Сұхбат • 29 Қыркүйек, 2022

Әскерилердің әлеуметтік жағдайы жақсарады

391 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Отан қорғау қызметінде елдің шетінде, желдің өтінде жүрген әскерилердің отбасының жылы ұясы, табан тірер баспанасы болуы – басты мәселе. Парламент қабылдаған әскерилердің тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған заң күшіне енді. Әскерилердің баспана мәселесі қалай шешіледі, заңда қандай өзгерістер бар? Осындай сұрақтар төңірегінде Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, генерал-майор Ерлік Тайжановты әңгімеге тартқан едік.

Әскерилердің әлеуметтік жағдайы жақсарады

– Ерлік Серікбайұлы, нақты қан­дай заңдарға өзгерістер мен түзетулер енгізілді?

– Парламент бекітіп, Президент қол қойған заң арнаулы орган қызмет­кер­лерінің, әскери қызметшінің, оның отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға, әскери қызмет атқаруды реттеуге бағытталған. Нақты айтқанда, «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» және «Арнаулы мемлекеттік орган туралы» заңдарға түзетулер енгізілді.

– Енгізілген өзгертулер мен толық­тырулар әскерилердің әлеуметтік жағ­дайын қай тұрғыда жақсартады?

– 2021 жылдың ақпан айында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң жобасы Мәжіліске келіп түсті. Мен өзім заңгер, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде 40 жылдан астам жұмыс істеген маман ретінде айтарым, заңға енгізілген түзетулердің әскерилер үшін жағымды жаңалығы көп. Біріншіден, әскери қызметші қайтыс болған жағдайда, оның ішінде Қарулы Күштерден шығарылғаннан кейін де тұрғын үйді жекешелендірудегі іске асырылмаған құ­қықты оның отбасы мүшелеріне беру қарас­тырылды. Екіншіден, қызметтік тұр­ғын үйді қалдық құны бойынша немесе өтеусіз жекешелендіру. Мәселен, әскери қызметшінің қызметтік үйді еңбек өтілі 10 жылдан асса – қалдық құны бойынша, ал мүгедек бала тәрбиелеп отырған әскери қызметші еңбек өтілі 10 жылдан көп болса тегін жекешелендіре алады. Үшіншіден, қызметтік үймен екі рет қамтамасыз етуді болдырмау. Бір рет үй алу құқығын пайдаланған әскери қызметші басқа жерге ауысқан кезде оған қызметтік үй беру немесе үйді жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемін беру ұсынылады. Сосын «Әс­кери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» заңға әскери қызметші қызметтен шығарылған күннен бастап оны қайтадан қызметке қабылдаған күнге дейін 3 айдан аспаса, осы уақытта еңбек қатынасы болмаса, оның әскери қызметі үздіксіз деп танылады деген толықтыру енгізілді. Басқа да өзгерістер бар.

– Ерлік Серікбайұлы, осының ал­дында, яғни «Тұрғын үй қатынас­та­ры туралы» Заңға 2017 жылдың жел­тоқ­санында енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың бір жаңалығы тұр­ғын үй төлемдерін үй алуға пайдалануға мүмкіндік берді. Бірақ 2018 жылға дейін қызмет еткен әскери қызметшілер бұл заңды пайдалана алмайды. Көбі үйсіз қалды. Соңғы өзгерістер осы мәселені қарастырды ма?

– Бұрыңғы заңда әскерилерді еңбек өтілі бойынша 3 санатқа бөліп қарастырған болатын. Қазір заң жетілдіріліп, кез келген әскери қызметші мемлекет тарапынан бөлінетін әскери қызметшінің әр отбасы мүшелеріне бөлінетін төлемді пәтер жалдауға, артылғанын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарында жинап, жеңілдетілген несиені алуға, сөйтіп бас­паналы болуға мүмкіндігі бар. Бұрын тек үй жалдауға ғана төле десе, қазір әске­ри­лердің үй ала алуына мүмкіндік бар.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң бойынша 20 жыл әскерде қызмет еткен әскери қызметші тегін пәтер алады. Қа­зір әскерден көбі 20 жылдық еңбек өтілі тол­ғаннан кейін кетеді. 2013-2018 жыл­дар аралығында зейнетке шық­қан­дардың мәселелерін бүгінгі қабыл­дан­ған заңмен шешіп жатырмыз. Айна­лып келгенде бәрі ақшаға тіреледі. 2018 жылы әскери қызметтен запасқа шы­ға­рыл­­ған, жекешелендіруге жатпайтын жа­бық әскери қалашықта тұрған 742 әске­ридің осы уақыт аралығында жартысы, яғни 376-сы қызметтік үй-жайды жеке­шелендіруге жататын еліміздің кез келген қаласындағы тұрғын үйге ауыстырды.

