Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Стадион шу ете қалды. Әлгі доптебер жер-көкке сыймай стадионды айналып жүгірген сайын халықтың да қошеметі артып, айқай-шудан құлақ тұнады. Әріптестері қаумалап төбесіне көтереді. Гол салған футболшы одан бетер масаттанып, шу көтерген жанкүйерлерге таман тер сіңген жейдесін шешіп лақтырғанда... Қол жетер жердегілер бір-бірін баса-көктеп, қырылып қала жаздайды. Ойламаған жерден қолына терге шылқыған жейде түскен жанкүйердің басы бақыттан айналары хақ. Осының бәрі халық үшін қызық, емірентер естелік. Жас баладай жанкүйер футболшының қақпаға доп тоғытқанын қызықтайды. Тіпті жете алмай қалғандары ғаламтор арқылы бәске ақша тігіп бақылайтын болған. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» дейтін қазақ, ертеректе. Қазір бәрі керісінше. Доп ойнай білген озатын болды. Ала допшы қауымның өнерін, халықтың ықыласын күстәналау ойымызда жоқ. Жан азығын, ұлы рух сәулесін шашып-төгіп жүретін әдебиеттен бұл да қақас қалмаған тақырып.
«Ақынбыз» деп қақпай-ақ кеудемізді,
Айналамыз таниды кейде бізді.
Футболистер сияқты жанкүйерге
Жыртып-жыртып бермей-ақ жейдемізді,
Айналамыз таниды кейде бізді…»
дейді Әбдіраштың Жарасқаны.
Ғажап қой! Осы шумақтағы астарлы ойды түсінген жүрек иесі кекесінді қоса ұғар еді.
Футболшының еңбегі мен өнерінде гәп жоқ. Қабілет пен еңбек, шабыт пен шеберлік, тағы басқалары қосыла келе «го-ол!» деген жалғыз ауыз сөздің айналасына тоқайласады. Ал ақындар ше? «Футболистер сияқты жанкүйерге жейдесін жыртып-жыртып бермейді», бірақ жүрегін ұсынады ғой. Гүлдей жүрегін! Тер сіңген жейдеңіз не, аяулы жан сіңген, рухани нәр сіңген, сезім мен әр сіңген жүрегін, оттай жанған жүрегін оқырман алдына лақтыра салғанда... Сіз не күй кешеріңізді білмеймін. Меніңше жыр тәңірінің өзі әрі-сәрі күйде аңтарылып қалатын шығар сол сәтте. Менің ойыма орыс әлеміне кеңінен танымал, сөзін Андрей Вознесенский жазды дейтін, А.Пугачева орындайтын «Миллион алых роз» мәтінінің оқиғасы оралды. Әлгі әртістің есігінің алдына төселген мыңдаған раушан гүл – суретшінің сезім толы жүрегі емей не? Махаббатқа масайған жүрек қана солай мыңдап гүлдей алады. Махаббатқа толған жүрек гүлдеуден жалықпайды. Ал ана гүлді ұнататын актриса неге тоқтамады миллиондаған гүлдерге? Меніңше, ол сахналарда мыңдаған халық алдында алғанды ұнатқан. Гүлді шын сүйе алмаған, халықтың қошемет, қолпашына мас болған сияқты. Халық та сондай, кейде...
«Өмір бізге үйіндей әкеміздің,
Жібереміз әкесін қатеңіздің!
Жабылмайды есігі жанымыздың,
Жабылмайды есігі кафеміздің,
Өмір бізге үйіндей әкеміздің!
Туғандаймыз уақыттан ерте, дара,
Ортаға да түсеміз,
Алқаға да!
Ерке бала көнбейді қақпайлауға,
Таяқты да көп жейді ерке бала,
Туғандаймыз уақыттан ерте, дара!
Бара алмайды ондайға әркім біткен,
Әркім біткен,
Әліптің артын күткен.
Жүректерді біз егер тұтқындасақ —
Тұтқындайтын шығармыз еркіндікпен!»
Демек, еркіндіктің сыры тереңде. Еркіндік ел ойлағандай халықтың алдына шығып, өңеш керіп, жұлынып, көпті еліктіру емес. Жүректің, жанның қалауы арқылы ізгілікке, аңсар сезімдерге қол созу. Тіпті орындалмасын білсе де, тәуекел ету. Ғашық болып қалған ақындай немесе «Миллион алых роз» әніндегі суретшідей махаббатының жолына бүкіл үй-күйін сатып жіберіп гүл төсеу. «Жыртып-жыртып бермей-ақ жейдемізді...». Ондай ерлікке бару үшін де жүрек толы махаббат керек шығар.
Ақындар сезім шүпілдеген жүрегін халқының алдына лақтыра салып, тәңірінің қалауымен қайта тіріліп, қайта маздап өмір сүріп келеді. Сезім ғана жасырылған ба ол жүрек ішінде. Не жоқ дейсіз? Ақыл-ой мен рух қазынасы! Стадионға көп бармайтын, барса да елден ерекшеленіп жүретін, дыр-думанға еріп кетпейтін оларды «заманға күйлеген» қайсыбір топ «біртүрлі, қалып қойған» деуі әбден мүмкін. Дұрыс, олар рух пен парасат патшалығында қалып қойғандар.