Облыстық көші-қон қызметі басқармасының басшысы, полиция полковнигі Қайрат Дүтпаевтың айтуынша, сырттан келгендердің қайда барып, қайда тұрақтап жатқанын құзырлы органдар қатаң бақылап отыр. Өңірге келіп жатқан Ресей азаматтарының құжаттары да заң талаптарына сай. Бүгінге дейін олардың ешбірі не әкімшілік, не қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
– Ресейден келіп жатқандардың 80-90 пайызы – өкпек жолаушылар. Көбі Қостанайға көп аялдамай, үлкен қалаларға өтіп кетіп жатыр. Сондықтан біз бұл жерден алаңдайтындай үлкен бір мәселе көріп тұрған жоқпыз. Қазірше сырттан келгендердің ешқайсы өңірде уақытша тұруға рұқсат беретін ықтиярхат аламын деп арыз берген жоқ. Бұл құжатты бірнеше күннің ішінде алу мүмкін емес. Ықтиярхат алу үшін сол азаматтың бұрын-соңды сотталмағаны туралы анықтама қажет. Бұл анықтаманың электронды нұсқасы жарамайды. Бізге Ресей Федерациясының гербті мөрі басылған қағаз түріндегі анықтама керек. Мұның сыртында, бейрезиденттің ЖСН-і, медициналық комиссияның қорытындысы, тағы да басқа бірқатар құжат әкеп тапсыруға тиіс, – деді көші-қон басқармасының басшысы.
Облыстық ПД көші-қон қызметі бөлімінің басшысы Гүлжанат Күдебаеваның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің азаматтарын тіркеуге қою міндеті қабылдаушы тарапқа жүктелген. Яғни қонақүй, хостелдердің иелері, сондай-ақ пәтерін жалға беріп отырған жеке азаматтар үш тәуліктің ішінде полицияға eQonaq қосымшасы арқылы немесе жазбаша түрде өз иелігіндегі мекенжайға шетелдік азамат келіп орналасқаны туралы хабар жіберуі міндет. Бұлай болмаған жағдайда, қабылдаушы тарап әкімшілік жауапқа тартылады.
Қостанайдағы халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Шыңғыс Әшірбековтің сөзінше, «Азаматтарға арналған үкіметке» жүгінген шетелдіктердің 99 пайызы ЖСН ресімдетіп жатыр.
– Бір күнде шамамен 300 адамды қабылдаймыз. Жергілікті тұрғындар ұзын-сонар кезекте тұрып қалмау үшін ресейлік азаматтарды Гашек көшесіндегі «Азаматтарға арналған үкімет» орталығында жеке қабылдап жатырмыз, – деді Ш.Әшірбеков.
Қостанай облысы