Мәселе • 20 Наурыз, 2023

Мұң торлаған Мұғалжар

378 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Мұғалжар киелі жер ретінде өн бойы материалдық та, рухани жағынан да бай, берекелі өңір екені мәлім-ді.

Мұң торлаған Мұғалжар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осы жерді құрылыстық тас­тарды өндірудің көзі деп аласұрғандар алпысыншы жылдардың бас жағынан-ақ сан алуан техникасын жеткізе бас­тап еді. Содан бергі алпыс жыл бойы қопару көп ұзамай Албас жанартауларына жетіп, жүздеген миллион жыл бойы ілкі күйінде сақталып тұрған жа­нар­таулық құрылымды қиратумен, тиеу­мен, тасумен жақын маңды, су көз­­дерін жау тигендей қақыратты

 

Геомәселеден хабары мектеп оқу­лығынан әріге бармай ғылыми-көпшілік материалдармен шектелетіндерге асты да, үсті де қазына аймақты таныта, тар­қата баяндау, әрине, оңай еместігі белгілі. Сондықтан осы өңір туралы белгілі екі тұлғаның пікірін еске салудың реті келіп тұр. Оның бірі – Мұғалжардың қойнауына бұрғы тие қоймаған ертеректе, қазақ жұртының ғұлама перзенті, ашқан жаңалығымен әлемдік геология­ны таңғалдырған Қаныш Сәтбаев: «Мұ­ғалжарда мүлгіп жатқан байлық бар», деп еді. Екіншісі – белгілі тарихшы, сая­хатшы П.Н.Савицкий: «Қазақстанның інжу-маржаны – Ұлытау қандай керемет! Мұғалжар қандай ғажап! Бұлардың бәрі байтақ даладағы қорықтар, жай ғана даму орталықтары емес, этностардың даму орталықтары, киелі орындардың ең бір құдіреттілері» деген болатын. Егер осы екі пікір Мұғалжармен байланысты әңгімеде тарқатыла айтылатын болса, сөз жоқ, таудың киелілік сипаты толық ашылған болар еді.

Бұл маңай да адамзаттың алғаш металл балқытуды бастаған өңірлерінің бірі. Осындағы Төлеубұлақ тас үңгірін ғалымдар бұдан 40 мың жыл бұрын адамдар мекендеген деп болжайды. Үңгірдегі петроглифтер, өзге де артефактілер осы шамаға меңзейтін көрінеді. Мұндағы көрнекі көне іздердің бірі – Ұлы Жібек жолының тармақтары екені де мәлім. Ол тармақтар орта ғасырлық соғды жұр­тынан да хабар береді.

Егер оған қалың көпшілікке мәлім екінші танымдық қырынан келсек, тау және оның сілемдерінен алтын, хром, никель секілді сирек минералдардан әйнек жасауға жарамды ақ құмға дейінгі аралықта басқа да алуан түрлі пайдалы қазбалардың өндіріліп жатқанын көруге болады.

Таудың киесін сипаттайтын үшінші қыры – оның облыс аймағындағы тір­шіліктің нәрі, тірегі – жерүсті және бір­шама деңгейде жерасты су көздерінің де т­абиғи резервуары болатын құн­ды­лығында. Республикада жерінің көлемі жөнінен ең ірі аймақ, алайда оның басым бөлігі шөл және шөлейт, топырағы жеңіл Ақтөбе өңірінде 175 өзен бар деп есептелгенімен, олардың көпшілігі қыс, жаз айларындағы ыстықта тартылып қалатын сай-салалық жерлер. Алай­да аймақ­тың осындағы сапары ұзақ, мысалы, бір кездері Каспийге кет­кен Жем, 800 шақырым бұрылыс, қиылыстармен Атырау облысына барып аяқталатын Ойыл, Темір, Елек, Ор секілді ірі өзендері бастауын осы Мұғалжар тауларының сілем­дерінен алып ағады. Яғни тау және оның тұмалы сілем­деріне антропогендік залал жасалса, зардабын әлгі өзендер, оларды жағалай қонған ел тартады деген сөз.

