Өнер • 30 Қазан, 2022

Күләштің әуелеген әні

434 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрында «қазақтың бұлбұлы» атанған опера сахнасының аңызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Күләш Байсейітованың 110 жылдығына орай «Қазақстан вокалистер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Күләштің әні» вокалдық музыка кеші өтті. Тұлға есімін ұлықтауға арналған тағылымды концертте, сондай-ақ ұлы әншінің шығармашылығын насихаттап жүрген орындаушыларды салтанатты марапаттау рәсімі болды.

Күләштің әуелеген әні

Мазмұнды музыка кешінде театр солистері, Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары және облыстық филармониялардың шақырылған әртістері, атап айтсақ, Қа­зақстанның еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкімбаева (Көкшетау), Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, мәдениет қызметкері Нұрияш Оспанова (Атырау), маэстро Марат Әйтімов (Ақтөбе) бастаған талантты музыка майталмандары өнер көрсетті. Көрермен назарына дарынды әртістердің орындауында Күләш Байсейітованың репертуарынан әсем де әуезді әндер ұсынылды.

Концерт ажарын ашқан сондай бірегей орындаудың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова әуелеткен әнші репертуарындағы әсем ән­дер келген көрерменнің құлақ құры­шын қандырды.

– Мен үшін бұл концерттің маңызы өте зор, оған асқан жауапкершілікпен дайындалдым. Шығармашылық жолымда Күләш Байсейітованың репер­туарындағы «Қыз Жібек» операсындағы әйгілі партиясынан бастап барлық ән­дерді айтып шықтым. Сондай-ақ аңыз­ға айналған әнші бірнеше мәрте шырқаған поляктың халық әнін Поль­шада таныстырдым. Бұл музы­ка­лық шығармалардың барлығы маған өте қымбат, себебі жаныма ыстық естеліктер солармен байланысты. Ал әншінің талантты ғұмыры біз үшін қашанда ғұ­мырлық тағылым, деп тебірене тол­ғанды әнші.

Еске сала кетсек, қазақтың бұл­бұ­лына арналған керемет кештің негізгі ұйымдастырушысы – «Қазақстан вокалистер одағының» құрылғанына биыл 5 жыл толады. Оның төрағасы – «Астана Опера» опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтің бастамасымен одақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі орындаушылардың басын біріктіріп, вокал өнерін насихаттауға қомақты үлес қосып келеді.

– «Вокалистер одағы» республикалық ұйым болғанымен, оның географиясы уақыт өте келе кеңейіп, халықаралық бірлестік деңгейіне көтерілді деуге болады. Қазіргі таңда оған 100-ден астам адам мүше. Олардың барлығы кәсіби білікті вокалистер. Мен де осы бірлестіктің құрамындамын, онда аға буын мен жас музыканттар да жемісті еңбек етуде. Жас буын бізбен кеңесіп, осылайша тәжірибе алмасамыз. Бірнеше рет «Вокалистер одағының» концертін өткіздік. Осы ретте бірлестік төрағасы Азамат Жылтыркөзовтің елеулі ең­бегін атап өткім келеді. 2020 жылдан бастап «Вокалистер одағы» айтулы даталарға орай дарынды әншілерді Күләш Байсейітова атындағы медальмен марапаттауды қолға алды. Мұндағы негізгі мақсат қазақ операсының негізін қалаған Күләш Байсейітованың есімін дәріптеу болып табылады. Өзін әншілік жолда сынап жүрген өнерпаздар үшін бұл шынымен де жоғары марапат, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, пианист Раушан Бескембирова.

Бұған дейін «Вокалистер одағы» Бибігүл Төлегенова, Хорлан Қали­ламбекова, Қанат Омарбаев, Шахи­мардан Әбілов, Барсег Туманян, Ева Мартон секілді атақты қазақстандық және шетелдік опера әншілерін осы медальмен марапаттаған болатын. Олардың барлығы да аталған бірлестіктің мәртебелі мүшесі. Сондай-ақ Үлкен театр солисі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Павел Черных пен басқа да танымал шетелдік әртістер одақ мүшелері атанғанын айта кеткеніміз жөн.

Ал қазақ операсының аңызы, бұлбұл әнші Күләш Байсейітоваға арналған бүгінгі кеш шын мәнінде тұлғаның өнердегі тағылымды жолын дәріптеуге арналған тамаша шығармашылық шарықтау болғаны сөзсіз. Әнші ізін жалғар қазақтың талантты ұл-қыздары мен талғампаз тыңдарманы барда Күләш Байсейітова есімі әсте өшпейді. Ғасырды ғасырға жалғап Бұлбұл әуезі мәңгі шырқала бермек. Көрермен көңілін серпілткен «Күләштің әні» жобасы соның айқын дәлелі.