Экономика • 17 Тамыз, 2023

Қазақ-Қытай бизнес-форумы

215 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қытайдың ірі экономикалық және өнеркәсіп орталығы саналатын Шэньжэнь  қаласының 200-ден аса кәсіпкері қазақ-қытай бірінші бизнес форумына қатысты. Қазақстан-Қытай саудасына жәрдемдесу қауымдастығы мен Shenzhen Cross Supply Association бірлесіп ұйымдастырған  іс-шара. Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстыру үшін болашақ қытайлық инвесторларды жинады.  

Қазақ-Қытай бизнес-форумы

Форумның ашылуында Қазақстан Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин екі ел халықтары арасында қалыптасқан тығыз байланыстарын атап өтті.

«Біздің елдер, мәдениеті пен экономикасы бұрыннан келе жатқан достық және серіктестік қатынастармен тығыз байланысқан Мемлекет басшылары жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше назар аударады. Жақын арада визасыз режімді ашуды пысықтап жатырмыз. Бұл мәдени-гуманитарлық және экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға айтарлықтай серпін беретіні сөзсіз», деді С.Жұманғарин.

Вице-премьер Қазақстанға тартылатын инвестициялардың негізгі үш бағытын айқындады. Біріншісі – логис­тика, бұл қолданыстағы бағыттарды дамытып, жаңа бағыттарды ашуды, инфрақұрылым жүргізіп, жүктеу-түсіру орталықтарын ашуды көздейді. Осы бағыт ірі көлік операторлары үшін ерекше қызығушылық тудырады.

«Бүгінде шекара маңында сауда-экономикалық хабтар, логистикалық орталықтар желісі құрылуда, олар әрі қарай кеңейту әлеуеті бар ЕАЭО және Орталық Азия елдерінің негізі болмақ. Қазақстанның әр облысындағы ерекше­ліктерді ескере отырып, құрылған арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар бар. Оларға салықтық преференциялар пулы ұсынылып, арнайы құқықтық режім қолданылады. Салықтар мен баждарды төлеуден босату түріндегі инвестициялық преференциялармен қоса, жақында инвесторларға бастапқы кезеңде жүктемені азайтуға бағытталған инвестициялық салық несиесі енгізілді. Яғни инвесторларға корпоративтік табыс салығы және мүлік салығы аясында төлемдерді үш жылға дейінгі мерзімге 100%-ға төмендету мүмкіндігі беріледі», деді С. Жұманғарин.

Бүгінгі таңда Қытай шекарасында кедергісіз сауданы дамыту үшін «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА қалып­тастыру толығымен аяқталды. АЭА инфрақұрылымына индустриялық және ло­гис­тикалық аймақтармен қатар, 2015 жылы елдің шығысында жүктер­ді жинау мен тарату үшін іске қосыл­ған құрғақ порт кіреді. 2014 жылы Ляньюнь­ган пор­тында қытай­лық серіктес­термен бірлес­тікте логисти­калық терминал құрылды.

Вице-премьер инвестициялар үшін екінші бағыт ретінде өнімді терең өңдеуді, ал үшінші бағыт ретінде ауыл шаруашылығын атап өтті.

Сонымен қатар Шэньчжэнь қаласында Қазақстан делегациясы және Қытайдың ірі кәсіпкерлері, қыз­­мет­тер, технологиялар мен та­уарлар жеткізу­шілердің жоғары рей­тингі­не енген компаниялар өкілдері, ауыл шаруашылығы, көлік, логис­тика саласындағы жаһандық ірі экспорттаушылардың қатысуымен өзара ынтымақтастықты дамыту мәселе­лері талқыланған дөңгелек үстел өтті.

Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация­ның атынан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов, ИИДМ Индустриалық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Рүстем Асылбек, «ҚТЖ» ҰК» АҚ және басқа да мамандандырылған кәсіпорындардың жетекшілері қатысты.

«Бүгінде Қазақстан-Қытай ын­ты­мақтастығы жоғары деңгейлі бай­ланыстардың жоғары серпінімен және сауда-экономикалық өзара іс-қимыл, инвестиция тарту, көлік-логистиканы дамытудың кең ауқымды салаларымен сипатталады. Мамыр айында Сиань қаласында өткен кездесу барысында Қазақстан мен Қытай басшылары алдағы жылдары өзара тауар айналымын 40 млрд долларға жеткізу міндетін қойды. Бұл көрсеткішке жақын арада қол жеткізетінімізге сенімдімін. Бірақ біз үшін сандық көрсеткіштен бөлек, мазмұнының сапасы маңыз­ды. Қазақстан Үкіметі сіздердің кө­мек­теріңізбен, тәжірибелеріңізбен және жинақталған технологиялық әзірлемелердің мықты қорымен жоғары өңделген тауарларды өндіру көлемін барынша арттыруға мүдделі. Қазақстанда өндірілген өнімнің артықшылықтары басым. Біз ЕАЭО кеңістігіндеміз, бұл дегеніміз 160 млн адамға бағыттылған нарыққа шығуды білдіреді», деді С.Жұманғарин.

Аға экономист, Қытай ауылшаруа­шылық машиналарын тарату қауым­дастығының (CAMDA) президенті Фан Цзяньхуа қауымдастық ұйымдастырған халықаралық ауылшаруашылық техникасы көрмесінің алаңын Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы үшін көпір ретінде пайдалануды ұсынды. Бұл көрме – бүкіл әлемге танымал және Азия­дағы ең үлкен көрме. CAMDA атынан қауымдастық Қазақстанға сау­да және инфрақұрылым құрылысы саласында инвестициялау үшін күш салуға дайын екенін мәлімдеді.

Қытайдағы фосфат тыңайтқыш­тарын өн­дірушілер қауымдастығының төр­ағасы Сюй Сюэфэн Қытайдағы тыңайт­қыш өндірісінің дамуы туралы айтса, Қытай тұқым саудасы қауым­дас­тығының бас хатшысы Тянь Вэйхун Қазақстанда тұқым өндіру индустриясын бірлесіп дамытуды ұсынды.

Өз кезегінде Қазақстан тарапы бір­лестіктің бір топ мамандарын тамыз айында Қазақстанға келіп, ынтымақтастық жолдарын талқылауға шақырды.

Басқа қатысушылар тарапынан ауыл шаруашылығы техникасын өн­діру, интернет-банкинг, ауыл шаруа­шы­лығындағы инновациялық технологиялар саласында ынтымақ­тастықты жолға қою туралы ұсыныстар айтылды.