Отаршыл Ресей әкімшілігі 1903 жылы Орынбор – Ташкент теміржолын қазақ жерінен өткізудің бір аралығы Мұғалжардағы Бершүгір биігінің тұсы деген тоқтамға келген. Мұғалжар таулары тізбегі айнала өзен-көлмен көм­керіліп, шөптесін өсімдіктердің алуан түр­леріне бай, мұнда балқарағай, терек, қандағаш, қайың өскен. Сирек кез­десетін аң-құстар мекен еткен ерекше сәнді аймақ болатын. Еліміздің оқу-ағарту саласына мәлім ұстаз Әділхан Алғиев естелігінде күні кешегі дейтіндей өткен ғасырдың қырқыншы жылдары, бала кезінде осындағы Шуылдақ өзенінде қыс кезеңдері мұз үстінде ойнақ салған ақ тиіндерді қызықтаушы едік деп жаз­ғаны бар. Ол енді бүгін ертегі секілді. Қарағайлы, қайыңды орман жойылған соң өзендері тартылып, көлдері қураған соң бұрынғыдай жүгірген аңды, ұшқан құсты көре алмайсың.

Академик, қазақ ғылымындағы аса көрнекті тұлға Әлия Бейсенованың ел табиғаты туралы зерттеулері осы ғылым саласындағы қазыналы еңбекке айналды. Академик бір сөзінде: «Қазақ көшпелі халық болған ба? Жоқ, біз көшпелі ел емеспіз. Қазақ көші мен қонысының әлемде ешбір халыққа ұқсамаған тарихы бар. Мен ерте дәуірдегі қазақ жерін таң­балаған картаны таптым. Бізде 40-қа жуық қала болған. Кейін соның бар­лығы жермен-жексен етілді. Ал сол кез­­дегі жеріміз түгін тартса майы шы­ғатын құ­нар­лы өлке еді. Қазір содан не қалды? Жа­нымды ауыртатын да, мені гео­­графия­дан экологияға әкелген де осы жағ­дай», дейді. («Egemen Qazaqstan», 1 жел­­тоқсан 2022 жыл).

Баурайы жағалай жамырап аққан өлке өзендерінің тартыла беруі, көлдерінің құрғауы күні кеше XX ғасырдың басынан теміржол салынумен басталған антропогендік әрекеттің де ісі. Әрине, теміржол салынбасын деу емес, уақыт даму мен өркендеудің ұдайы ілгерілеу қажеттілігін түсінбей, ермей тұра алмайды. Алайда кезінде қазақ жерін патшалы Ресей түгелдей жекешелендіргенде, елдің табиғи құрылымына залал кел­тір­мей­тіндей мүддені ойлаған жоқ-ты, елді иесіздікке, киесіздікке ұшыратты. Сөйтіп, есепке құрылған теміржол салу жұмыстары жолшыбай шағын өзен­дерді, суағар сай-салаларды, ең өкі­ніштісі – тынымсыз аққан көптеген бұлақ көздерін бітеу арқылы жүргізілді. Осы жайсаң өңірде туып-өскен, ат жалын тартып мініп, ұзақ жылдар бойы аудан, облыстық деңгейде абыройлы бас­шылық қызмет атқарған, ел мен жер­дің шежіресін аға, ата буыннан тың­дап, жадында сақтаған Қанатбай Елеусізұлы сол теміржол салудың тұ­сында 28 ірі бұлақтың шоңғал тастарымен бітеліп тасталғанын айтады.

Бүгінде сол Мұғалжардың, мысалы, Бершігүр тауы маңайын ие жоқтықтан заңды, заңсыз бұрғылап, қазып, қопарып, құрылымына, табиғатына үздіксіз залал келтіріліп жатыр. Ұлтты өз жеріне ие болудан айырып, оны санаға сіңірген отар­шыл Ресейдің, кем дегенде екі ғасыры, Кеңес одағындағы жетпіс жыл бара-бара өз елі мен жерін өзгемен бірігіп тонайтын, пайда үшін барлық қитұрқылыққа баратын, елдікке жат ұрпақтың бірнеше легі дүниеге келді. Бұл жағдай кеше де, бүгін де қай ісімізден де айқын көрінуде. Бір ғана Мұғалжардың (таулардың) Бер­шүгіріндегі қазулары мен қопарулар сол әрекеттердің шағын, бірақ елдегі жалпы мысалы дейтіндей істер.

