Халел Арғынбаев Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытұлының елі – Әулиелі Қызылтауда дүниеге келген. Тірісінде этнография саласының көшбасшы ғалымы атанып, соңына елеулі зерттеу еңбектерін қалдырды. 1973 жылы ғалымның «Қазақ халқындағы семья мен неке» (тарихи-этнографиялық шолу) атты күрделі монографиясы жарық көрді. Ол 1996 жылы «Қайнар» баспасынан «Қазақ отбасы» деген атаумен екінші рет кітап ретінде басылып шықты. Бұл – автордың ширек ғасыр бойы ел арасынан, этнографиялық экспедициялардан, мұрағаттардан және бұрын-соңды баспа жүзін көрген әдеби мұралардан жинаған қыруар этнографиялық зерттеу еңбегі. Онда қазақ отбасының өткені мен бүгіні, халқымыздың оған байланысты бай салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары терең қамтылған. Кітапта халықтың ұмытылып бара жатқан озық әдет-дәстүрлерін кеңінен насихаттау, одан ғибрат алуға үндеу мақсат етілген. Бұл еңбектен басқа «Қазақ халқының қолөнері», «Хозяйство казахов», «Қазақ шежіресі хақында», «Казахи. Историко-этнографическое исследование», т.б. маңызды дүниелерді жарыққа шығарды.
Белгілі ғалым Жамбыл Артықбаев былай деп жазады: «Қазақ этнография ғылымы Халекеңнен басталады. Халекең үлкен кітап түгілі, әр мақаласына барынша жауапты қарайтын, ғылымдағы асығыстыққа қарсы адам еді. Ол жағынан Халекеңді ғылымдағы академиялық дәстүрдің өкілі деп толығымен атауға болады. Біз кандидаттық диссертациямызды отызға жетер-жетпесте асығып қорғап жатқанымызда, ол кісі өзінің 36 жасында алғашқы ғылыми атағын қорғағанын айтатын. 1960 жылы Мәскеуде Х.Арғынбаев «Историко-культурные связи русского и казахского народов и их влияние на материальную культуру казахов» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұл диссертацияда ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы тарихи-этнографиялық деректер негізінде және өзінің шекаралық алқапта ерінбей-талмай жаяулап жүріп жинаған материалдарының негізінде Ертіс бойындағы қазақ-орыс қарым-қатынастарының әртүрлі саласын қарастырған. Ертіс бойы қазақтарының өзге ұлт өкілдеріне әсері күшті болғанын сол жердің тумасы Г.Потанин де кезінде жазған еді. Халекеңді бұл жағынан Ш.Уәлихановтың, оның досы Н.Потаниннің жолын жалғастырушы деп те атауға болады».
Қазақтың туысқандық жүйесін, халық шаруашылығының ерекшелігін, қазақ қолөнерінің бірегейлігін зерттеп, онысын үнемі екі тілде жариялап отырған ғалым 1960-1970 жылдары ғалымдардың әлемдік басқосуларына жиі қатысып, ғылыми баяндамалар жасаған. Қазақ этнографиясының жетістіктерін жариялап, Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан этнографтарымен қарым-қатынаста жұмыс жүргізді.
Х.Арғынбаев қазақтың ат әбзелдеріне алғаш рет ғылыми тұрғыдан баға беріп, ондағы әрбір деталь мен ою-өрнекті талдап, олардың қолданысы жайында кеңірек сипаттаған. Қамшыны «мүйіз сапты қамшы», «тобылғы сапты сарала қамшы», «ырғай сапты қамшы», «үш өрімді қамшы», «сабы елік сирағынан жасалған қамшы», «өрме сапты қамшы», «қамшы өрімін өзінен өру үшін жасалған қамшы» деп жетеуге бөлген. Бұған қоса құйысқан, өмілдірік және тартпа түрлерін де жіктеп берген. Ғалым кезінде суретшілігімен де аты шыққан екен. Өзі зерттеген кез келген этнографиялық бұйымды айна-қатесіз суретке түсіріп, баспаханалардан түзетусіз шығарған. Көкшетаудағы музейден 1956 жылы суретін салған қазақ садағының ерекше түрі де таңғалдырады.
«Халел Арғынбаевтың ғылымда өнімді жұмыс істеген уақыты – 1960-1980 жылдар. Сол кезеңде ғалым 30-ға жуық ғылыми экспедицияның жетекшісі болып, еліміздің барлық аумағын аралап шыққан. Кейін жазған құнды материалдарын ғылыми жинақтар мен журналдарда, шетел басылымдарында жариялайды. Тағы бір ірі монографиясы «Қазақ халқының қолөнері» деп аталады. Қазіргі этнографтар мен қолөнершілер үшін бұл таптырмайтын еңбек», дейді Павлодардағы Г.Потанин атындағы Тарихи-өлкетану музейі этнография бөлімінің басшысы Жеңісбек Қадырұлы.
Жуықта бұл музейде ғалымға арналған бұрыш ашылды. Онда тұлғаның қолжазбалары мен еңбектері, фотосуреттері мен жеке заттары қойылды. Бұл жәдігерлерді қызы Мақпал Арғынбаева арнайы әкеліп тапсырыпты. Этнограф ғалымның соңына қалдырған мұраларын музейге келушілер қызыға тамашалап, ұлттық салт-дәстүр, қолөнершіліктің қыр-сыры жайында кеңірек мағлұмат алып жатыр.
Атап өтерлігі, алдағы жылы этнограф ғалымның туғанына 100 жыл толады. Әйгілі ғалымның есімін жас ұрпаққа насихаттау, есте қалдыру іс-шаралары жөнімен ұйымдастырылып, баянды істер атқарылады деп сенеміз.
Павлодар облысы