Саясат • 19 Қазан, 2022

«Сұр» сертификаттармен күресу шаралары

170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның бастамасымен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі ЕЭК-тің өнімге қойылатын міндетті талаптарын оңтайландыру, оның ішінде белгіленген талаптарға сәйкестігін міндетті бағалау бөлігінде шаралар тізбесін бекітті. Осылайша, ЕАЭО елдерінің периметрінде бұзушылықтармен («сұр» сертификаттармен) берілген сертификаттармен күресу бойынша іс-шаралар жоспары қабылданды.

«Сұр» сертификаттармен күресу шаралары

Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, қабылданған құжат ЕАЭО актілерін пысықтауды көздейді. Бұл бір декларацияға, партияға берілетін бір сынақ хаттамасына жүздеген мың тауар әкелінетін жағдайларды бол­дырмауға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ шаралар тізбесі ЕАЭО-ға мүше елдердің зерттеу хаттамаларымен жедел алмасуы үшін іс-шаралар жоспарын іске асыруды және хаттамалардың бір­ыңғай тізілімін құруды қам­тиды.

«Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақтың басқа елінде берілген сынақ хаттамаларын тексеру үшін осы мемлекетке сұрау салып, оның жауабын екі айға дейін күту қажет. Біз күткен уақытта тауар нарықта сатылып бітеді. Жедел ақпарат алмасу көршілерімізден хаттаманы 1-2 күн бұрын растауға мүмкіндік береді. Сонда біз «сұр» сертификаттарды жылдам анық­тап, ел нарығына ықтимал қауіп­ті тауарлардың енуіне жол бер­мейміз», деп атап өтті С.Жұман­ғарин.

ЕАЭО-ның өнімге қойылатын міндетті талаптарын, оның белгі­ленген талаптарға сәйкестігін оңтайландыру мәселесін Қазақстан биыл Еуразиялық эконо­микалық комиссия Кеңесі­нің наурыз айындағы отырысында көтерген болатын. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы қазақ­стандық өтініш берушілер ЕАЭО елдерінің бірінде 25 мыңға жуық сертификат алды. Қазақ­станда ұқсас өнімдерге сәйкестікті бағалау үшін барлық жағдай жасалған. Осы мәселеге бастамашылық жасағаннан кейін бірнеше ай ішінде ЕЭК алаңында қазақстандық кәсіпкерлердің басқа елдерде «сұр» сертификаттар алу мүмкіндігін шектейтін шара­лар тізбесі дайындалды және осы қазан айында бекітілді.

Сондай-ақ ЕЭК отырысында электр энергетикасы нарығы, тауарларды сәйкестендіру құрал­дарын криптографиялық қорғау, газ, мұнай және мұнай өнімдері­нің ортақ нарықтарын қалыптас­тыру, тауарлармен электрон­ды сауда-саттықты әкімші­лен­дірудің бірыңғай талдама­лық жүйесін әзірлеу және т.б. мә­селелер қаралды. Келесі оты­рысты 2022 жылдың 18 қараша­сында Мәскеуде бетпе-бет жүз­десу форматында өткізу туралы шешім қабылданды.