Қоғам • 23 Қаңтар, 2023

Қазақша дәріс оқитын Ниномания сэнсэй

298 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл елімізде жапонтану саласының пайда болып, іргетасының қаланғанына отыз жыл толып отыр. Расында да, осыдан дәл отыз жыл бұрын, 1992 жылы республикамызда алғаш рет Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасында жапон тілі мен әдебиеті кафедрасы ашылды.

Қазақша дәріс оқитын Ниномания сэнсэй

Отандық жоғары оқу орын­дарының арасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қиыр Шығыс кафедрасы – жапон тілі мен тарихын меңгерген мамандарды даярлайтын жетекші білім беру орталығы. Отыз жыл ішінде универси­тет Күншығыс елінің бірқатар ЖОО және ғылыми орталықтарымен тығыз әрі берік қарым-қатынас орнатты. Со­лар­дың бірі – Цукуба университеті. Бүгін біз осы Цукуба университетінен ар­найы шақырылған ҚазҰУ-дың профессоры Ниномия Такаши жөнінде сөз қозғамақпыз.

Ниномия Такаши 2014 жылдан бас­тап сегіз жыл көлемінде ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлық құрамында жұмыс істеп келеді. Ұстаздың, жапонша айтқанда сэнсэйдің алған білімі мен кәсіби тәжірибесіне қатысты айтар болсақ, ол 1999-2003 жылдар аралығында Жапонияның атақты жоғары оқу орны Нара университетінде білім алады. Ол университетте ежелгі Таяу Шығыс тарихын зерттеумен айналысады. Болашақ профессор университеттің үшінші курсында оқып жүрген кезінде ежелгі тарихпен қатар, әлемнің көне жазулары мен тілдерін үйренуге қызығушылық танытты. Нақтырақ айтқанда, жапон ғалымы шумер және аккад сияқты ежелгі өркениеттердің тілдерін зерттеуді қолға алады. Аккад тіліне ықылас танытқаны сонша, ол түрлі кітаптар мен сөздіктерді пайдалана отырып, үздіксіз білім алудың арқылы аккад тілін жетік меңгеріп шығады.

2003 жылы Ниномия Така­ши Цукуба университетіне магис­тратураға түсіп, аккад, араб, иврит және амхар сияқты тілдердің арғы тегі прото-семит тілдерін зерттей бастайды. Әсіресе Оман мен Йемен мемлекеттерінде таралған мехри, джиббали және сокотри деп аталатын көне семит тілдерін зерделеу­ге көп көңіл бөледі. Осы кезде шетелдік ұстаз Оман мен Йеменде зерттеулерді жүзеге асыру үшін араб тілін үйренеді. Араб тілін жоғары дең­гейде игерген жапон ғалымы ақы­ры Эфиопия және Оманға арнайы барып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Біліктілігін одан әрі шыңдау мақса­тында, Ниномия сэнсэй 2007 жылы Цукуба университетінің докторантурасында оқуын жалғас­тырады. Болашақ профессор докторантурада оқып жүрген жылдары Цукуба университетінде жапон тілін оқыту әдістемесі бойынша арнайы білім алады. Сондай-ақ университеттегі Орта Азия елдерін зерттеу орталығына қызметке орналасады. Сөйтіп ол бұрын зерттемеген жаңа саланы игере бастайды. Қызметке орналасқаннан кейін, ұстаз қазақ студенттерімен етене араласып, республикамыз туралы, халқымыздың әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты, қоғамдық-әлеуметтік өмірі жөнінде жан-жақты мағлұмат алады. Мұнда жапон ғалымы Қазақстанның тарихын, мәдениетін, ұлттық болмысын, тілін егжей-тегжейлі зерделеп, білімін тереңдетеді.

Орта Азия елдерін зерттеу орталығын­да қызмет істеп жүрген кезінде Ниномия сэнсэй Цукуба университетінде өткізіл­ген ғылыми конференцияға Қазақстан атынан қатысқан, сол жылдардағы ҚазҰУ проректоры болған Тілекқабыл Ра­мазановпен танысады. Ал 2013 жы­лы жапон ғалымы алғаш ҚазҰУ-ға келіп, университеттің сол кезде бірінші проректоры қызметінде болған Мұхамбетқали Бүркітбаевпен кездеседі. Екі жақты келіссөз жүргізудің нәти­жесінде, жапон профессоры әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет етуге ресми түрде шақырылады. Қазақстанға келуден бұрын ол қазақтың тілі мен ділі, қоғамдық үйымдасуы, дәстүрлі тұрмыс-тір­шілігі жөнінде ақпарат жинап, әбден дайындалады.

Қазақстанға қызмет етуге келген Ниномия сэнсэй бірден ҚазҰУ-дың дайындық факультетіне түсіп, қазақ тілін оқи бастайды. Ол таңертең қазақша үйреніп, түстен кейін Шығыстану факультетінде жапон тілінен сабақ береді. Профессор Қазақстанға келіп, қазақ тілін үйрене бастағанда, күнделікті өмірде кейбір сөздерді түсіну қиын болға­нын айтады. Түсінбеген сөздерді сөздіктерден қарап, әріптестерінен сұрап, еңбеққорлықпен, табандылық­пен қазақ тілін үйренеді. Сабақ­тан тыс уақытында, теледидар көріп, әріптестерімен, такси жүргі­зуші­лерімен қазақша сөйлесіп, жергілікті тілде пікір алмасуға дағдыла­нады. Осылай Ниномия сэнсэй екі жыл қазақ тілін оқып, қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ойын еркін жеткізе алатын дәрежеге жетеді. Қазақша таза сөйлеп қана қоймай, қазақ тілінде дәріс оқып, мақалалар мен ғылыми еңбектер жаза бастайды.

Жапон ғалымы қысқа уақыт ішінде өзі бұрын-соңды естіп-білмеген, өз туған жерінен мүлдем өзгешеленетін елдің тілін меңгеріп, әдебиеті мен мәдениетін оқып біліп, осы ісімен қазақ елі мен халқына өзінің ерекше құрметін білдіре алды. Оған қоса Ниномия сэнсэй қазақ тілін жетік меңгеру арқылы жапон тілі мен Күншығыс елінің төл мәдениетін біздің еліміздің азаматтарына таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі кезде жапондық профессор ҚазҰУ Шығыстану факультетінде сабақ берумен қатар, қазақ және жапон тілдерінің грамматикалық ерекшеліктерін зерделеп, салыстырмалы талдаулар жүргізуде. Сондай-ақ ұстаздың ҚазҰУ факультеттерінде, республикамыздың өзге де жоғары оқу орындарында Күншығыс елінің ұлттық болмысы, мәдениеті және білім беру жүйесі тақырыбында дәріс оқып жүргені – соның айғағы.

Әрбір ісін ерекше ыждағатты­лықпен, тиянақтылықпен орындап, кемеліне жеткізетін осындай білікті ұстаздардан тәлім алған жас­тарымыз шығыс тілдері, мәдениеті мен тарихын үйреніп, әлем туралы ақпараттардан хабардар, бәсекеге қабілетті, ой-өрісі кең, білімді азаматтар болып қалыптасатынына сенімдіміз. Осылайша екі ел ара­сындағы байланыстарды нығайту жолында еңбек етіп жүрген, әрі қазақ тілі мен мәдениетін қа­дірлеп, құрмет тұтатын жапон ғалы­мы­нан біздің үлгі алар тұстарымыз, көңіл­ге тоқып үйренер дүниелеріміз көп-ақ.

 

Гүлмира ТАЗАБЕКОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы