Мәжіліс депутаттары Амантай Жарқынбек пен Нұржан Әшімбетов жұмыс сапарымен Павлодар облысына барып, Ақсу қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысымен танысты.
Мәжілісмендер Ақсу қаласына қарасты Пограничник ауылына сапары барысында проблемалық нысанға айналған фельдшерлік амбулатория мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін аралады. Қазірдің өзінде олардың құрылысы бекітілген кестеден кешігіп жатыр. Амбулатория мердігері оның мерзімінде іске қосылатынын айтты. Дегенмен депутаттардың пікірінше, жоба толықтыру мен түзетуді қажет ететіндіктен, жұмыс көлемі артуы мүмкін.
Сонымен қатар депутаттар Ақсу қаласындағы магистральдық және таратушы жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Мәжілісмендер Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында құрылысы 2021 жылы басталған Мұз сарайында да болды. Бүгінде оның іргетасы ғана құйылған, құрылыс әлі созылып жатыр. Сапар соңында депутаттар азаматтарды қабылдап, талап-тілектерін тыңдады. Тұрғындар жайылым жерлерге қатысты сауалдарын қойды.
* * *
Сенат депутаттары Жанболат Жөргенбаев, Геннадий Шиповских, Закиржан Кузиев Алматы облысына барды. Депутаттар Қонаев қаласына сапар барысында суару жүйесін жаңғырту жөніндегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, су пайдаланушы шаруашылықтардың өкілдерімен кездесті.
Су пайдалану шаруашылықтарының өкілдерімен кездесу барысында сенаторлар сумен жабдықтауға, су жинау құрылыстарындағы санитарлық-қорғау аймақтарын күтіп ұстауға, су шаруашылығы объектілерін тазалауға және күрделі жөндеуге байланысты өзекті мәселелерді талқылады.
Сенаторлардың сапары Іле ауданында одан әрі жалғасты. Онда сенаторлар Қараой ауылдық округіне тиесілі «Шала» және «Құралас» арналарының жай-күйімен, Ащыбұлақ ауылдық округіндегі тазарту құрылысының барысымен танысып, су пайдалану шаруашылықтарының өкілдерімен кездесті.
* * *
Мәжіліс депутаттары Ерболат Сатыбалдин мен Аманжол Әлтай Ұлытау облысының Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір кентінде орналасқан құс фабрикасы құрылыс оның жұмысымен танысты.
«Ахтямов» шаруа қожалығы – «Amanat» партиясының Сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасындағы нысандардың бірі. Сондықтан оның сапалы әрі өз уақытында аяқталуын партия өз бақылауында ұстап отыр. Фабрика құс еті, жұмыртқа және құрама жем өндірумен айналысады.
Өңірге арнайы барған Мәжіліс депутаттары фабриканың жұмысымен толық танысып шықты. Облыста құс өнімдерін тұтынуы 3 500 тонна болса, бұл фабрика соның 30 пайызын өтейді. Бұл жергілікті өнім өндіріп, оны нарыққа шығару үшін үлкен мүмкіндік береді.
* * *
Сенат депутаттары Ернұр Әйткенов пен Алтынбек Нухұлы Екібастұздағы жылу энергетика орталығына барып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
Депутаттар ЖЭО-да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан учаскелерді қарады және жылу беру маусымына дайындық үдерісіне куә болды. Стансада барлық 10 қазандықты жөндеу қарастырылған, оның ішінде 8 қазандықта күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. Су жылытатын 5 қазандыққа бюджет қаржысы есебінен күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ 5 энергетикалық қазандықты, қосалқы жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланып отыр.
* * *
Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласына барды. Онда Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі жатақхана мәселесін талқылады.
1 200 орынға арналған екі студенттік жатақхана Петропавл қаласының орталығында оқу орны 500 метр қашықтықта орналасады. Құрылыс белсенді қарқынмен жүріп жатыр, қазір нысанда 90 адам жұмыс істейді, мердігер – жергілікті «Основание» ЖШС. Мердігердің айтуынша, жатақхана 2024 жылдың тамызына дейін дайын болады. Құрылыстың алты айға кешіктірілуінің себебі – тендердің басқа қатысушысының дауласуына байланысты сот процесі өткен.
«Жылу мен су болмаса, объект іске қосылмайды. Біз Петропавл әкімдігінен жақын жерде орналасқан үш үйді сатып алу керек деген мардымсыз жауап алдық. Егер қараша-желтоқсан айларында инфрақұрылым жасалмаса, онда мердігердің пайдалануға берілуі әлі белгісіз уақытқа кешіктіріледі. Ол қыста ішкі жұмыстарды жүргізе алмайды», деді Еркебұлан Мәмбетов.
* * *
Сенат депутаты Амангелді Толамисов Шығыс Қазақстан облысында болып, аймақ тұрғындарымен кездесті.
Сенатор өңірге сапар барысында Абай облысының Аягөз ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады, емханалардың жұмысымен, қала құрылысындағы проблемалармен танысты.
«Сенаттың қазіргі кездегі негізгі міндеттерінің бірі өңірлердің мүддесін білдіру. Осыған байланысты біздің жұмысымызға жергілікті маңызы бар проблемалық мәселелермен танысу аса маңызды. Сондықтан өңірлердің тұрғындарымен мұндай кездесулердің бізге көмегі зор. Сіздер көтерген барлық мәселелерді ұдайы бақылауда ұстайтын боламыз», деді сенатор.
Сенатор сонымен қатар өңірдегі «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру барысымен де танысты.