Таным • 02 Қараша, 2022

Көсемсөз сардары

324 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

1911 жылы қаңтар айында Троицк қаласында қазақ тарихындағы алғашқы журнал «Айқап» жарыққа шықты, сол жылдың 16 наурызында «Қазақстан» газетінің алғашқы саны жарияланды. Ол орыс және қазақ тілдерінде басылды. 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап Орынборда «Қазақ» газеті шыға бастады. Ташкент қаласында Ақпан төңкерісі қарсаңында «Алаш» газеті жарық көре бастады. Бұл басылымдардың барлығының идеялық бағыты әртүрлі болды, бұл оларды шығарушылардың көзқарастарына байланысты еді.

Көсемсөз сардары

«Айқап» журналының шығу тарихы әріден басталады. 1910 жылы патша үкіметі М.Серәлиннің журнал шығару туралы өтінішіне қол қойды және журналды шығаруға рұқсат берді. Онда: «Киргизу Кустанайского уезда Чубарской волости №5 М.Сералину выдано разрешение на издание в г.Троицке под его ответственность ежемесячного журнала «Эй-Кафь» по следующей программе: передовые статьи, заграничные вести, вопросы мусульманской жизни, хроника, фельетоны и стихотворения, библиография и научные статьи, смесь и письма в редакцию», деп жазды.

Қостанайлық журналист С.Ужгин М.Серәлиннің қоғамдық-саяси өмір­баяны туралы баяндай келіп, ең басында демократиялық бағыттағы орыс және қазақ тілдерінде жарық көретін басылым шығару ойда болғанын айтады. М. Серәлин оның қазақ бөліміне, ал журналист Ильминский орыс бөліміне редакторлық етуі ұйғарылады. Ильминский қазақ байлары С.Иманшалов, К.Алдияров және Қылышбаевпен газетке материалдық қол­дау жасау жөнінде келіссөз жүргізе бас­тайды, мұны естіген М.Серәлин атал­­ған бай­лар қаржыландыратын басылымда жұмыс істемейтінін, оның үстіне олар­дың тап­сырыстарын орындамайты­нын айтқан. Сөйтіп, алғашқыда екі тіл­де жа­рық көруге тиісті газет шығару жос­пары аяқ­сыз қалады. М.Серәлин бол­са «Айқап» жур­налын шығаруға қам жасады.

Журналдың жарық көруі үлкен сер­піліс туғызады. Өйткені қазақ қоғамында бұрын-соңды мұндай идея жүзеге аспаған еді. «Оренбургский край» газетінде осыған орай «Мұсылман баспасөзі» деген мақала жарық көріп, онда «…Киргизский двухнедельный общественно-политический журнал «Айкап» представляет в высшей степени самобытное по характеру и по типу издание. Редактором названного журнала является коренной степ­няк – киргиз М.Сералин… Пять дней в неделю он проводит у себя за работой в ауле, а на шестой приезжает в город для редакционной работы. Зная его за человека мелкого достатка, просто удивляешься, как это можно осуществить солидный (до 4/5 листов) двухнедельник, имеющий небольшой тираж в 900-1200 экземпляров. Но это секрет не только для тех, кто не постиг тайны того духовного родства, которое установилось среди киргизской интеллигенции, журналом и киргизской массы…», деп жазды.

гшр

«Айқап» патша үкіметінің бақылау­шы органдарының назарында болды, сон­дықтан да цензорлар империяның бір ше­тіндегі мекенде шығып жатқан бас­па­сөз органдарынан ұлыдержавалық «пат­риотизмді» және патшаның ішкі және сыртқы саясатын толық қолдауды талап етті. Жандарм цензоры полковник Кучин осы орайда айрықша белсенді болды, «Айқапты» бақылап отыру да соған тапсырылған болатын. С.Ужгиннің айтуына қарағанда, ол жер бөлушілердің (землемер) шектен шыққан әрекеттері туралы сын материалдарды қырқып тас­тап отырған.

Ахмет Байтұрсынұлы секілді ұлт зия­лы­ларының алғашқы мақалалары прог­рессивті бағытта шыға бастаған «Айқап» журналында жарық көру мүмкіндігіне ие болды. Оған М.Серәлиннің игі әсері болғаны даусыз.

