Қоғам • 21 Қазан, 2022

Дала академигінің даңғайыр табысы

250 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шиелінің өткеніне көз жү­гіртсек, ауданның атын тек Сыр бойына ғана емес, рес­публикаға танымал етіп, елдің еңсесін көтеріп, жұрт­шы­лықтың мерейін та­сы­та­тын­дай жетістіктер аз бол­­­ған жоқ. Солардың бірі әрі біре­гейі 1947 жылғы «Қызыл­ту» кол­хозының Қойшыбай Оразым­бетов басқаратын бри­­­гадасында кү­рішші Ыбы­рай Жақаев бес гек­­тар кү­ріш­­тің әр гектарынан 171 цент­нер­ден өнім алып, дү­ние­жүзі­лік рекорд жасағаны еді.

Дала академигінің даңғайыр табысы

Бұл теңдессіз көрсеткіш тек қа­зақ­­стандықтарды ғана емес, егін­шілікпен, әсіресе күріш егумен айналысатын дүние жүзі елдерінің диқандарын таң қалдырды. Ол кезде өндіріс ошақтары жоқ, ауыл шаруа­шылығымен ғана айналысатын Сыр өңірінің аты да бірден республика­ға танымал болды. Бұл өңір тарихын Сырдария өзенімен тағдырлас қылған Сыр диқандарының қажыр­лы еңбегінің керемет жемісі еді. Сол кездегі әрбір ұжымшар мүшесінің еңбегі, бүгінгі өлшеммен алғанда, ерлікпен пара-пар болатын.

«Еңбек – әлемнің әміршісі» болса, Ыбырай бастаған Сыр диқандары сол еңбектің қожасындай-тын. Белгілі жазушы Ақселеу Сейдімбектің «Ыбы­­рай Жақаев кетпенмен еңбек ту­ра­лы симфония жазды» деуі де бе­кер емес.

Қазақтың зиялы қауымының «Сары­арқада ән патшасы – ұлы Абай, Сыр бойында дән патшасы – Ыбырай» деуі де Ы.Жақаевтың күш-қайратына, асқан диқангершілік шеберлігіне берілген әділ баға еді. Жасымда көнекөз қариялардан ­Ыбе­кеңнің күрішпен сөйлесіп тұр­ғанын байқадым дегенін естіген бо­латынмын. Бұл ол кісінің бойында бір тылсым дүниенің бар екенін аңғартса керек.

Ыбырай Жақаевтың осы рекордынан кейін Қызылорда облысы­ның аудандарында жұрттың күріш өсіруге деген ықыласы ерекше артты. Үлкен кісілермен қатар жастар, әйелдер де күрішші болуға бел буып, бетбұрыс жасады. Тек 1948 жылдың өзінде-ақ облыс аудандарында күріш егуге ниет білдіргендердің саны 1947 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көбейді. Барлық ауданда ежелден кетпен тимеген жерлер жиде, шеңгел, жыңғылдардан тазартылып, күріш егетін танаптарға айналдырылды, егістіктерге су баратын арық­тар қазылды. Мамандар тарапынан жер-жерлерде Ыбырай Жақаевтың күріштен мол өнім алуының қыр-сыры жөнінде оқулар, тәжірбие алмасу семинарлары өткізілді. Осы іс-шаралардың барлығы Сыр бойын­да күріш егуге деген бұрын-соңды болмаған бетбұрысты кезеңнің бас­тауына айналды. Сыр елі халқының жандүниесінде туған жердің төсінде кетпен шауып-ақ, өз бақытыңды табуға болады деген сенім ұялады.

Содан бері 75 жыл өтсе де, сол сенім артпаса, бір мысқал да ке­мі­ген емес. Жылдан жылға күріш­тен мол өнім алушылардың қа­та­ры көбейе берді. Шиелі ауда­ны шаруашылықтарында Ыбы­рай Жақаевтың ізбасарлары Ұл­дар Дәуішованың, Патан Аймано­ва­ның, Мәлике Басанованың, Шы­рын­күл Қазанбаеваның, Сар­тай Маханбетованың, Ертіш Дүйсе­ков­тің, Заһира Ержанованың, Ұлбала Алтайбаеваның аттары дү­йім елге мәлім бола бастады. Еңбек эстафетасын күріш егетін бас­қа аудан диқандары да алып, егіл­ген кү­ріштің әр гектарының үнемі жо­ғары өнімділігіне қол жет­кізді. Кү­рішшілердің алдыңғы қата­рында сырдариялық Қасым Бөдеев­тің, жалағаштықтар Тұрсынбек Елеу­сіновтің, Айнаш Балғабаева мен Ұлмекен Төлегенованың, те­рең­өзектіктер Абат Сүлейменов пен Райкүл Жалғасбаеваның, қармақ­шы­лықтар Бибігүл Әбішова мен Сәлима Жұмабекованың, қазалылық Ажаркүл Алдамжарованың аттары да облысқа танылды. Сол кісілердің Сырдың суы мен маңдай терін қо­сып суарған күрішінің өнімі тек мол болып қана қойған жоқ, дәмі де таңдайыңнан кетпейтіндей тәтті көрінді.