Жоғарыда айтылғандай 400 миллион жыл бұрын Тетис мұхитының та­банында пайда болған жанартаулар таудың, әсіресе осы жерінде сол ілкі құрылымы бұзылмай сақталып, шо­ғырланып қалған. Таудың бір киесі – осында. Бұл облыс жеріндегі әлемдік ғы­лымды таңдандырған екеудің бірі болатын. Біріншісі – отызыншы жыл­дардан бері зерттеліп келе жатқан Ыр­ғыздағы Жаманшың кратері. Әртүрлі басылымдарда жиі жазылып келген оның жай-жапсары оқырмандарға негізінен таныс болуы керек. Бұдан миллион жыл бұрын салмағы 36-40 миллион тонналық аспан денесі жерге құлағаннан қалған, 5-6 шақырымдық жақын маңайына шөп те өспейтін диаметрі 700 метрлік қа­зан шұңқырдың пайда болуы анық­тал­ғанымен, оның жиегінде шашырап жат­­қан әйнек түсті жалтырақ, қатты ұсақ тектит бөлшектердің табиғаты әлі жұм­бақ.

Ал екіншісі – таудағы жанартаулар шоғырын әлемдік ғылыми қауымдастық сенсация деп қабылдап, бірден назар аударған. Назар аударылғаны сол, бұ­ған дейін жанартаулық құрылымның қалыптасуын сонау Қызыл теңізде екі мың метрге тереңдеп зерттеп жүрген ле­нинградтық мұхиттанушы ғалымдар осы хабарды ести сала 1979 жылы Қы­зыл теңіздегі жұмысын тоқтатып, Мұ­ғалжарға келген. Ғылыми институттан Лев Зоненшайн басқарған экспедиция Шуылдақ өзені бойында қос тігіп, айлап жатып, таңданумен зерттеу жүргізген. Бұл басқа да сырт елдерге мәлім болып, Аустралия, Германия, Франциядан ғалымдар жеткен-ді. Бұл зерттеудің жай-жапсары ұзақ әңгіме, алайда оның тоқетері сол, ғалымдар сонда бірауыздан: «Мұндай мысал әлем­нің өзге жерлерінде кездеспейді, жа­нартаулар 400 миллион жылғы қал­пымен тұтас жеткен құрылым ретінде адамзатқа естелік, жергілікті жерге енді әлем таңданатындай туристік-мә­дени геопарк болады», десіп тұжырым жасаған. Сонда белгілі геолог Илья Фиш­ман таңданумен: «Мына секілді жанартаулық құрылымды қалпына кел­тіріп, жасап шығару үшін АҚШ-тың бү­кіл жылдық бюджеті жет­пес еді», деп тұрып, Кавказдағы Мин­еральные воды ауданында да жанар­тау­лық таулар бар екенін, соларды қазу, қопару жұмыстарын жүргізгенде ай­мақта ауа өзгеріп, тіршілікке қауіп тудыр­ған­дықтан, жұмыс шұғыл тоқта­ғанын еске салып, Шуылдақтың бойындағы жанартаулар шоғыры зақым келтіретіндей, бүл­­ді­ретіндей жағдайға тап болмас, ес кі­ре­тін­дей уақыттың пенделеріміз ғой де­ген-ді.