Соңғы өзгерістер бойынша 10-20 жыл аралығындағы еңбек өтілі бар әскери қыз­метші әскери қалашықтағы қызметтік тұр­ғын үйлерді қалдық құны бойынша же­кешелендіру құқығымен, еліміздің түрлі өңірлеріндегі пәтерлерге ауыстыру тетігін пайдаланумен шешіп жатыр. Кейбіреуі маған әскери қалашықтан пәтер керегі жоқ, ақшасын беріңдер дейді. Ал заң бо­йынша рұқсат жоқ. Енді біреуіне қалдық сома бойынша, мәселен Қапшағайдан пәтер ал дейін десең, кейде құжаты дұ­рыс болмай жатады. Есігі, әйнегі жоқ пәтерлер кездеседі. 39 жабық әскери қалашықта пәтерлер бос тұр. Қорғаныс министрлігінен сұрағанда, мұның бәрі тозығы жеткен үйлер дейді. Қызметтік сапарға шыққанда мен өзім де көрдім ол пәтерлерді. Біреуінде құжат жоқ, енді біреуін әскери қызметші алғысы келмейді. «Мен неге Астана, Алматыда тұрмаймын, неге Сарыөзекте тұруым керек» деген де объективті пікірлер бар. Жабық әскери қалашықтағы пәтерлердің көбі ескі, бос тұр. Біз оларды қайда жібереміз?

– Жалпы, бүгінгі күні тұрғын үйге мұқтаж қанша әскери қызметші бар?

– Ресми мәлімет бойынша тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер тізімін­де 47 138 әскери қызметші тұр. Ал Қор­ғаныс министрлігінің тұрғын үй қорын­да 12 444 пәтер мен жатақханаларда 4 562 бөлме бар. Оның 4 293 пәтері мен жатақ­ха­наларындағы 2 375 бөлмесі ашық әскери қалашықтарда орналасса, 5 447 пәтер мен жатақханалардағы 1 512 бөлме жабық әскери қалашықтарда, ал 2 692 пәтер мен жатақханаларда 687 бөлме оқшауланған әскери қалашықтарда орналасқан.

2018 жылы 14 мың адам 330 пәтер алған. Оған 35 млрд қаражат бөлінген. 2019 жылы 520 пәтер берілген. 43 млрд ақша бөлінген. 2020 жылы жалпы со­масы 50 млрд жұмсалған 414 пәтер бе­ріл­ген. Бұл соңғы 3-4 жылдағы көрсеткіш. Бұған жалпы сомасы 129 млрд қаражат жұм­салған. 129 млрд деген аз қаражат емес. 3-4 жылда жалпы 142 мың адамның пәтер мәселесі шешілген. Қорғаныс ми­нистрлігінің де мүмкіншілігі шектеулі. Заңға енгізілген өзгерістер, Қорғаныс ми­нистрлігінің бағдарламалары жұмыс істесе, күн тәртібіндегі тұрғын үй мәселесі бір­тіндеп шешімін табады. Көп нәрсе бас­шылыққа байланысты. Тұрғын үйге мұқтаждардың тізімінде тұрған әске­ри­лердің әрқайсысының жағдайын жіті қадағалап, тексеруге алса, шешуге болады. Бұл жерде комиссия жақсы жұмыс істеуі керек. «Мына әскери қызметшіні мына бағдарламаға кіргізіңдер», «мына бағдарламаға мынау әскери қызметші лайық» деп нақты шешу керек.

– «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген өзгерістерде модульді тұрғын үйлер туралы айтылды, осыған тоқталсаңыз.

– Заңға енгізілген өзгерістердің бірі – модульді тұрғын үй ұғымын енгізу. Қа­рулы Күштер, басқа да әскер мен әскери құрылымдар үшін «модульді тұрғын үй» ұғымы алғаш рет енгізіліп отыр. Бұл жылдам, қажет болған кезде тұрған жерін ауыстыруға болатын тұрғын үй. Ол жабық, оқшауланған әскери қалашықтарда тұрғызылады. Оларды сатып алу қысқа уақытта әскерді тұратын орынмен қамтамасыз етуге, ал геосаяси жағдай өзгерген кезде оларды осы үймен бірге басқа жерге шығынсыз көшіруге мүмкіндік береді. Мәселен, бүгін шекараға 30 әскер келсе, сол келген күні құра салып, ертең бір жылдан кейін басқа жерге құруға болады. Заң қабылданды. 98 мобильді үй кіргізілді, тағы 30-ын кіргізу жоспарланып отыр.

– Заңда тағы бір өзгешелік бар. Ол шекті жасты жоғарылату. Осыған байланысты қандай жағдайлар негізге алынып отыр?

– Әскери қызметке қабылдану кезінде жас шектеуі 30 жастан 32 жасқа дейін, 6 айға ұлғайды. Ал мемлекеттік органның бірінші басшысының шешімі бойынша әскери қызмет мерзімі бес жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

Зейнетке шыққаннан кейін тағы бес жыл созу не үшін керек? Мәселен, әскери қызметші зейнет жасына келді, бірақ ол өз жұмысын жақсы істеп жатыр. Ал артында келе жатқан жас буын оған әлі жеткен жоқ. Бұрын әскери білім беретін жоғары оқу орны оқытушыларының да шекті жасын соза алатын. Содан кейін ұшқыштарға бұл мүмкіндік қарастырылған еді. Өйткені екінің бірі ұшқыш бола бермейді. Ал қазір заңға енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтырулар бойынша бірінші басшы өтініш жазып, зейнетке шығу жасын соза алады. Мәселен, бұрын генерал-ма­йор 60 жасында зейнетке шығатын болса, қазіргі жаңа заң бойынша тағы 5 жылға соза алады.

– Тұщымды жауаптарыңызға рахмет.

 

Меруерт САФАЕВА,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін