Музей • 26 Сәуір, 2023

Ашық аспан астындағы музей

401 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министр­лігінің бастамасымен елорда ір­гесінде «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы салы­нып жатыр. 412 гектар аумақ­ты алып жатқан кешен еліміз­дегі ең үлкен ашық аспан ас­тындағы музей болмақ.

Ашық аспан астындағы музей

Қазіргі таңда музей аумағына қос қапталдан кіруге арналған биіктігі жеті метрден асатын кіреберіс қақпа мен бекініс қабырғаларының құрылысы басталды. Кіреберіс пен бекіністегі мұнаралар сол кезеңдегі технология бойынша арнайы жасалған құрылыс материалдарымен қапталады.

Жобаның негізгі мақсаты – ашық аспан астындағы музейде дала өр­кение­тінің озық жетістіктерін көр­сету. Мұнда Бозоқ қалашығымен қатар, энео­лит дәуірінен орта ғасыр­ларға дейінгі тарихи кешендердің тарихи реконструкциясы бой көтереді.

Әр кешенде материалдық және рухани мәдениеттің қалыптасу тарихы көрсетіледі. Олар – сарай кешен­дері, ғибадатханалар, тұрғын үйлер, металлургиялық және қыш пештер, ұс­таханалар мен шеберханалар, қолөнершілер орамы, ортағасырлық базар, петроглифтер және тағы бас­қалар.

– Бүгінгі жастар көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын ақпаратты жақсы қабылдайды. Жаңа форматтағы музей оларға сол дәуірдің атмосферасын, халықтың тұрмысын толық сезінуге және дала өркениетінің озық мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді. Бұл жоба болашақта еліміздің танымал туристік брендтерінің біріне айналатыны анық. Музей-қорық ашу туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Елорда өңірінің инвестициялық тар­тымдылығын жақсартады. Еліміздің Еу­разия далалық тарихының сақ­таушысы ре­тіндегі халықаралық имид­­жінің өсуіне оң ықпал ететін бо­лады, – деді «Бо­зоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени му­зей-қо­рығының директоры Сәуле Бөрібаева.

Болашақта ашық аспан астындағы музей инновациялық жоба ретінде елорданың ғана емес, еліміздің турис­тік картасында мәдени инфра­құры­лымға айналып, шағын және орта бизнесті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын құруға серпін береді деп жоспарланған.