Қайда? Осы жерді құрылыстық тас­тарды өндірудің көзі деп аласұрғандар алпысыншы жылдардың бас жағынан-ақ сан алуан техникасын жеткізе бас­тап еді. Содан бергі алпыс жыл бойы қопару көп ұзамай Албас жанартауларына жетіп, жүздеген миллион жыл бойы ілкі күйінде сақталып тұрған жа­нар­таулық құрылымды қиратумен, тиеу­мен, тасумен жақын маңды, су көз­­дерін жау тигендей қақыратты. Мұнд­ай жұмысқа көптеген техника қа­тыс­тырылатындықтан, оларға кірме, көтерме жолдар керек, бұлақтар, қар суы, жаңбыр суын жинап, жан-жағына нәр беретін сай-салалар, жылғалар бі­теліп, тегістеліп, айнала көлдер кеуіп, өзен­дер тартылды. Аталған аумақ Бер­шігүр ауылдық округіне жатады. Тек сол шағын аумақтың өзінде күні кешеге дейін бес бірдей көл, шағын өзендер болатын. Әлгідей таптау мен тегістеуден кейін олар жойылып кетті. Жоғарыда айтылғандай, балқарағайлардан түсіп Шуылдақтың мұзы үстінде ойнақ салған ақ тиіндерден кейін әлгідей өзен-көлдері тартылып, өсімдіктері солып, аң-құстары да жоғалды.

Осы мәселенің соңына түсіп, ізінен қалмаған екі адам болды. Бірі – республика жер қойнауын құрметті барлау­шы, Республика минералдық ресурс­тар академиясының корреспондент-мүшесі, Ресейдің экология ғылымы Орал академиясының толық мүшесі, ақтөбелік геолог Владимир Юриш, екіншісі – 2011 жылдары республикалық «Мегаполис» газетінде қызмет істеген журналист Алиса Маринец.

Алиса Маринец – журналист, кә­сібінің ыңғайына қарай мәселеге қа­тыс­ты орындарға барып, жауапты қыз­меткермен пікірлесуі керек. Осы мақ­­сатпен ол 2011 жылы күзде облыс та­­биғи ресурстар мен табиғатты пай­­да­лану басқармасында басқарма төраға­сының орынбасарына жолығып, әлем­дік ғылыми-танымдық маңызы бар жа­нартаулық шоғыр қорғалуға жататынын, оларды құрылыстық қиыршық тастар үшін қиратуға кім, қалай рұқсат еткен, оның жайынан «Запказнедра» басқармасындағылардың неге хабары жоқ деген сұрағына: «Сізге бұлар қор­ғауға алынған деген ресми тізбеде бар дегенді кім айтты?», деп қарсы сұрақ қояды. «Республикалық немесе об­лыстық деңгейдегі қорғау объектілері тіз­бесінде бұлар жоқ. Егер оның жайын сіз айтқандай «Запказнедра» білмесе, біз оны тіпті білмейміз», дейді.

Ал әлгі шенеунік «жоқ» деумен ат то­нын ала қашқан құжат өмірде бар болып шықты. Ол тап сол кезде елдің жоғын іздеумен айналысып, А.Ма­ри­нец­ке бағыт-бағдар беріп жүрген ақ­төбелік белгілі геолог Владимер Юриш­тің қолында екен. Қолында екені не керек, облыстың әкімдік «Бізде ондай құжат болған емес», деп жасы сексенге таяған зейнеткерді де жігерін құм етіп шығарып салған. Таңқаларлығы сол, әлгі құжатқа қатысы бар орындардың бір де біреуі құжаттың бар екенін мойын­­дағысы келмейді. В.Юриштің қо­­лындағы кітапшада сол кездегі Премьер-министр Даниал Ахметовтің қол қоюымен республика Үкіметінің 2006 жылғы 28 қыркүйектегі №932 қаулысымен республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорықтық қордың объек­тілері тізбелеп берілген. Осы қау­лының «Экологиялық, ғылыми және тарихи-мәдени құндылыққа жататын жер қойнауы учаскелері» бөліміндегі тізбеде тайға таңба басқандай етіп, біздің даулы әңгімеміздегі жанартау­лар – Шуылдақ палеомұхиттық аймағы да тұр. Бұл аталған аймаққа мемлекеттік мәртебе берілгендіктен, енді оның одан арғы қызметін жергілікті орын атқаруды мін­деттейтін іс болып, аймақтық ая­сы белгіленген паспорт жасалып, ең бас­тысы – облыстық әкімдікте бұл ны­сан­ның қорғауға алынғаны көрсетіліп, оны қаржылық жағынан жабдықтап, мамандар арқылы зерттеу жүргізуі туралы арнаулы қаулы қабылдауы керек болатын. Өкінішке қарай, бәрі де Юриш пен Маринец секілді азғантай жа­нашырлардың ғана шаруасы болып қалды. Қаулысының орындалуын бақылайтын Үкімет, Үкімет нұсқауының бар-жоғын білмейтін облыстық әкімдік, табиғат қорғау орындары жоқ болып шықты.