1915 жылдың екінші жартысы­нан бас­тап «Айқап» шығуын тоқтатты. Журнал­дың жабылу себебін Х.Бекхожин оның бетінде большевик Ф.Ф.Сыромолотовтың Бірінші дүниежүзілік соғысты кінәлаған мақаласы себеп болды деп түсіндіреді. Бұл үкімет тарапынан ашу-ыза туғызса, М.Сералиннің өзі де Сібірге айдалып кете жаздап, аман қалған.

Мұхамеджан Серәлин журналдың редакторы ғана емес, оның алғашқы ұйым­дастырушысы, дем берушісі, идея­лық жетекшісі болды. Қазақ журналис­тикасының негізін салушылардың бірі Мұхамеджан Серәлин (1872-1929) «Айқап» журналының редакторы, қазақ­тың алғашқы журналистерінің бірі. Бұрынғы Қостанай уезі Шұбар болысына қарасты 5-ші ауылда (қазіргі Қарабалық ауданының Өрнек ауылы) туған. Әкесі Серәлі елге әйгілі ақын болған. Оның жырлары «Бес ғасыр жырлайды» антологиясында жарық көрді.

М.Серәлин Троицк қаласындағы мед­реседе білім алады. Кейін Қостанай­дағы екі кластық орыс-қазақ мектебінде оқиды. Әуелі татар көпесі М.Яушевта сұрыптаушы (сорттаушы) болып жұмыс істейді. 1911 жылдан бастап Троицкіде «Айқап» журналын шығара бастады. 1919 жылдан Орынборда «Ұшқын» газе­тінде қызмет істейді. 1921 жылы Қоста­найға қайтып оралып, Шұбар болыс­тық атқару комитетінің төрағасы болады. 1922 жылы губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Одан кейін бірнеше жыл «Ауыл» газетіне редактор болды. Журналист қана емес, ақындығымен де танылған М.Серәлин «Топжарған» және «Гүлқашима» поэмаларын жариялады. Журналда және газетте отырықшылық мәселесіне ерекше назар аударып, мақа­лалар жазды.

Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге баға жетпес үлес қосқан көрнекті ға­лым Бей­сенбай Кенжебаев күні кеше­гі сола­қай саясаттың тұсында да көп ғалымдар есімдерін атауға да жүрек­сінген әдебиетшілер туралы қалам тербе­генін білеміз. Әсіресе жиырмасын­шы ғасырдың басында қазақ даласындағы оқу-ағарту жұмысында ерекше көзге түскен демократ жазушылар зерттеуші­нің зерттеу объектісіне айналды. Қазақ тілінде кітап бастыру ісі де осы мезгілде ерекше дамыған болатын.

 Ғалым қазақ басылымдары арасында «Айқап» журналына айрықша тоқта­лып, Мұхамеджан Серәлин, Спандияр Көбеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев секілді ақын-жазушы­лар осы журнал арқылы жазушы болып қалыптасты деген пікір айтады. Ғалым «Қазақ әдебиеті тарихының мәселеле­рі» деп аталатын кітабында «Айқап» журналының алғашқы шығарушысы Мұхамеджан Серәлин рөлін ерекше бағалайды. «Журнал шығарудағы мақ­сатымыз тек қана жұрттың көзі, құлағы болмақ еді», деген Серәлин сөзін кейін Ахмет Байтұрсынұлы іліп алып кеткені белгілі.

Мұхамеджан Серәлин шығарма­ларында сол кезде Қостанай өңірінде болған тарихи оқиғаларға назар аударады, Кенесары хан туралы толғанады. «Топжарған» поэмасында танабұға Наурызбай би туралы:

«Арқада Көкбурылдай жүйрік бар ма?

 Өтіпті би Наурызбай деген нарда.

 Көкбурыл ат Наурызбайдан

ұрлап алып,

 Кенеге тарту қылған үңгіт Қарға»,

деп суреттеген Наурызбай бидің Көк­бурыл аты кейін Кенесары ханның інісі Наурызбай батырға бұйырған.

