Атауы айтып тұрғандай, жетім баланың тағдырынан сыр шертетін автобиографиялық әңгіме желісі көмескі тартқан өткен жылдарды суреттейді. Драмада автор Ақберен Елгезектің қиялындағы ғұмыры, өмірден көрген тауқыметі, арпалысқа түскен бақытсыз күндері бейнеленген. Əкесінен жастайынан айырылған ол, анасынан да тірідей айырылып, қоршаған ортадан пана іздейді. Өмірден өзі армандаған орнын табуға ұмтылған мақсаты, ұлы мұраттарға бастар асқақ арманы баяндалатын драма режиссерді ең әуелі шынайылығымен баурап алыпты.
«Ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағын» оқып шыққаннан кейін қатты толқыдым. Жүрекке жеткен шығарма болды десем де болады. Әдетте, көпшілік шығармашылық адамдары «тағдырым ұқсас болғандықтан осы туындыға тоқтадым» деп айтып жатады ғой. Менде ондай сәйкестік жоқ. Бірақ бұл – өміршең дүние, өмірде болған оқиғаларды баяндайтын тағдырлы туынды. Оның үстіне өзім де Ақберен ағаны іздеп жүріп оқитын оқырмандарының бірімін. Әсіресе поэзиясын жақсы көремін. Сондықтан сүйікті авторымның шығармасын сахнаға алып шыққаным мен үшін үлкен бақыт десем де болады. Бұл туындының өміршеңдігі сол – әрбір көрермен тұтастай шығармадағы оқиғаны басынан кешірмесе де, әрқайсысы өзінің балалық шағындағы сәттермен жолығады деп ойлаймын. Автордың кітапқа жазған балаң шақтағы қияли ойлары талай тағдырластарының өткенін еске алуға септігін тигізеді деп сенемін. Бүгінгі қойылымнан кейін лебізін айтып келген көрерменнің риясыз көңілі соның айғағы», дейді спектакльдің режиссері Әли Бидахмет.
Повесті төрт жыл санасында әбден пісіріп алып, сахналық нұсқасын жасаған режиссердің суреткерлік шешімімен драмада оқиға негізінен автордың атымен баяндалады және сол негізде қойылым сюжеті әрі қарай өрбіп отырады. Әрине, театр ұжымдары әсіресе прозалық шығармаларды сахнаға шығаруда мұндай тәжірибелерге жиі барғанымен, дәл осы туындыда бұл әдіс повестің спектакльге айналуына көп кедергісін келтіргендей әсерде қалдырды. Әдебиет тілі басқа, сахна тілі мүлдем бөлек екендігін ескерсек, повестің қойылымға айналу үрдісінде әлі де бір қайнауы ішінде кеткен әттеген-айлар көп. Соның бірі де осы – автордың атынан берілетін бірсыдырғы баяндау тәсілі. Осының салдарынан қойылым сахналық конфликті мен шытырмандығын бәсеңсітіп алған. Яғни инсценировканың әлсіздігінен қойылым повеске есе жіберіп алды, біздіңше. Одан бөлек, болатын оқиғалардың барлығы сюжетінен алдын ала хабар беріп қояды, салдарынан сахна туындысы сыйлар эмоциялық әсерлер әлсіреп қалып жатқанын да баса айту әділетті болады деп есептейміз. Қойылымға әлі де жүйелілік һәм сахналық туынды ретіндегі бейнесін айқындайтын көркемдік пен суреткерлік тәсілдер жетпей қалып жатты. Кейіпкерлер мінезінің мүсінделуі тұрғысынан екпін тек бас кейіпкерге түскен де, оның мінезі мен жалпы болмыс табиғатын, ішкі психологиялық күйлерін жеткізуге қызмет етуші айналасындағы қосалқы кейіпкерлердің характері көмескілікке ұрынған. Ішінде жүрекке жететін жалғыз монолог естісек, ол – анасының қайын інісіне жазған хатындағы ана мен баланың байланысы турасындағы жүрек тебірентерлік аяулы сөздер ғана.
