Саясат • 20 Қазан, 2022

Жаңа экономикалық саясат: Бағыт қалай, бағдар қандай?

919 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Экономиканың өз заңдылығы бар: өсім бірде шарықтайды, бірде құлдырайды, жаһандану заманында есік-терезеңді тас бүркеп, өзіңмен өзің отыру мүмкін емес; әлемдегі алапат өзгерістерді Қазақстан да айналып кете алмайды, теңгенің тәлтірек қағуы, ел ішіндегі инфляцияның қырық құбылуы өрмекшінің торындай мың сан жіпке байланған.

Жаңа экономикалық саясат: Бағыт қалай, бағдар қандай?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

ХХ ғасырдың көрнекті экономисі Джон Мейнард «Общая теория занятости, процента и денег» деген кітабында «Экономикалық және саяси философия саласында 25 немесе 30 жасқа жеткеннен кейін жаңа теория ықпалына түсетін адамдар көп те болмас, сон­дықтан мемлекеттік қызметшілер, сая­си қайраткерлер мен үгітшілердің ағымдық оқиғаларда қолданып жүрген идеялары соншалық тың жаңалық емес. Алайда ерте ме, кеш пе қарақан бастың мүддесінен, ізгілік үшін де, зұлымдық үшін де тап осы идеялар қауіпті болады», – деп жазған болатын.

Қаңтар оқиғасынан кейін ел экономикасы жаңа рельске түспекке талпыныс жасап жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі және сыртқы саясат шеңберінде бірқатар тың қадамға барып, ел экономикасы мен ұлт болашағының дамуы мен өрістеуіне сеп болатын үлкен бастамалар көтеріп, нақты шешімдер қабылдады. «Біздің экономикалық саясатымыздың базалық мақсаты – өзгеріс­сіз қалады, азаматтарымыздың сапалы әрі инклюзивті тұрмысы қамта­масыз етілуі керек», – деді Президент. Сондай-ақ баршаға бірдей мүмкіндік жасау жаңа экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі болуы керекті­гін атап өтті. Мемлекет басшысы эко­номикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың ұлттық жос­парын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдады. Сондай-ақ ұлттық жобалар тізбесін бекітті.

«Жаңа экономикалық бағдардың басым бағыты жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру яғни мемлекеттік капитализм мен мемлекеттің экономи­каға шектен тыс килігуінен кету; бәсе­келестікті дамытып, баршаға бірдей мүмкіндік жасау және әрине, ұлттық табысты әділетті бөлу болмақ». «Соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі мін­деттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбеюде. Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңіл­дің астымен» жүре алмаймыз. Біздегі қар­жылық орнықтылықтың қоры сон­шалықты шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ережесін енгізуді тездеткен жөн», деп арнайы тапсырма берді.

Бізде Ұлттық экономика министрлігі деген құрылым бар. Мемлекеттің эконо­микалық саясатымен осы министр­­лік тікелей айналысады. Қазақстан Үкіметі жаңа экономикалық саясат ұғы­мын қалыптастыруға мүдделі болуға тиіс. Өкінішке қарай, қазір біз идеялар дағдарысын бастан өткеріп жатырмыз. Әлі де бұрынғы сарынмен қаражатты қайтарымы күмәнді үлкен жобаларға салу жалғасып отыр. Ел экономикасы қай жерде, қай деңгейде, бағыт қалай, бағдар қандай? Тиімділік тетігін қалай табамыз? Серпінді дамуға қалай қол жеткіземіз? Осындай сауалдардың жауабы табылмай тұр.

Отыз жылғы экономикалық бағдар сол орнында. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық стагнацияға ұрынуы соның салдары. Шаруашылық жүйе­сі әртараптандарылмаған, негізінен табиғи ресурстарды экспорттаумен ғана келеміз. Барлық күш ішкі жалпы өнім­нің өсуіне ғана бағыт алып отыр. Халық­тың тұрмысы нашарлап, мүліктік сәйкессіздік өсіп келеді.

