Пікір • 03 Қараша, 2022

Елеулі жеңілдік

212 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған «Аманат» тәуелсіз комиссиясы «Қасіретті қаңтар» кезінде қолына қару алмаған, қаланы қиратпаған, халқына оқ атпаған, тонамаған азамат­тарға араша түсіп, жазықсыз жандар босқа күйіп кетпесін деп біраз жұмыс атқарды.

Елеулі жеңілдік

Комиссия қолға алған жұмыстар барысында біз Алматы, Талдықорған, Тараз, Семей қалаларында қамауда отырған азаматтармен кездесіп, тілдесіп, құжаттарын қарап, біраз зерттеп-зерделедік. Оқиға кезінде алаңға шыққан­дардың біразы қолхатпен босатылды немесе үйқамаққа ауысты, осылайша, 500-ге тарта адам­ның қамаудан шығуына ықпал еттік.

Осындай жұмыстар кезінде біз қаңтар оқиғалары кезінде алаңға, көшеге қызық көріп шыққандар мен өздерінің азаматтық пікірін айтып, бейбіт шеруге шықтым деп барған азаматтардың өте көп екеніне көз жеткіздік. Ешқандай қылмыстық ойы болмаған азамат­тардың қосақ арасында кетіп қалуы мүмкін екенін түсіндік. Бұдан бөлек, алкоголь өнім­дерін, шылым секілді майда-шүйде заттар ұрлап, ұсталған жас жігіттер өте көп болды. Олардың ішінде кімнің ақ, кімнің жазықты екенін дөп басып тану да аманаттықтарға қиынға соқты.

Сол себепті біз ақпан айынан бастап қаңтар оқиғасына қатысқандарға қатысты бір реттік гуманизм актісін, яғни рақымшылық жария­лау керек деген мәселені көтере бастадық. Бұл мәселені Президент Әкімшілігі, Мәжіліс депутаттарының алдына қойып, бірнеше хат та жаздық. Біздің мұндағы мақсатымыз бұрын-соңды істі болмаған, кәнігі қылмыскер емес, алаңға шығып, өзінің бейбіт ұстанымын айтамын деп абайсызда нөпірге еріп кеткендерге қолұшын созу еді.

Алдағы уақытта бұл заңның қаңтар оқиғасы­на қатысушыларға ықпалы зор болмақ. Заңға сәйкес жазықсыз жандардың барлығы бостан­дыққа шығады. Сондай-ақ біреуге зақым келтір­гендер немесе қылмыс жасағандар, яғни жеңіл және орташа дәрежеде қылмысқа барған­дардың да жазалары жеңілдейді. Ал ауыр қыл­мыс жасағандардың жазасының үштен екісі жеңіл­детіледі, яғни 75 пайызға азайтылады. Өте ауыр қылмыс жасағандардың жазасына 50 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған. Ал сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандар, рецидивист – бұрын қылмыс жасап кәнігі қылмыскер ретінде танылғандар, зорлау фактілерін, Отанға опасыздық жасағандар, ұсталғандарды ұрып-соғып азаптағандар, қинап, үтік басып қорлық көрсеткендер рақым­шы­лыққа ілікпейді. Қазір халық арасында осындай ауыр қылмыс жасап, адамдарды қинап, азап­тағандар рақымшылыққа ілігіп кетпей ме деген қор­қыныш бар. Заңда азаптау, қинау секілді әре­кеттерге барып, қылмыс жасағандарға рақым­шылық қарастырылмайды деп нақты жазылған.

Рақымшылық заңының басты бағыты да, қолданыс аясы да қаңтар оқиғасына қатысу­шыларға ғана қатысты. Қылмыстық кодекс­тің 272-бабының 2-бөлігі, яғни жаппай тәртіп­сіздікке қатысу ауыр қылмыс санатына жа­тады. Біз осы бап бойынша қамауға алы­нып, жазаға тартылғандарды түгелдей боса­туды сұраған едік. Өкінішке қарай, аманат­тықтардың бұл ұсынысы жүз пайыз қолдау таппады. Жазаны тек 75 пайызға қысқарту туралы ғана бап енгізіліп отыр. Алайда осының өзі үлкен жеңілдік екені түсінікті.

 

Мәди МЫРЗАҒАРАЕВ,

«Аманат» тәуелсіз комиссиясының мүшесі, адвокат