Ауыл • 15 Ақпан, 2023

Ауыл баласының ермегі

391 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қайнар ауылының балалары басы қосыла қалса, қозы-лақ көтеріп жарысып жүр. Ауылдың қарадомалақтарының биылғы қыстағы ермегі осы болып тұр. Балғындардың арасындағы қозы-лақ көтеру бәсекесі былтыр көктемде Наурыз мерекесінде басталып кеткен.

Ауыл баласының ермегі

Өткен жылы Қайнар ауылында Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мәдени іс-шарада алты-жеті жастағы жеткіншектер лақ көтеруден жарысқан. Сол сайыста алты жас­тағы Айбар да 15-20 кг тартатын лақты отыз үш рет көтеріп, құлап қалғаны әлеумет­тік желілерде лезде тарап, көпшіліктің көзайымына айналып еді. Міне, содан бері ауылдың шикіөкпелері қорадағы қозы-лақты айналшықтап, мо­йынға салып көтере кетуге құш­тар. Көгендегі қозы-лаққа маза бер­­мей жүрген жүгірмектердің бар ойы – биылғы Наурыз мерекесінде жеңімпаз атану.

Дала баласының қала баласына қарағанда шымыр, шыдамды екені әуел бастан бел­гілі ғой. Ауылдың баласы күн­ұзаққа теледидарға телміріп, смарт­фонның бетін сипап отыра бермейді. Қыста тай үйретсе, көктемде асық ойнайды. Жазда ауыл іргесіндегі өзен жағасында қыздырынып жатқаны. Ал күзде керзі етікті киіп алып, ләңгі теуіп жүргені. Басқа ауылды қайдам, Қайнардың қара­дома­лақтары осындай. Қашан көрсең ойқастап ойнап жүргені. Осы қатардан жеті жастағы Айбарды да табасыз. Желіде хит болған жеткіншек ауыл баласының бойынан табылатын болмысты көрсетіп тұрғандай.

«Өткен жылы Қайнар ауылы Наурыз мерекесін ауқымды түрде атап өткен еді. Өзгеше болсын деген оймен балаларға лақ көтеруден жарыс ұйымдастырған жайымыз бар. Ауылдың үлкен-кішісі жылы қабылдады. Соның арқасында Айбарымыз Қазақстанға танылды. Қозы-лақ көтеру жарысы ауылда дәстүрге айналып кетті», дейді Қараөлең ауылдық округінің әкімі Дәулет Әсембаев.

Бала көргенін істейді деген рас-ау. Ай­бардың әкесі Думан да қой көтеруден екі рет жеңімпаз болып, көтерген қойын атына өңгеріп үйіне әкелген. Ұлыстың ұлы күнінде қойды 105 рет көтерсе, мамырдағы мерекеде 112 рет көтеріпті. «Әке көрген оқ жонар» деген мақалды осы жерде қолдансақ, орынды сияқты.

«Айбар – атасы мен апасының баласы. Жаз жайлауда атасына қой бағысады. Апасы сиыр сауғанда бұзау тартып, от жағуға отын жинап береді. Қыста ауылда қолдағы малға қарасып, қора тазаласып, шөп суырып қасымда жүреді. Көрші-қолаңның балаларымен қозы-лақ көтеріп жарысып жүргенін көремін. Биыл 1-сыныпта оқып жүр. Елгезек. Ақкөңіл. Сабағы да жақсы, – деген Айбардың әкесі Думан өткен жылғы жарыстың жайын да айтып өтті. – Ұлым лақ көтеруге шығады деген ойыма келмеген. Өзі шешім қабылдап, «Мен де лақ көтеремін», деді. Ол лақты көтеріп әрі құлағанымен, танымал болды деп ойлаймын».

Ауыл баласы әлді болса, ағарған ішкеннен деуге болатын шығар. Қала баласы қылқиып йогурт жеп, газдалған сусын ішеді, сосын «суши» мен «пиццаға» әуес. Ауыл баласының әлеуетін таба нанға сарымай жағып, бетіне қант сеуіп жеп жүргенінен байқай беруге болатын шығар.

– Ауылдың тамағында құнар бар ғой. Сүт пен айран ішкен баланың қарны тоқ. Ауыл етсіз отыра алмайды. Ет жеген, сорпа ішкен баланың денсаулығы да мықты болады. Өз басым ауылға, әке-шешеміздің жанына көшіп келгенімізге қуанамын, – дейді Айбардың анасы Меруерт Айдынқызы.

Ойды ой қозғайды ғой. Ауыл мен қала баласының арасы алшақтап бара жатқанға ұқсайды кейде маған. Тезек дегеннен шығады. Қаланың баласы тезек термек түгілі, оның не екенін біле ме екен? Қорадағы төрт түліктің төлін түр-түсіне қарап ажырата алатыны да шамалы. Қала баласын қор санап отырғанымыз жоқ. Бірақ 15-20 кг тартатын лақты 33 рет көтере алатынына сіздің де, менің де күмәнім бар.

Айтпақшы, Қайнар – Абай об­лысының Абыралы өңіріндегі, қияндағы ауыл. Семей шәрінен 250 шақырым шалғайда. Алыс­тағы ауылдың Наурыз мерекесі биыл өзгеше болатынға ұқсайды. Өйткені кішкентай балалар лақ көтеруден өтетін жарысты асыға күтіп жүр.

 

Абай облысы