­да, ең бас­тысы жазушының тума талан­тында, те­ле­гей теңіз білімінде, ға­ламдық ақыл-ой қа­зынасынан қанып іш­кен кемең­герлігінде.

«Абай» романын француз тіліне аудартып, редакциясын басқарған Луи Арагон: «Мен оның (М.Әуезовтің) шығармаларын туған еліме таныстырушы болуды өзіме үлкен абырой санаймын. Эпикалық роман «Абай» менің ойымша, XX ғасыр­да­ғы ең үздік шығарманың маңдай легі­нен орын алады деу аздық қылады, он­дай шығарманы табу қиын», деп бағала­ды. Андрей Стиль «Юманите» газетінің ­бе­тінде Луи Арагон пікірін қуаттай ке­ліп: «М. Әуезовтің романын алар бол­сақ, мұнда ең алдымен поэзияның ле­гін, қиыр кеңістіктің кереметін сезінесің», деген екен. Француздың белгілі сыншысы Бержарон өзінің үлкен мақаласы­ның қорытындысында: «Әуезовтің үніндей үнмен, Әуезов жырлаған ұлылықпен, керемет махаббатпен жырланған бақытты халықтың, шіркін, не арманы бар екен», деп түйіндейді.

Аустрияның «Вег унд циль» журналы «Абай» романы жөнінде: «Біздің көз алдымызда Абай ақынның өмір тарихы тар кемерінен тасып аққан ағынды өзен сықылды, сол кездегі көшпелі қазақ халқының тарихымен астасып кеткен. Әуезов үлкен суреткерге тән нәзіктікпен, толып жатқан әсем детальдармен, үш ұрпақты көрсететін туған халқының келелі кезеңін көзімізге елестетеді», деп жазды. Шетел оқушылары мен сыншыларының пікірін көрсететін түйінді ой Лейпциг қаласында шығатын «Der bibliothekar» журналында да жарияланды. Неміс сыншысы Герберт Кремпиен: «М.Әуезовтің «Абай жолында» өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының өмірі, сол кездің әдет-ғұрып тұрмысы, сол кү­йінде, әр қырынан, өз сатысымен тамаша бейнеленеді. Бұл кітаптың атауы не­місше «Таң алдында» деп аталады. Бұл кітап болашақта зор даңқы шығатын жаңа ақынның дүниеге келуімен бітпейді. Ол сонымен бірге ғасырлар бойы артта қалған бүтін бір халықтың енді-енді қалыптасып келе жатқанын, оның тарихында тұңғыш рет еркін болашаққа қадам басқанын көрсетеді», деп жазды.

Түйіндеп айтар болсақ, қазақ халқы­ның ұлы перзенті, даңқты қаламгері, ғұ­ла­ма ғалымы, педагогі, қоғам қайрат­кері М.Әуезов аса құнды еңбектері үшін туған хал­қының зор құрметіне бөленіп, шығармашылық шыңының шырқау биі­гіне көтерілді. Ол жасаған асыл мұра қазақ әдебиетін әлемдік озық әдебиеттер қатарына қосып, қазақ халқының тарихын, өмірін, мәдениетін, талантын, ұлттық характерін жер жүзі оқушыларына танытты, сөйтіп кемеңгер жазушы тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлемдік өрке­ниеттің феноменіне айналды. М.Әуезовтің есімі мен еңбегі адамзат өрке­ниетімен мәңгі бірге жасайды. Оның қазақ даналығынан нәр алған, тағылымы мол тартымды шығармалары қайталап оқыған сайын рухани дүниемізді байытып, баға жетпес жан азығы бола бермек.

Бүгінде Мұхтартану ғылымының ірге­сін барынша кеңейту мәселесі күн тәр­тібінде тұр. Әдеттегідей Әуе­зов­ті тек жазушы ғана деп танып, шығар­ма­шылы­ғын әдебиеттану ғылымы тұрғы­сынан ғана бағалау – бері айтқанда, ұлы тұлға­ның кең шалқарын тарылту. Сондықтан Мұхтартану ғылымын тарих, философия, психология, мәдениеттану, педагогика сияқты гуманитарлық ғылымның пәнаралық тоғысында өрістетудің уақыты әлдеқашан туған.

