Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Бас жоспарға сәйкес қазірдің өзінде Астанада жүйесіз салынып жатқан нысандар құрылысын ретке келтіру жұмысы басталып кетті. Талапқа сай келмегені үшін 83 нысанның құрылысы тоқтатылды. Сонымен қатар жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, елордада инженерлік-коммуникациялық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр.
Астана халқының саны тез өсіп, 1,5 млн-ға жеткенімен, соның әсерінен көшеде туындаған кептелісті түйіні тарқамайтын түйткіл деуге келмес. Өйткені қалада кез келген нүктеге 30 минутта жетуге болады. Әуелгі жоспар бойынша бас шаһар Есілдің жағасын бойлай қонып, соның негізінде дамып келеді. Соған сәйкес Есілдің үстіндегі көпірлердің кептелісті реттеудегі рөлі маңызды. Мәселен, былтыр ғана Ұлы дала көшесінің жалғасы ретінде пайдалануға берілген көпір орталық көшелерге түсетін қаншама жүкті жеңілдетті. Сол сияқты Тәуелсіздік даңғылын Есіл үстінде ұзартатын көпір жыл соңына дейін іске қосылып, көлік ағынын әжептәуір азайтпақ. Сонымен қатар елорда әкімдігі алдағы жылы Есілдің жоғарғы ағысы, Тұран даңғылы маңында да екі көпірдің құрылысын бастамақ ниетте. Осылайша, Есілдің арғы жағы мен бергі жағын қаланың әр тұсынан жалғау арқылы кептеліс дейтін күрмеу тарқатылмақ.
Бұған қоса кептеліс мәселесін реттеуде Сергек бағдарламалық кешені тиімді болып отырғанын атап өткен жөн. Орталық басқару жүйесіне қосылған бейнекамералар жүргізушілерді тәртіпке шақырып қана қоймай, кептеліс бағыттарын анықтап, оны дереу шешуге септігін тигізіп жатыр.
Қала халқы санының өсуін назарға ала отырып, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында биыл 400 автобус қоғамдық көлік қатарын толықтырмақ. Бұған қоса маршруттар саны артып, 31 тамыздан бастап №49 және №57 екі жаңа бағдар іске қосылады деп жоспарланып отыр. №49 бағдар Мамандандырылған ХҚО-ны Бас мешітпен байланыстырады. Бұл «Көктал-1» – «Көктал-2» тұрғын алаптары және «Көктал» паркінің «Жағалау» тұрғын алабымен көлік байланысын жүзеге асырып, Ш.Айтматов, Сығанақ және Бас мешіт көшелеріне көліктік қызмет көрсетуді жақсартады. Ал №57 бағдар «Нұрлы жол» теміржол вокзалы мен Қазыбек би көшесін біріктіреді. Бұл бағытты іске қосу Төле би көшесінде қызмет көрсетуге, Сығанақ, Сарайшық, А.Байтұрсынұлы көшелерінде көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Көше қозғалысын реттеу мәселесі сөз болғанда 10 жылдан бері жыры бітпей, әбден мазаны қашырып, басты қатырған ЛРТ құрылысын айтпай кету мүмкін емес. Табанға қадалған тікендей қала тіршілігіне жайсыздық тудырған бұл тіреуіштерді тегістеп тастайын десең, қып-қызыл шығын, ал құрылысты жалғастырайын десең, тағы да қомақты қаржы қажет. Не істемек керек? Бұл мәселені шешуде бірінші кезекте тұрғындардың мүддесі ескерілуі керек-ақ. Қай шешім азаматтардың мүддесіне сәйкес келген болса, сол шешім дұрыс болмақ. Осы тұрғыдан келгенде, егер 10 жылдан кейін қала халқы 2,5 млн адам болатын болса, баламалы қоғамдық транспорттың болуы шарт. Онсыз да қалада трамвай, троллейбус жоқ. Тұрғындар тек автобустармен қатынайды. Таксимен жүретіндер қаншама? Бұның өзі қаладағы көлік кептелісіне қосымша қысым екені анық. Осы ретте өзін-өзі ақтамаса да, халыққа тигізер пайдасы маңызды ЛРТ жобасының жалғастырған жөн. Бірақ алдағы уақытта ЛРТ-ның келесі даму сатысы халықтың кең талқысынан өтуі қажет. Өз кезегінде қала басшылығы бүгінде ЛРТ құрылысын қайта жалғап, үдере жұмысқа кірісіп кетті. Жоспар бойынша 2025 жылы алғашқы жолаушылар Астананың жерүсті метросымен қатынайды.
Қаланың құрылыс жоспарына сәйкес барлық қоғамдық ғимарат маңындағы тұрақтардың көлемі бекітіледі. Құрылыс нормаларында бекітілген көлемдегі автотұрағы жоқ қоғамдық нысандар қолданысқа берілмейді.
Елордада әлеуметтік нысандардың да құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, қазіргі уақытта 14 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның 11-і жаңа оқу жылы ішінде ашылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанада алдағы екі жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 24 мектеп салынады. Мұның барлығы 90 мыңға жуық оқушы орнын (2 ауысымды) қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы жазда жаңа Оқушылар сарайы да есігін айқара ашпақ. Тұран даңғылында орналасқан 5 қабатты ғимарат жеке инвестициялар есебінен салынып, 1 қыркүйекте ашылады. Бұған қоса 3 жыл ішінде 15 Оқушылар сарайын салу жоспарда тұр.
Елорданы көркейту мақсатында қаланың барлық ауданында аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Биыл 150-ден аса аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылмақ. Әкімдік абаттандырумен қатар көгалдандыру мәселесіне де ерекше назар аударып отыр. Биыл қалада бір миллион жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер, т.б.) отырғызу жоспарланған. Оның 500 мыңы қаланың жасыл белдеуі аумағында.
Қаланы газдандыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 10 тұрғын алабы және 3 шағын аудан газға қосылды. 650 шақырым газбен қамту желісі салынды. 200 мыңға жуық адам газға қол жеткізді. 17 әлеуметтік нысан газға қосылған. Биыл аудандық «Тұран», «Тельман» қазандықтары мен «Ильинка», «Тельман», «Пригородный», «Семейный поселке», «Өндіріс» теміржол вокзалына газ құбырларын тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Тұтастай алғанда тұрғын үй аумақтарын газдандыру және энергия көздерін газға көшіру атмосфераға шығындарды жылына 40 мың тоннаға қысқартуға, сондай-ақ газ баллондарын пайдаланумен байланысты төтенше жағдайларды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса қаланың тіршілігі тұраламауы үшін «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары және ЖЭО-3 нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Осындай қарқынды жұмыстармен қала инфрақұрылымы жетіле түсіп, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қызмет ете бермек. Астананы дамыту бағытындағы тың әрі тиімді шешімдер – қолайлы қала қалыптастырудағы маңызды қадам ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріне де үлгі. Бұл ретте Президенттің қадағалауымен қайта жасақталып жатқан Бас жоспар елорданың бет-бедерін одан сайын айшықтап, беделін асқақтата түседі.