Премьер-министр қол қойған, жылы, айы-күні, сандық реті көрсетілген әлгі қаулы Үкіметтің өзінде бар екен, ендеше облыс әкімдігінде жоқ дегенге кім сенеді? Екеуінде де ресми құжаттарды сақтайтын арнаулы бөлімдер, жауапты орындар бар. Мәселе басқада болса керек, өзімізден кетіп, өзгенің иелігіне беріл­гендіктің иесіздік, шарасыздығынан әлгі «жоқ» делінген құжатты «бар еді» деп көр­сету қиын болған шығар. Себебі жер біз­дікі болғанымен, жер қой­науындағы игі­ліктер негізінен шетел­діктердің құзы­рында.

Ақтөбе облысында 131 табиғатты пайдаланушы тіркелген. Олардың 30 компаниясы көмірсутекті орындарды барлаумен, өндірумен, 19-ы – қатты қаз­баларды өңдеумен, 67 компания пай­далы қазбаларды шығарумен айналысады. Осылардың арасында пайдалы қазбаларды игерудің ережелерін бұзбай жұмыс жүргізіп жатқандары кездеспейді деуге болады. Деректер осылай дейді.

Жерасты игіліктеріне жеке ие болуы­мен өздері үшін игеріп жатқан ком­панияларда бүгінде есеп жоқ. Осы қыз­меттердегі келеңсіздіктерді көрумен туған жері аясын сақтау мен қорғаудың жан ашытар жай-күйі әркез ұдайы айтылып келеді. Бүгінде енді ол уайым тір­шіліктің көзі жерасты, жерүсті су мә­селесі ушығып бара жатқан тәрізді.

Жерүсті әңгімесі басқа, оның асты егемендіктің алғашқы жылдарынан-ақ шетелдік компаниялардың билігіне берілді дедік. Әрине, уақытша. Тегінге емес. Дегенмен, мысалы, Қытай ұлттық мұ­най компаниясы 2008 жылы негізінен осы Көкжиде аймағын қамтитын мұнай орындарын игеруге 4 млрд долларын салды. Мұнай әлемде саудаға түскен аса қажетті шикізат; сауда қайда да, қалай да пайданың, ұту мен ұтылудың алаңы, инвестор алаңға ұтудың жабық не астарлы тіркелген келісімшарттармен келетіні белгілі. Сондықтан оның басқа елдің, басқа жұрттың мүддесінде шаруасы жоқ. Қалай өндірсең де, мол өндіріп бақ – оның жері, суы, ауасын ластайсың ба, сөйтіп, жайлы маңайын жарақсыз етесің бе оған қынжылыс жоқ. Сондықтан келісімшарт аяқтала салысымен еліне оралатын оған бес облысқа бүгін де, ертең де қажет Көкжиде суының құны бес тиын. Бес тиын болғасын 80 млн шаршы шақты алапты, Темір және Жем өзендеріне мұнай қалдықтары төгіліп жатыр. Кешегі 4 млрд доллардан, кейінгі өндірілген өнімнің белгілі бір бөлігін үздіксіз иеленіп, «аузына сүйек тістеген» жақтың оған қарсы болар жақ ашуының ызғары сезілмейді. Әрине, дабылға байланысты ара-тұра тексереді, ескерткен болады, үсті-үстіне пайдаға кенеліп жатқан инвестор үшін салмағы жоқ айыппұл салған болады.