р

«Айқап» жергілікті орыс революцио­нерлерінің ықпалында болды, Ресейдегі өзгерістер туралы жазды, ең алдымен орыс жұмысшы табының сөзін сөйледі, журналда Серәлиннің өзінің де идеялық көзқарастары көрініс тапты.

М.Серәлин 1924 жылы «Айқап» жур­налының тарихына арналған мақалада: «журнал еңбекші таптың, халықтың органы болды. Сондықтан да ол белгілі бір таптық, экономикалық және саяси бағыт-бағдар ұстанған жоқ», деп жазды. Қазақ шаруалары – ауыл кедейлері, сол кезде барлық қазақ халқының 80-95%-ын құрайтын, олардың идеялық-саяси дамуы XX ғасырдың басында да белсенділігі төмен әлеуметтік сипатта болатын.

«Айқап» журналы қазақ қоғамының өзгеріске ұшырауын оқу-ағарту және өрке­ниетпен, отырықшылық мәде­ниет­пен байланыстырды. Әдет пен шари­ғаттың ескірген дағдылары мен заңда­рынан бас тартуға шақырды. Журнал халық­тың артта қалуының негізгі себеп­тері надандық, көшпелі тұрмысқа байланысты оқшаулану, қазақ даласында мәдениет ошақтарының жоқтығы деп түсіндірді. Журналда әйел теңдігі мәселелері көтерілді.

«Айқап» қазақ демократиялық интел­лигенциясының ұлттық идеяларын насихаттай отырып, түрлі идеялар мен көз­қарастағы авторларға орын берді, орыс және қазақ халықтарының тығыз байланысын жақтады, демократиялық Ресейге арқа сүйеді. Мұның өзі оны сол кезеңдегі басқа басылымдардан ерекшелендіріп тұратын.

Журналды шығаруға дайындық кезе­ңінде оның бастама тобына М.Серәлиннің өзі­нен басқа жергілікті мұғалімдер Спан­дияр Көбеев, Ералин, Бейсенов кірді. Журналды насихаттаушы үгітшілер ауадай қажет болатын.

М.Серәлин кейбір қазақ студенттері мен оқытушыларының да қызметін пайдаланды. Олар күз және қыс айларында қалалық училищелер мен семинарларда білім алып, ал көктем мен жазда ауылдарға мұғалім болып баратын. Олар журналды бұқара арасына тарату­ға және насихаттауға көп үлес қосты. Әсіресе Қостанай, Ырғыз және Торғай уездерінде белсенді әрекет етті. Асылбек Тәшбаевтың жазғанына қарағанда, олар­дың арасында М.Серәлиннің ең жа­қын серіктері, студенттер С.Торайғыров, Ә.Ға­лымов, М.Кашимов, З.Расулов бол­ған. Олардың кейбіреулері кейін журнал­дың қызметкері болып жұмыс істеді.

Журнал авторлары мен жақтаста­ры қатарында жергілікті интеллигенция өкіл­дері Ғ.Мұсағалиев, С.Лапин, Ж.Тілеу­бергенов, М.Есенгелдин, Х.Мұха­мед­жанов, А.Ғалимов, А.Жанталин, С.Ғаб­­басов, М.Жолдыбаев, М.Кәшімов, Д.Қаш­қынбаев, Н.Манаев, М.Көпеев, М.Қал­таев, К.Кемеңгерұлы, тағы басқа­лары болды.

Журнал тілеуқорларының арасында қазақ қыз-келіншектері – М.Сейдалина, С.Тілеубайқызы, К.Өтегенова. Олар журнал жұмысына белсене қатысты, әйел теңдігі мәселелерін көтерді.

Патша үкіметінің отарлау саясатын сынай отырып, М.Серәлин өлкедегі жа­ғымды жаңалықтарға лайықты баға бер­ді, кей кездері тіпті асыра баға­лап та отырды. Онда орыс-қазақ мектеп­тері мен училищелерінің ашылуына, облыстық басқармалардағы мектеп инспек­тор­ларының қызметіне баға берілді. Бұл сала­дағы ірі кемшіліктер Серәлиннің ­ойынша осындай игіліктерді дұрыс пайдалана алмай отырған қазақтардың өздеріне байланысты.

