Әдебиет • 14 Мамыр, 2023

«Сырғалымнан» «Дүнген қызына» дейін...

1458 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Баяу ырғақты әдемі ән адам жанын лезде жаулап алады... Ал Шәмші Қалдаяқов жазған үш жүзге жетеғабыл шығарманың басым бөлігі лирикалық туындылар бол­ғандықтан, халық оны «Қазақ вальсінің королі» атап кеткені белгілі. «Музыка ойланбайды, ойландырады» деген пәлсәпаға салсақ, Шәмшінің кез келген әні терең ойдың түбіне жетелей түсетіні ақиқат.

«Сырғалымнан» «Дүнген қызына» дейін...

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Музыка – рух пен сезім арасындағы делдал», депті неміс қаламгері Беттина Арним. Неміс романтизмінің негізін салушылардың бірі айтқан оймақтай ойға қосылмасқа лажың жоқ. Расында да, есті ән кейде рухыңды аспандатса, кейде сезім пернелерін дөп басып, адам жанын алыстағы аралға апарып тастайтыны бар.

Шәмші әндерінің ішіндегі шоқтығы биік шы­ғарманың бірі – «Дүнген қызы» әні. Әлбетте, талай әншінің шырқауы арқылы жүрекке қон­ған туындының тарихы Шәмші тұрған Жамбыл ауданындағы бұрынғы Дунгановка, қазіргі Жал­пақ­­төбе ауылымен астасып жатыр. Вальс королі жазған көңілді әннің мәтіні де жан тербейді.

«Түндей тұнық көздеріңнің қарасы,

Қосылардай қастарыңның арасы.

Жалт қарасам, жалын атқан ақ жүзің,

Алаулайды атқан таңмен таласып,

Сырғалым»,

деп басталатын әннің алғашқы шумағындағы сөзбен салынған сурет расында да бұл шығарма белгілі бір дүнген қызына арналған ба деген ойға шомдыратыны даусыз.

Әннің мәтініне зер салсаң, қайырмадағы «Өз­гені емес, өзіңді ойлап жүдедім, түсінер деп бір қазақ­тың жүрегін» деп келетін тармақтар да Шәм­ші­нің аталған әнді дүнген сұлуына арнап жаз­ға­ны­на күмән туғызбайтындай. Мәтіндегі осы екі жол адамды расында да түрлі ойға батыра түсетіні рас.

«Шәмші сол әнін дүнген сұлуына арнап жазыпты, ол адам өмірде әлі бар екен» деген сыңайдағы әңгі­мелер талай мәрте айтылды ғой. Ақиқаты қай­сы? Деректер не дейді? Әйгілі әннің шығу тари­хы туралы сан түрлі нұсқа тілге тиек болып жа­тады. Бір белгілісі, Шәмші Қалдаяқов бұл шығар­масын әуелде «Сырғалым» деп атаған. Тек кейін «Дүнген қызы» деп әннің тақырыбын өзгертіпті.

Әуелде жергілікті әнші Ғани Мәтебаевтың орындауында шырқалған «Дүнген қызы» әнін кейін Мақсат Базарбаев өз репертуарына қосып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленгені белгілі. Одан кейін де талай жас әнші орындады. Тіпті әйгілі шығарманы бүгінгі технологиямен жаңа­ша өңдеп, кавер түрінде орындаған жастар да баршылық.

Шәмші Жалпақтөбе ауылында тұрғанда аталған әннің жазылу тарихын жергілікті тұр­ғындарға айтып кеткен. Дүнген ұлтының өкілі Абухалил Маюфи естеліктерінің бірінде шығар­маның қалай дүниеге келгені туралы ойымен бөлісіпті.

«Уақытында Жалпақтөбе ауылына қарасты «Октябрь» колхозының халқы ауыл маңына сарымсақ еккен екен. Шіліңгір шілде айында топтасқан дүнген ұлтының арулары арамшөпті жұлуға жұмысқа шығады. Ақ көйлек киіп, басына орамал байлап, сырға таққан сұлулардың шеруін Шәмші қалт жібермей қарап отырады. Оның үстіне сарымсақ алқабы Шәкеңнің үйіне жақын тұста болатын. Шөп жұлудан шаршаған арулар қайтар жолда Шәмшінің қасына келіп, шағын үстелінен шай ішіп кететін көрінеді. Әңгіме-дүкен құрады.

Күндердің күнінде колхоз басшысы Махмуд Аширов екеуміз самалдап отырғанда Шәмші келді. Жаңа ән жазғанын, оның атын «Сырғалым» деп қойғанын айтты. Өз сөзінде ақ көйлек киіп, орамал тартып, сырға таққан сұлулар көрінісі аталған әнді жазуына себеп болғанын сөз етті. Қысқасы, әуелде «Сырғалым» деп аталған әнін кейін «Дүнген қызы» деп өзгертті. Бір анығы, бұл ән белгілі бір сұлуға арналып жазылмаған. Оны Шәмшінің өзі ашып айтқан», дейді ол естеліктерінің бірінде.

Әннің қайырмасын тыңдаған адам әйгілі туындының жиынтық образға арналғанына күмәнмен қарайтыны да бар.

«Кімге болсын сүйкімді бір баласың,

Көңілімді баурап алып барасың.

Күнге орайсың, гүлге орайсың жылда сен,

Елге жәннат ерке Талас даласын

Сырғалым.

        

Сені ойлаумен артта суық қыс қалды,

Сені ойлаумен жазғы ұзақ күн қысқарды.

Бақыт жайлы әнді бірге шырқайсың,

Қонақтатып қойып бауға құстарды,

Сырғалым!»

деп басталатын шумаққа зер салсаңыз, расында да Шәмшінің әніндегі мәтін жалқы адамға айтылып тұрғандай әсер қалдырады. Қайсыбір сұлуға сырын ашып отырғандай көңіл күй ауанын сезіне түсесің. Ал оның шумақ соңындағы «Сырғалым» сөзі бірінші жақта айтылғандықтан, әннің бір адамға ғана арналғанына ғана күмәнің қалмайды. Әрине, бұның бәрі тек қисын ғой.

«Сөз музыкаға зәру болғанымен, музыка сөзге зәру емес» деген әйгілі композитор Эдвард Григтің пайымын Сабырхан Асанов мәтінін жазған «Дүнген қызы» әні теріске шығарып тұрғандай. Ақын жанын жарып шыққан мәтін арқылы әйгілі әннің тарихы туралы түрлі әңгіме айтқандар аз емес қой.

Бір анығы, «Дүнген қызының» сазына сөзі үйлесе кеткені айдай анық. Содан да болса керек, өнерсүйер қауым кез келген жерде әйгілі туындыны қосыла шырқауға бейіл тұрады. Ал ән жұрт айтып жүргендей әлдекімге арнайы жазылмаған. Шығарманың өзегі – дүнген сұлуларынан құралған жиынтық образ немесе символикалық бейне.