Ақын Қанапия Дәрібаевтың:

«Мейлі оны таныстырма,

таныстыр,

Нан егесін құрметтейтін

халық бұл.

Бір Жақаев жұлдыз болып

жүздеген

Қазақстан аспанында

жанып тұр»,

деуі де Ыбырай Жақаевтың рекор­­дынан кейінгі Сыр елінде көп­теген атақты күрішшілердің шыға бас­тағанын білдіреді. Сыр диқан­дарының еңбектері елеусіз қалмады. Қызылорда облысы бойынша 100-ге тарта еңбек адамы Социалистік Еңбек Ері атағын алса, соның 38-і Шиелі ауданынан шықты.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі Сыр диқандарының қажырлы еңбегі республика жұртшылығына жан-жақты насихаттала бастады. Белгілі ақын Асқар Тоқмағамбетовтің «Сыр бойында күріш деген дақыл бар, соны жырлап, соны айтыңдар, ақын­дар» деген қанатты сөзі де көптеген ақын-жазушының осы тақырыпқа қалам тартуына себеп болды. Қазақ­тың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқанов Ыбырай Жақаевтың дала қосында 3-4 ай жатып, диқандар­дың жанкешті еңбегін көзімен көріп, «Сырдария» романын жазса, 1980 жылы «Известия» газетінің тілшісі Леонид Топарков Шиеліге арнайы келіп, Ыбекеңмен сұхбаттасып, «Ыбы­райдың жұлдызы» деген кітап шығарды.

 Жазушы Мұхамеджан Қаратаев: «Біз ғылымда Қаныш Сәтбаев, әдебиетте Мұхтар Әуезов, өнерде Күләшіміз бар десек, еңбекте Ыбы­райымыз бар дейміз. Ыбекең – бүкіл қазақтың мақтанышы. Ыбекең қара күштің ғана емес, қаһармандық рух­тың, рухани күштің академигі дер едім. Ол Отанды қалай сүюді, қалай патриот болуды үйретті», деп жазды.

Ыбырай Жақаев 1971 жылы екінші «Алтын Жұлдызын» алғанда, қазақтың ақиық ақыны Олжас Сү­лейменов «Қазақ халқының мақ­танышы, сүйікті атамыз, ақ күріштің сим­фониясы Ыбырай Жақаев – кол­хоз тарихындағы ұлы есім. Бұл есім­ді ұрпақтан ұрпаққа таратуға мін­деттіміз», деген еді.

Ыбекеңнің ерекшелігі, сол дәуір­лерден қанында келе жатқан қасиетті бойына жинай отырып, диқанның ХХ ғасырдағы тұлғасын сомдады. Ол – диқаншылықтың киесі, пірі. Бүгінгіні болашаққа жалғайтын Алаштың еңбектегі айбыны, ұстазы. Жылдар өткен сайын Ыбекең есімі елді, жерді сүюдің дара тұлғасы болып қала бермек.

Қазақ зиялыларының Ыбекең туралы тебіреніспен айтқан жүрек­жарды сөздері – бүкіл еңбек адамына берілген баға. Өйткені Ыбырай мен еңбек егіз ұғым. Бүгінде Сыр елінің диқандары күріш егудің агротехникасын жылдан жылға жетілдіре отырып, мол өнім алуды Ыбекең салған сара жолмен жалғастырып келеді. Мол өнім қай кезде де Отан байлығы, ел ырысы.

Ел ырысын еселеген жандардың есімдері әркез құрметке лайық.

 

Сұлтанбек ОРАЗЫМБЕТОВ,

Шиелі ауданының

Құрметті азаматы

 

Қызылорда облысы