Пікір • 28 Қыркүйек, 2022

Судьялар корпусы жаңарса игі

230 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы Жолдауда заңгер ретінде мен үшін Президентіміздің сот жүйесін жетілдіруге қатысты қағидаттары өте маңызды. Мемлекет басшысы құжаттың бесінші бағдарында заң мен тәртіпке қатысты өзекті мәселелерді айта келіп, қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажеттігін сөз етті.

Судьялар корпусы жаңарса игі

«Судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғарғы сот кеңесінің мәртебесін нығайтқан дұрыс», деді Президент. Ал судья болуға үміткерлерді даярлау, біліктілігін көтеру жұмысы Кеңестің құзыретіне беріледі. «Сондай-ақ олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады. Бұл мемлекеттік орган нақты кадрлық функциясы бар, толыққанды институтқа айналуы керек. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктеледі», деп атап көрсетті Қ.Тоқаев Жолдауда.

Біріншіден, бұл Мемлекет басшысының жақын арада судьялар корпусын қайта іріктеу және жаңарту қажеттігі туралы ұсынысына тоқталсақ. Бүгінгі таңда Қазақстанға жаңа кадр­лар мен жаңа тұлғалар қажет.

Сондай-ақ Президенттің еліміздегі барлық судьяның мәртебесін теңестіру туралы айтқаны да дер кезінде жасалған қажет­ті ұсыныс деп санаймын. Бұл сот төре­лі­гі­нің шынайы тәуелсіздігіне қол жеткізуді қам­тамасыз ететін батыл қадам деуге болады.

Қолданыстағы заңнама бойынша барлық судья мантия иелері саналады және Қазақстан Республикасының атынан сот төрелігін жүзеге асырады. Сондықтан Қазақстанның барлық судьясының мәртебесін заңнамалық тұрғыдан теңестіру қажет. Оған әлемнің озық елдерінің сот төрелігі сапасының оң тәжірибесі жарқын дәлел деуге болады.

Осы бағыттың заңды жалғасы ретінде  сот төрағалары лауазымдарының көбін судья лауазымына ауыстыру туралы қисынды қағида туындайды. Сот төрағалары да басқа судьялар сияқты сот төрелігін жүзеге асырады және сот істерін қарайды.

Дәл қазіргі уақытта Президенттің тек судьялардың өздері демократиялық жолмен, конкурстық негізде сот төрағаларын және әртүрлі деңгейдегі сот алқасының төраға­сын сайлауға құқығы бар үрдісті енгізу тура­лы ұсы­нысын жүзеге асыру шынайы қа­жет­­тілік­тен туындап отыр. Бұл, ең алдымен, судья­лардың өздері үшін ыңғайлы екені сөзсіз.

Біздің заң саласының тарихында алғаш рет жоғары сатыдағы судьяларды – Жоғарғы сотты сайлау ұсынылып отыр. Бұл қазіргідей Сенаттың бекітуі емес, нақтылап айтқанда, Президент ұсынған кандидаттардан балама негізде сайлау болып саналады.

Бұдан биліктің «Күшті Президент – ықпал­ды Парламент – есеп беретін Үкімет» тепе-теңдік әрекетін көруге болады. Әрине, судья­лар корпусы жаңартуды, соның ішінде юрис­пруденцияның басқа саласынан жоғары білікті мамандарды тартуды қажет етеді.

Сондықтан Мемлекет басшысының бұл салаға мықты заңгерлерді тарту үшін материалдық жағдай жасау қажеттігі туралы ұсы­нысын уақыт талабы деп санай­мын. Өздеріңіз білетіндей, енді Президент­тің бұл ұсыныстарын жан-жақты меңгеріп, сапалы заң деңгейінде жүзеге асыру қажет.

 

Нәзилә РАЗЗАҚ,

Мәжіліс депутаты