«Біз сайлаудың бастамаларының жақсылығын дұрыс түсіне алмадық, сай­лауға қатысу құқымызды дұрыс пайдаланбай, уақытты өзара кикілжіңдер мен дау-дамайға жұмсадық. Біз орыс үкіметінің жарлығымен біз үшін ашылған мектептерден өзімізге пайда келтіре алмай отырмыз», деп жазды.

М.Серәлин ресми баспасөзде жарық көрген мақалаларын кейде: «біздің сүйік­ті Отанымыз – Россия империясының лайықты азаматы болайық», деген сөз­дермен аяқтайтын. Мұның өзі патша үкіметі цензурасының көзін бояу мақсатында жасалған деп түсінген жөн.

ХХ ғасырда қазақ даласында қоғам­дық-саяси өмірде екі мәселе ерекше ел назарында болды. Ол жер мәселесі және патшаға қарсылық болатын. Жер мәсе­лесінің дұрыс шешілуі қазақ халқының тағдырына байланысты болса, ауыл стар­шиналарынан бастап болыстық басқар­маларға дейін, патша үкіметінің орталық органдары қалыптасқан жағдайға байланысты оны үнемі назарында ұстады. Көшпелі қазақтардан шұрайлы әрі құнарлы жерлер тартып алынып, олар қазынаға алынды. Ауыл тұрғындарының көпшілігі жақсы жайылымнан айырылып, құнары аз жерлерге көшірілді. Орыс­тың озық ойлы ұлттық интеллиген­циясы да бұл мәселені шұғыл шешу қажет деген пікірде болды.

Орыс капитализмінің өркендеуі қазақ­тарға да бірте-бірте әсер ете бастады. Ша­руаларды жаппай Қазақстанға, Сібірге және басқа аудандарға қоныстандыру саясатын М.Серәлин мәжбүрлік жағ­дай деп түсініп, оған орыс социал-демократтары позициясынан қарады. «Қоян жылы қазақтарға келген жұт ішкері Рос­сияға де келді. Олар да жұттың зардабын көптен бері тартып келеді. Мұндай қиын жағдайдан шығудың екі-ақ жолы бар. Оның бірі – жері шұрайлы жерлерге тұрғындардың бір бөлігін көшіру, екінші жол – алқапты ескіше өңдеуден бас тартып, немістер мен француздар секілді жерді жаңаша өңдеуге көшу», деді. Шенеуніктер болса алғашқы жолды таңдады, сүйтіп мұжықтарды қазақ даласына жаппай көшіре бастады.

Серәлин журналды сақтап қалу үшін ауылдағы тап тартысы, жер мәселесіне көзқарасы туралы ойларын көбінесе ашық айта алмады.1905-1915 жылдар ара­лығында жазған өлеңдерінде М.Серәлин осы мәселелерді айналып өтпейді. Жыр тілімен өз ойын білдіреді.

М.Серәлин орыс тілін жақсы меңгеруге шақырды. Ыбырай Алтынсариннің қазақ даласына сепкен білім ұрығы ол қайтыс болғаннан кейін лайықты жалғасын тауып, өнбей жатыр деп қынжылды. «1914 жылдың 17 шілдесінде алтын басты Ы.Алтын­сариннің қайтыс болғанына 25 жыл толды. Оның қазақ халқына жаса­ған қызметі орасан зор. Ал оны еске алған қазақтар болды ма екен? Жоқ! Шамасы, мәдениетті халықтар қатарына қосылу бізге әлі алыс болуы керек», деп жазды. «Біз басқа халықтардан арт­та қалмауымыз керек. Қазақ жастары профессорлық лауазым туралы да ойлануы керек», деді. Серәлиннің отырықшылыққа көшу, кәсіп меңгеру, орыс тілін игеру секілді ойлары күні бүгінде маңызын жойған жоқ. Серәлин қазақ көсемсөзінің сардарларының бірі болды десек, артық айтқандық емес.

