Қазір Түркиядағы Қазақстан дипломаттары сол елдегі отандастарымызбен байланыс орнату жұмыстарын мықтап қолға алған. Студенттер арасында тиісті ақпараттық хабарлама таратылды. Қазақстанның елшілігі Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасымен тұрақты байланыста. Осы уақытқа дейін зардап шеккен немесе қаза тапқандардың тізімінде Қазақстан азаматтары жоқ. Сонымен қатар, көптеген қираған ғимараттың астынан зардап шеккендерді құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатқанын атап өткен жөн.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі +7 (7172) 72-05-00 нөмірі бойынша жедел желі ашылғанын хабарлады. Осы телефон арқылы азаматтарымыз бен олардың туыстары көмек сұрай алады. Бұдан басқа, жақын арада Түркиядағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің шұғыл байланыстары қосымша жарияланады.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі апат салдарынан қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғыра отырып көңіл айтады және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы мәлімет бойынша Түркияның Кахраманмараш, Газиантеп, Османие, Диярбакыр, Шанлыурфа провинцияларында болған жойқын жер сілкінісінен 4 мыңнан астам адам қаза тауып, 20 мыңнан астам адам жарақат алған. Табиғи апат 13,5 миллион тұрғыны бар 10 провинцияға кері әсерін тигізді. Өкінішке қарай зардап шеккендердің саны сағат сайын өсіп келеді.
Ал Сирияда кем дегенде 1 500 адам қайтыс болып, Алеппо, Идлиб, Латакия және Хама провинцияларында көптеген адам қирандылар астында қалып қойған.
Жалпы, бүгінде Түркияда консулдық есепте Қазақстанның 968 азаматы тұр (Анкара – 498, Ыстанбұл – 45, Анталия – 189). СІМ таратқан мәліметке қарағанда, апат болған елде Қазақстанның 8 219 студенті білім алып жүр. Ал түрік тарапының мәліметінше, Қазақстанның 75 мыңға жуық азаматы болуы мүмкін.