Қазіргі геосаяси жағдай күніге мың құбылып тұр. Осыған байланыс­ты Мем­лекет басшысы экспорттық дәліз­деріміз мен сауда бағыттарын өзгерту керек деген ұсыныс айтты. Ниет дұрыс. Бірақ мұны кім жасайды? Ақыры «а» дедік пе, онда «б» туралы да айтылуы керек. Қазақстан бюджетіне экспорт пен импорттан түсетін қаржыны қалпына келтіру туралы нақты шаралар қажет. Қазір кеден төлемдерінің 86 пайызы, тіпті тікелей Қазақстан территориясына импортталатын өнімдерден түскен ақша да Ресейге кетеді. Бұл Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді және Кеден одағының жарғы­сы мен ережелеріне қайшы келеді. Осы ретте жаңа көлік дәліздеріне қай министрлік жауап беретіні де айқын емес. Экономиканы әртараптандыру жөнін­де талай рет айтылды. Мемлекет­тің экспорттық тауарларды тасымалдау бағасын азайту және шетелге шығарылатын өнімнің қосымша құнын арттыру деген өзекті мәселелер қалай реттеледі? Жаңа өндіріс орындарын ашып, импортқа тәуелділіктен құтылудың жолдары қандай?

Мәселе түсінікті болу үшін несие саясатын алып қарайық. Қазақстанда тұтынушылық несие көлемі 10 трил­лион теңгеден асып отыр. Инвестициялық несие 6 триллион теңге көлемінде. Айырмашылық көзге ұрып тұрған жоқ па? Несие портфелінің басым бөлігі өндірісті қаржыландыруға жұмсалуға тиіс емес пе? Президент айтып отырған жаңа экономикалық саясаттың негізгі арқауы осы ғой.

«Я не настолько глуп, чтобы поверить, что рынок сам по себе решит все социальные проблемы. Неравенство, безработица, загрязнение окружающей среды непреодолимы без активного участия государства».

Осы сөзді айтқан Джозеф Стиглиц деген данышпан бар. Нобель сыйлығының лауреаты. Осы кісі аустирялық «Der Standard[en]» газетіне берген сұхбатында Ресейде жүргізілген жекешелендіру саясатын сынға алады. «Саяси күн тәртібіне 90-жылдары заңсыз жүргізілген жеке­шелендіруге қатысты мәселені шығару керек, Ресей жұртшылығының тұрмы­сындағы өзгерістердің түбінде осы мәселе жатыр. Бұл тек әділеттілік мәселе­сі емес, сонымен қатар бұл болашақтағы экономикалық ақыл-ой мәселесі. Егер мұны қарамасақ, экономикалық олигархия саяси олигархияға айналуы мүмкін».

Тоқсаныншы жылдары Қазақстанда да тап Ресейдегідей жекешелендіру ісі жүргізілді. Нәтиже бірдей. Стиглиц айтып отырған экономикалық олигархия бізде де саяси олигархияға айналған жоқ па?

Экономика саласына жауапты мамандар қазір неолибералдық даму үлгісін мысал етеді. Неолибералдық идеоло­гия деген не? Нарық – қоғамның таби­ғи қалпы дейді осы идеяны жақтаушы­лар. Нарық әлеуметтік және экономи­калық институттардың еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін орта. Нарық туғызған проблемалар мен қордаланған мәселелерді бірінші кезекте нарықтың өзі шешуге тиіс.

80-жылдардан бастап әлемнің көптеген елдерінде, тіпті өздерін демократиялық елміз деп санайтын мемлекеттердің өзінде әлеуметке бағдарланған саясат азаматтардың бай-бағлан бөлігінің мүддесін күйттеуге көшірілгені белгілі. Транзитті экономикасы бар елдерде бұл ашық түрде клептократиялық режімді қалып­тастыруға алып келді. Мұны біз қазір коррупциялық проблема деп жүрміз.

Халықаралық валюта қоры, Дүние­жүзілік сауда ұйымы, Әлемдік банк және басқа да экономикалық инсти­туттарға неолибералдық доктринаны жақтаушылар келгеннен кейін Латын Америкасы, Африка және постсо­циа­листік блок елдерінде жағдай күрделене түсті. Бұл ұйымдар қырық жылдан бері еркін сауда, бәсекелестік, қалқымалы айырбас курсы дегенді қолдап-қуаттап келеді. Трансұлттық корпорация түрін­дегі халықаралық капитал мүддесін осылай қорғап отыр.