М. Әуезовтің қоғамдық қайраткер­лік қызметі де – өз алдына үлкен сала. Оның ­ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш арыстары­ның ең жас, талантты мүшесі ретіндегі қызметі өз алдына бір төбе. Ол «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы» сияқты отарлық жүйеге қарсы шығармаларын жазуға саналы түрде келді. Және сол ішкі ділінен өмір бойына айныған емес. Кейіннен Компартияға мүше болмаса да, ресми мемлекеттік қызмет атқармаса да, ол кісі қоғамдық қызметтен ешқашан қалыс қалған емес. Оған толассыз жазып, жарияланып жатқан көсемсөздері куә. Жарияланбаған еңбектерін тауып­ жарыққа шығару да – осы арнадағы ауқымды шаруаның бірі. Мәселен, Қа­зақстан Ғылым академиясының пре­зи­денті Қ.И.Сәтбаевтың көмекшісі бол­ған Б.Аяпбергенов деген азаматтың есте­лігінде мынадай бір дерек айтылады: 50-жылдары Қ.И.Сәтбаев пен М.Әуезов Мәскеуге іс-сапармен бір­ге барады. Екеуара оңаша әңгімеде Семей­дегі полигон сынақтарының зардаптарын тілге тиек етеді. Сапарда сөз бай­ласқан екі алып мәселені КСРО ҒА Атом институтының директоры И.В.Курчатовтың алдына қояды. Академик Курчатов бұл мәселені Сталин мен Берияның назарына жеткізген сыңайлы. Мұны естіген Л.П.Берия екі қазақтың соңына түседі. Соның салдарынан 1952 жылы Қ.И.Сәтбаев Академия президенті лауазымынан алынады. Әуезов тағдырының қалай болғаны бәрімізге мәлім. Ақыры академик Курчатов кейін өзінің құзы­ры жететін жерге дейін барып, Семейдегі ядролық сынақты жер үстінде ашық жа­сауды тоқтатқан екен. Кейіннен М.Әуезов Жапонияға барған сапарында сол тол­ғаныстарын хатқа да түсіріпті. Ол жө­нінде қазір дипломат Батырхан Құр­мансейіт Жапон мұрағаттарынан жаңа құжаттар тауып жариялап жүр.

Енді бір ескеретін мәселе, біз әдетте «Әуезов – әлемге танылған мәшһүр тұлға» дегенді жиі қайталаймыз да, қаламгер мұра­сының халықаралық дәрежедегі насихатталу шалқарына жете көңіл бө­ле бермейміз. Ақиқатын айтсақ, ұлы жазу­­шының дүниеге танылуы, әлем тілде­ріне аударылып басылуы Кеңес дәуі­рін­де жоғары деңгейде болды. Мәселен, 250 томдық әлем әдебиетінің екі томын иелен­ген жалғыз қазақ жазушысы М.Әуезов. Тек «Абай жолының» өзі ғана әлем­нің 116 тіліне аударылып жарық көрді. Бұл орайда Мұхаңның әйгілі «Америка әсер­лері», «Жапон жазбалары», «Үнді очерк­тері» сияқты еңбектерін де күн­делік­тері­мен қосып басып шығарудың маңызы зор. Қазақстанды әлемдік аренаға алып шығатын Әуезовтен артық тұлғамыз әзірге жоқ екенін есте ұстауымыз керек.

Бұл күндері қазақ халқы мен бүкіл дүние халықтарының рухани мәдениеті­нің аясында Мұхтар Әуезовтің тамаша тұл­ғасы Қазақстанның көк аспанында бұрынғыдан да жарқырап көрінуде. Ұлы жазушының ұлан-ғайыр мұрасы зәулім көркем ғимарат іспетті, оның ішкі әсемдігінің сыр-сипатын білу, тану, рухани азық ету әлі талай жыл мен ғасыр­ға созылады. Әр ұрпақ сол мұраны көз­дің қарашығындай сақтай отырып жан-жақ­ты зерттелуіне, әр алуан қырларын ­аша түсуге атсалысады.

Әуезовтің атын ардақ тұтып келіп отыр­ған рухтас ағайын, шетелдік әріп­тестер, ұлы тұлғаның мерейтойы Әділетті Қазақстанды «Абай жолымен» жарқын болашаққа алып баратын ұлы істердің қозғаушы күші болады деп сенеміз.

Әлем өркениетіндегі Мұхтар Әуезов орнын жаңаша саралау бағытындағы зерттеулерге табыс тілеймін.

 

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры,

ҰҒА корреспондент-мүшесі