Өңірдегі шаруалар көрмеге 200 бастан көп асыл тұқымды қошқар әкелген. Қазылар алқасы қойлардың салмағы мен бойына қарай баға берген. Көрмеде тоқты қошқардың салмағы 130, сақа қошқарлардың салмағы 201 келіге дейін жеткен.
Қой шаруашылығын дамытуға облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы баса мән беріп, шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қатысып, бұл көрменің маңыздылығына тоқталды.
«Мал тұқымын асылдандырумен айналысатын ғылыми зерттеу институттарымен жұмыс жүргізуге облыс бюджетінен арнайы қаржы берілді. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруда дәстүрлі сала – қой шаруашылығын өркендетудің маңызы ерекше. Ендеше, шаруаларымыздың ісі берекелі болсын!», деді Қ. Мәдібек.
Айта кетейік, аймақта қой өсіретін 1500-ден аса шаруашылық бар. Онда 3,5 млн бас қой бар. Бұл шаруашылықтарда еділбай, қазақтың құйрықты қылшық жүнді, меринос, қаракөл және де басқа тұқымдары өсірілуде.