Көкжидені сақтау мен қорғау әңгі­месінің өңірде басталғанына отыз жыл­­дың шамасы өтті. Оның соңғы 14 жыл бойғы мәселесі үздіксіз мұндай қал­дық­тарымен ластаумен байланыс өрбіп келеді. Қазақстанның қолданбалы экология агенттігі 2008 жылдан бері Көк­жиде құмдарының (белдеуінің) жерасты, үсті суларына мониторинг жүргізгенде, мұнай қалдықтарымен 7,5 есе артық лас­танғанын, іргелес Темір мен Жем өзендерінде 10 есе артқанын дәлелдеді. Айыппұл салынды, ескертілді. Алайда мұндай шаралардың жерасты, үсті суларын тазартуға ешқандай да септігі жоқ-ты.

Осы секілді ескертулер мен айып­пұлдар ауық-ауық жалғаса келіп, 2021 жылы Бас прокуратураның тап­сыр­масымен аймақтағы табиғат пай­даланушыларының жұмыстарын тексеру міндеттелген еді. Тексеруде сол мұ­най өндірілетін аймақта мұнай қал­дықтарымен жерді бүлдіру, ауаға кү­кірт сутегін шығару секілді заң бұзу­шылықтарын анықтап, 131 ұңғыны жабу жөнінде шешім шығарып, 200 млн теңгені құрайтын әртүрлі 170 айып­пұл салынды, ал жалпы залалдың құны 7 млрд теңгеге балап, энергетика министр­лігіне бұл жерде мұнай өн­діруді тоқтату мәселесін қойған еді. Жауабы көрінбеді. Бұл әңгімеден шы­ғатын қорытынды – Мұғалжар таулары мен тау сілемдеріндегі келеңсіздік аяқталса, оның қойнауы таусылған кезде аяқталатын секілді.

Биыл жыл басында Мемлекет бас­шысының «Әкімшілік бұзушылықтар туралы» және «Қылмыстар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту» мәселелері бойынша өзге­рістер енгізу туралы заңдарды қабыл­дауы бұған дейінгі тек айыппұлмен шектелетін өрескел бұзушылықтар енді қылмыс ретінде қаралатынына меңзейді. Себебі өзгертілген осы жаңа заңға сәй­кес жер қойнауын пайдаланудағы бұзу­шылық, тек бұзушылық емес, вандализм, яғни мән-мағынасы бойынша бүлдіріп қиратумен, тонаумен шектессе, ол – қылмыс деген сөз. Айыппұл шығынды өтеу, олқылықтың орнын толтыру десек, вандализм – қылмыстық жазаға тартылатын іс. Заңдағы осы өзгерістерге сәйкес те бұдан 400 миллион жыл шамасы бұ­рын су астында қалыптасып, мұхит тар­тылғанда сол құрылымын сақтап қалған өте сирек табиғи ескерткіш – біз әңгі­мелеген вулкандар шоғырын кез келген жерден табылатын қиыршық тастар үшін қиратып, тонап, бүлдіріп жатқан мұғалжарлық компаниялар енді жауапқа тартылып, айылын жияр деп ойлаймыз. Егер Үкімет, облыс әкімдігі, табиғат қорғау орындары белсенді түрде жанашырлық көрсетсе...

Осы ретте Мемлекет басшысы, Үкімет тарапынан табиғатты, оның игіліктерін қорғау және сақтау жөнінде қабылдап жатқан соңғы шаралары да, егер орындалатын болса, елде бұл мәселелерге деген орынды алаңдаушылықты азай­татынға ұқсайды. Мысалы, алтын, мыс, темір және көмір кендерін, мұнай мен газ саласындағы бірқатар нысандарды мемлекет меншігіне қайтару, 454 келі­сімшартты жария етуге пәрмен берілуі алда жалғасын табатын үлкен істердің сәтті бастауы болсын дейміз.

 

Идош АСҚАР,

журналист

 

Ақтөбе