Неолибералдар «дағдарыс келе жатыр» деген желеумен АҚШ, Швеция мемлекеттерінде 1980 жылдары өз дегендерін жасады. Жасанды дағдарыс арқылы Оңтүстік Корея, Аргентина мемлекеттерінде тоқсаныншы жылдары бұл елдердің экономикасын радикалды түрде реструкция жасады. Қазақстан да осындай жағдайға тап болды. Ресей, Қырғызстан, Грузия, Украина және басқа бірқатар елде «естен тандыру терапиясы» жүргізілді. Осының салдарынан компрадор табы пайда болды, мемлекеттің, нарықтың рөлі көмескі тартты, азаматтар арасында мүліктік теңсіздік қалыптасты. Мейнстримдік экономикалық ғылым табыс пен байлықты бөлісу арасындағы теңсіздікті басты мәселе деп есептемейді. Керісінше, бұл олардың пайымдауынша бәсекелестікке, инновацияға, өндіріс өсіміне әсер ететін нәрсе деп есептеледі.

Естеріңізде болса, біз 2000-жылдары «Азия барысы» атанамыз деп алты құрлыққа жар салдық. Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Тайвань елдерінің экономикалық секірісіне тәнті болдық. Бұл елдер өз алдарына бірінші кезекте нарық пен бәсекелестікті дамыту деген мақсат қоймағанын ескермедік. Осы мемлекеттің бәрі мемлекеттің белсене араласуының арқасында интенсивті өнеркәсіп саясатын жүргізгенін қаперден шығарып алдық.

Бүгінде бірдеңе болса «бізге инвес­тиция керек» дегенді айтамыз. Милтон Фридман бастаған монетаризм теориясын жақтаушылар «инвестиция болмаса – даму да болмайды» деген тұжырымды алға тартады. Ал Финляндия, Аустрия, Швеция, Дания мемлекеттері өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін шетел капиталының ағылуына тыйым салғанын білеміз бе? «Экономикалық ұлтшылдық» саясатын жүргізген елдер бұл күнде дәулеті тасып, сәулеті асып, салтанат құрып отыр.

Қазақстанның өнеркәсібі мен агро­өнеркәсіп саласы күшті болды. Со­ның бәрі «шетел капиталын тарту» деген ұран жетегінде көзден бұл-бұл ұшты. Экономиканың шикізат секторына барынша басымдық беру осындай жағдайға жеткізді. Бір кезде Қазақстанда «кластерді дамытамыз» дедік. Кластер болмаған сала жоқ. Одан кейін «индустриялық-инновациялық саясат» дедік. Бюджеттен екеуіне де қыруар қаражат бөлінді. Нәтиже қайда? Қайтарымы не болды? Сұраған бір адам жоқ. Кеткен қаражаттың есебін берген бір адам жоқ. Жауапкершілік жүгін арқалаған Үкіметтің бір мүшесін көрдіңіз бе?

Президент экономикадағы осындай теңгерімсіз ахуалдың түп-төркінін терең түсініп, Үкімет алдына жаңа экономикалық саясат жасау міндетін кейінгі екі Жолдауында ашық қойды. Тіпті «Әділетті Қазақстан» қағидатының өзегі жіберілген олқылықтарды жедел түзету, экономиканы қайта жаңғырту мәселесінде жатқанын аңдамау мүмкін емес.

Бір кездегі Вашингтон консенсусы қаржы капиталы мен трансұлттық корпорациялар үшін әлі де пайдалы. Жоғарыда біз мысал келтірген Джозеф Стиглиц пен тағы бір Нобель сыйлығының лауреаты Пол Кругман өз еңбектерінде бұл туралы шырылдап айтып келеді.

Пол Кругман экономика профессоры, публицист. АҚШ-тағы өте ықпалды ғалымдардың бірі. 2008 жылы халықаралық экономика саласындағы еңбегі үшін Нобель сыйлығын алған. Ол экономикалық география, салық салу, табыстарды бөлу, макроэкономика саласында көптеген зерттеу жасаған. Әйгілі Джон М.Кейнстің «ескі кейнс тәсілі» деген қағидасын қабылдап, «Вы­ход из кризиса есть!» деген кітап жазған.