Мұхамеджан Серәлин «Айқап» жур­на­лының оқырмандарына арнауында: «Журналға «Айқап» деп есім бердік. Бұл сөзге түсінген де бар, түсінбеген де табылар. Біздің қазақтың «Әй, қап» демейтұғын қай ісі бар?! Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымақтаса алмадық. Пұлы барларымыз ынтымақтассақ та, ақшасыз істің жөні табылмады. «Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай» дедік. Жақсы жер­лерімізді қолда сақтау үшін қала сал­­мақ болдық. Басымыз қосылмады. Қо­лайлы жерлер қолдан кетті. «Қап!» ынты­­мақсыздығымыз-ай, дедік. Болыс, би, ауыл­най боламыз деп таластық, қыры­лыс­тық. Жеңілгеніміз жеңген жағымызға, «ен­дігі сайлауда көрерміз, қап, бәлем-ай!» де­дік. Осындай біздің қазақтың бірнеше жер­де «қап» деп қапы қалған істері көп. «Қап» де­гізген қапияда өткен істеріміз көп бол­ған соң журналымыз өкінішімізге лайық «Айқап» болды», деп ағынан жарылды.

Осы беташар сөздің өзі кәдуілгі жур­нал­дық немесе газеттік стильден гөрі ше­шен­дік үлгілерге жақын. Тіпті ауызекі сөйлеу мәнері анық байқалады. «Айқап» аты кейінірек «Қазақ тілі» қоғамының Орынбор облысында шығатын газетіне берілді. «Әй, қап!» деген сөзді қазақ журналистері «Әй, қап!» деп сан соғып, «өкініп қалмайық» секілді тақырыптар да пайдаланды. М.Серәлиннің «Топжарған» поэмасының атауы да журналистика­ның спорт саласында жиі айтылатын атауға айналды.

Журналдың алқасында атақты ақын Әкірам Ғалымов, сол кездегі танымал жур­налист Мұхамедсәлім Кәшімов, бел­гілі демократ ақын Сұлтанмахмұт Торай­ғыров болды. «Айқапта» жаңағы аттары аталған ақындармен қатар Мағжан Жұмабаевтың, Сәбит Дөнентаевтың, Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Май­линнің, Taйыp Жомартбаевтың, Мір­жақып Дулатұлының, Қошке Кемең­гер­ұлы­ның, Ахмет Мәметовтің, Мұстақым Малдыбаевтың, Кенжеғали Ғабдуллиннің, Самат Әбішевтің, Байбатыр Ержановтың және басқа таланттардың тырнақалды ­туындылары жарық көрді. Ә.Фирдоуси­дің «Шахнамасынан» үзінділер, жазушы Лихановтың «Манап» драмасы, И.Кры­ловтың, М.Лермонтовтың, А.Пушкин­нің, А.Чеховтың, А.Сорокиннің шығарма­лары қазақ тіліне аударылып басылды. ­Міне, дәл осы қаламгерлер журнал бетін­дегі шеберлік үлгілерінің тұңғыш автор­лары, шеберлік дәстүрінің журналдағы алғаш­қы қарлығаштары болды.

Журналдың алғашқы санында жа­рық көрген Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың өкпесі» мақаласы: «Дүнияда ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке тең­геретін ғылым мен өнерді, елсізді елдіге тең­геретін, жоқты барға теңгеретін ғылым мен өнерді керек қылатын қазақ аз. Теңдікке қолы қалай жетсін? Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпе­лемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ», деген бағ­дарламалық алғысөзі қанатты сөздерге айналды.

М.Серәлин белгілі қоғам қайраткері есебінде де тарихта қалды.1919-1920 жылдары «Ұшқын» газетінде қызметкер болса, 1921 жылы Қостанайдағы Шұбар болыстық атқару комитетінің төрағасы, ал 1922-1923 жылдары Қостанай губаткомы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 1923-1926 жылдары «Ауыл» газетінің редакторы болды.

Қостанай өңірінде қаламгердің мерей­лі жылы шама-шарқына қарай аталып өтіп жатыр. Жазушының жерленген жері жаңартылды. Қарабалық ауданының орта­лығында еңселі ескерткіші және аты бе­рілген қазақ орта мектебі бар. Облыс ор­талығындағы бір көше де оның есі­мімен аталады. Жақында ғана аудан ор­талығында оның құрметіне респуб­ликалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қостанай қаласында қаламгер қызмет еткен бұрынғы «Ауыл» газеті ғимаратының қабырғасына ескерткіш­тақта орнатылған.

о

 

Ақылбек ШАЯХМЕТ,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, ақын