Саясат • 02 Қараша, 2022

Германия іскерлерімен келіссөз

79 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ГФР Сыртқы істер министрі Анналена Бербоктың жұмыс сапары аясында Қазақстанға келген Германияның экономикалық делегациясымен келіссөз жүргізді.

Германия іскерлерімен келіссөз

ГФР СІМ Экономикалық мәсе­лелер және тұрақты даму депар­таментінің басшысы Оливер Рентшлер бастаған делегация құрамына бірқатар неміс компаниясының, оның ішінде Svevind Group, Knauf, Lufthansa, Goldbeck Solar және т.б. өкілдері кірді.

Кездесу барысында Қазақ­стан-Германия сауда-эконо­ми­калық және инвестициялық ынты­мақтастығын тереңдету, «жа­сыл» экономиканы дамыту, бір­лескен жобаларды іске асыру мәсе­лелері талқыланды.

Өз сөзінде Р.Скляр Германия­ның Қазақстанның Еуропалық одақтағы ең маңызды серіктесі болып табылатынын атап өтті және еліміздің энергетика, өнеркәсіп, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және т.б. сала­лардағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екендігін мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстан жалпы құны 1 млрд доллар болатын 100-ге жуық өңделген тауар түрін жеткізе алады.

Өз кезегінде экономикалық делегация басшысы Оливер Рентшлер екі елдің мемлекеттік ор­гандары мен бизнес құры­лым­дары арасындағы өзара іс-қи­мыл деңгейін жоғары бағалады, сон­­дай-ақ Қазақстан Үкіметі­нің неміс компанияларымен ынты­мақ­тастық жөніндегі арнайы жұ­мыс тобының тиімділігін атап өтті.

Жалпы, неміс делегациясының өкілдері энергетика және көлік салаларында ынтымақтастықты ны­ғайтуға, жаңа кен орындарын игеруге дайын екендіктерін білдірді.

Келіссөз соңында «сұрақ-жауап» сессиясы өтті, онда екіжақ­ты өзара іс-қимылдың практи­калық мәселелері талқылан­ды. Бұдан басқа, келіссөз қоры­тын­дысы бойынша болашақта осындай кездесулерді ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.