Осы Кругман жаңа сауда теориясын жасаған кісі. Ол Еуроодақ проблемаларын жіті зерттейді. Еуропа үшін ортақ валюта енгізу мәселесін катастрофалық шешім деп есептейді. Еуро енгізілгенде Еуропа елдері бөріктерін аспанға атып қуанған болатын. Алайда негізгі қаржы ағыны Испания мен Грекияның тұралаған экономикасын көтеруге жұмсалды. Исландия секілді елдер өз валютасын сақтап қалды. Соның арқа­сында Исландия бәсекелестікке төтеп берді. Еуроаймақтың көптеген елдері ұзақмерзімді депрессияға түсті. Жұ­мыс­сыздық белең алды, бағаны ұс­тап тұруға көп күш жұмсалды. Қатаң эконо­микалық шаралар онсыз да тұра­лаған экономиканың жүгін одан сайын ауырлатып жіберді. Испания тәлтірек­теп көшке ілескен болды, Грекия сол күйі тұралап жатыр, ал Италия – Еуроодақтағы ең үлкен экономикасы бар ел, жан басына шаққандағы табыс жөнінен 2000 жылдардағы деңгейде қалды.

Еуропаның өзге бөлігіндегі жағдай қалай болатынын ешкім де тап басып айта алмайды. Мажарстан бір партиялық автократия жүйесіне көшті. Польша да осы ыңғайда кетіп барады.

Кругман әлемдік экономика мәселе­лерін жілікше шағатын мықты маман. Оның пікірінше, жаһандану үдерісінің кемшін жақтарына қарамастан әлемдік сауда тосын іркілістерге тап болмай қалмайды.

«Неге әлемдік сауда зардап шегеді? Путиннің жүргізген қолайсыз арнайы операциясы украин бидайын экс­порт­таудың нүктесін қоюға бағыт­тал­ғаны анық. Бұл Ресейдің сауда көлемін қысқартатыны белгілі. Ресей мұнайы мен газын экспорттау қаншалық қысқар­ғаны түсініксіз. Еуропа импорт өнімдер­ге санкция салуға құлықсыз. Алайда Еуроодақ мұндай тәуелділіктен құтылу үшін қажетті шараларды қабылдамай отыра алмайды», деп жазады ол.

Пол Кругман Ресейдің халықаралық «изгой» болуынан қорықпайды, ол Қытай­дың өзімен өзі қалуынан секем алады. Егер Қытай Батыспен кон­ф­рон­­тацияға барып, экономикалық, тіпті әскери қайшылықтарға ұрынса, мұның соңы болжап болмас зардаптарға ұрындыруы мүмкін деп есептейді.

«Егер біз жаһанданудан ішінара бас тартсақ қалай болар еді? Бай және алға кеткен экономикасы бар елдер біршама кедейленеді. Британия әлемдік сауданың төмендеуіне қарамастан өсімді сақтап отыр. Бірақ мені соңғы онжыл­дықта әлемдік нарықсыз-ақ табыс­қа жеткен елдердің тағдыры қатты ойландырады. Мәселен, Бангладеш – тігін бұйымдарының экспорты арқылы экономикалық табысқа жеткен ел. Өкінішке қарай, бізге Бірінші жаһандық соғыстан қайта сабақ алуға тура келеді. Жаһанданудың артықшылығы әскери қақтығыс қаупі туған жағдайда қауіпті жағдайға тап болады. Әлем бай болуы үшін, біз оның қауіпсіздігін ойлауымыз керек», деп жазады Кругман.

Сондықтан Қазақстан үшін де қауіп­сіздік бірінші орында тұруы керек. Қаңтар трагедиясы көп нәрсенің бетін ашып берді. Елдің зиялы және сая­си элитасы мемлекеттің әрі қарайғы дамуы үшін ақыл-ой, тың идея, нақты ұсыныстарға жүгінуге тиіс. Бұрынғы экономикалық бағыт-бағдар түбегейлі өзгеруге тиіс. Экономиканың офшорлануы, азаматтардың несие қамытын киюі, табыс пен тұрмыстағы теңгерімсіз ахуал сол қалпымен жалғаса берсе, біздің елдің келешегі күмәнді, тұр­мысы тұманды болмақ. Мәселені төтесінен қоятын болсақ, мемлекеттің әлеу­меттік-экономикалық саясатын толық жаң­ғырту қажет. Олай жасалмаса, екінші қаңтардың құлағы қылтиып шыға келетінін естен шығармаған абзал.

 

Нұртөре ЖҮСІП,

сенатор