Режиссердің көрермен көңіліне күлкі сыйлаймын деп сахнаға көлікті шығарып, оның ішіндегі ер мен әйел арасындағы қарым-қатынасты тәптіштей баяндауға ұмтылған шешімдерін де театр мәдениеті мен эстетикасы биігінен қарасақ, аса сәтті шешімдер деп айта алмас едік. Бірақ дәл осындай арзан дүниелерді режиссер езуге күлкі шақырудың һәм өткен дәуірдің атмосферасын беруші басты көркемдік құралдары етіп алуы көңілді күмілжітті. Шыны керек, сахнаға ескі машинаның жарығын жағып шығып келе жатқанын көргенде елең етіп, жаңалық күткен көңілмен жадырай қарсы алғанымыз рас. Алайда әрі қарайғы оқиғаның өрбуі, өкінішке қарай, ол үмітті ақтамады. Алдыңғы оқиғалармен еш қабыспайтын, тек қолда бар сахналық реквизиттерді ретті-ретсіз пайдалана салу үшін ғана жасала салған сәтсіз шешімдердің біріндей әсер қалдырды. Есесіне, сценография жағынан ізденістер көңілге құрмет орнықтырды. Сахна төрінен көрініс берген жауын мен бас кейіпкердің өксік толы жанының қабысуы немесе жарқыраған баданадай жұлдыздармен егіз өрілген болашақ ақынның арманшыл көңілі – осы сынды сәтті шешімдер аз да болсын театрдың заманауи техникалар сыйлаған жетістіктерін паш етті және сонысымен көңілге қуаныш та сыйлады. Қойылымды музыкамен көркемдеген Сұлтан Тұрсынбековтің ізденістеріне де қуана қол соқтық.
Ал жоғарыда атап өткеніміздей, екпін түсірілмегендіктен де жарқырай көрінуге тиісті, драмаға өткірлік сыйлауға қызмет етер қосалқы кейіпкерлердің көпшілігінің мінезі көмескі тартқан, әлі де ізденіске сұранып тұр. Салдарынан бас кейіпкер бейнесі де солғындыққа ұрынған.
– Бұған дейін де «Маугли» сияқты ертегілерде балалардың рөлін ойнап жүргеніммен, дәл Ақош сияқты тағдыры қиындыққа толы кейіпкер бейнесін шығару оңай болған жоқ. Спектакльге дайындалған бір жарым ай уақыттың ішінде барынша жан-жақты ізденуге тырыстым, ішкі эмоцияларыма ерік бердім. Одан кейін премьерадан бұрын автормен алдын ала кездесіп, көңілімізде жүрген сұрақтарымызды қойып, сауалымызға толыққанды жауап алуымыз да рөл сомдауға көп көмегін тигізді. Әрине, автордың алдында оның прототипін ойнау оңай емес. Бірақ Ақберен аға бізге барлық жағынан еркіндік берді. Кейіпкерімізді іштей қалай көрдік, солай сахнаға да барынша шынайы шығаруға тырыстық», дейді спектакльде бас кейіпкерді ойнаған актер Қазыбек Аманжол.
Рас, режиссер де, актер де баса атап өткендей, болған оқиғаны, боямасыз өмірді баяндайтын шығарма қай кезде де көрермен көңіліне жетеді. Осы тұрғыдан келгенде «Болмаған балалық шақ» өз діттегенін бағындырды. Оны автор да қуаттады.
«Болмаған балалық шақ» екінші рет сахналанып жатыр. Бірінші рет Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында талантты інім Фархат Молдағалиев қойды. Қойылым күні бүгінге дейін аншлагпен өтеді. Енді міне, Астанадағы Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында жас болса да талантты режиссер Әли Бидахметтің сараптауында повесіме тағы бір сахналық өмір сыйланды. Екеуі екі бөлек спектакль, екі бөлек режиссердің көзқарасымен қойылды. Сондықтан да әр қойылымның әсері бөлек. Контрасты душ қабылдап тұрғандай бір күліп, бір жыладым», деп қойылым соңында сахна төріне көтерілген автор Ақберен Елгезек «Болмаған балалық шағы» туралы сөзі мен сезімін тебірене түйіндеді.
Өмірдің өзінен өрілгендіктен де ақынның «Болмаған балалық шағы» көрерменін түрлі көңіл күйге жетеледі. Күліп отырып жылаған да, жылап алып күлген де көрермен көп болды. Демек қойылым көпшілік көңіліне жетті. Ал біз айтқан азды-кем кемшілік уақыт және дайындықпен бірге өз орнына түседі деп сенеміз.