– Айдар Мүтәлікұлы, өзіңіз басқаратын оқу орнында маман даярлаудың қандай ерекшеліктері бар?
– Жалпы, біздің академия ішкі істер органдарын қылмысқа қарсы іс-қимыл және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде озық білім мен кәсіби құзыреттілікке ие жаңа форматтағы жоғары кәсіби кадрлармен толықтырудың жетекші орталығына айналуы үшін барлық күш-жігерін жұмсап жатыр. Бұл жағдайда түлектердің бойында аталған қасиеттерді дамытуға көп жағынан спорт көмектесетінін айтқым келеді. Себебі спортпен шұғылдану арқылы адам, ең алдымен, өз дене мүшесінің қозғалысын басқару қабілетін жетілдіріп, нығайтатыны анық. Сондай-ақ спорт физикалық қасиеттерді дамытумен қатар, адамның интеллектуалдық қабілетін де қалыптастырады. Осыған дәлел ретінде шахмат ойынын айтар едім. Бұл ойын – интеллект пен стратегиялық ойлауды дамытуға арналған спорт түрі. Шахмат ойыны тек интеллект пен логиканы ғана емес, полицейлер үшін зейінді шоғырландыру, өз стратегиясын талдау және әзірлеу, байсалдылықты жоғалтпау, әртүрлі қиын жағдайда тез және дұрыс шешім қабылдау, ақылға қонымды тәуекелге бару немесе тәуекелден бас тарту сияқты маңызды қасиеттерді дамытуға көмектеседі.
– Сөзіңіз аузыңызда, шахмат ойыны академияда жақсы дамығанын білеміз. Сол жайында аз-кем тоқталып өтсеңіз...
– Биыл академияда шахмат спортын насихаттау үшін бірқатар іс-шара өткіздік. Мәселен, алғаш рет академияда қазақстандық шахмат федерациясы және «Freedom Holding Corp» компаниясымен бірлесіп, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер арасында шахматтан Ішкі істер министрінің кубогі республикалық турнирін өткіздік. Турнирге Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ҰҚК Шекара қызметінің, қаржы мониторингі агенттігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, сондай-ақ ішкі істер министрлігінің өкілдері қатысты.
Сондай-ақ Халықаралық шахмат күнінде Алматы академиясына бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға түсетін талапкерлер үшін турнир ұйымдастырдық. Шахмат турнирі жастарға өздерінің зияткерлік деңгейін көрсетуге мүмкіндік берді. Жүлделі орындарға ие болған үш жеңімпаздың барлығы конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша біздің академияға түскені назар аудартады.
– Интеллектуалдық ойындардан бөлек, тағы қандай спорт түрлеріне ерекше мән бересіздер және осы салада қандай жетістіктеріңіз бар?
– Әрине, біз ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше бейілдіміз. Мәселен, биыл Отан қорғаушылар күніне арналған құқық қорғау органдарының әскери және арнаулы оқу орындарының қызметкерлері арасында Қазақ күресінен «Қауымдастық барысы» турнирін өткіздік. Сондай-ақ ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының 65 жылдығына орайластырылған академияның тұрақты құрамы арасында «Академия барысы» турнирі өтті. Бұл да – ұлттық спортты дамытудағы маңызды қадамдардың бірі.
Біздің оқу орнында көптеген танымал боксшы жұмыс істеп, сабақ берді. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, кәсіпқой боксшы, IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы, WBO нұсқасы бойынша құрлықаралық әлем чемпионы болған айтулы азаматтар және тағы басқа спорт шеберлері қызмет атқарды. Ерекше тоқталатын дүние – академияда олимпиадалық стандарттағы бокс рингі бар. Мұнда халықаралық, республикалық және өңірлік жарыстар өткізіледі. Мәселен, өткен жылы біз оны Алматы қаласы күніне арналған кадеттер мен жасөспірімдер арасында кикбоксингтен Алматы қаласының чемпионатын өткізуді ұсындық.
Қолданбалы спорт түрлерінен басқа, біз командалық жұмыс пен ойлауды, стратегия дағдыларды, үйлестіру мен ептілікті, коммуникативті және командалық рухты дамытатын спорт түрлерін қолдауға және дамытуға тырысып жатырмыз. Мәселен, керлингті айтуға болады. Мұны «мұздағы шахмат» деп те атайды, өйткені керлинг физикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар назар аудару, үйлестіру, реакция жылдамдығы, ерекше ойлау, стратегия құру және жедел шешім қабылдау қабілеттерін дамытады. Міне, осындай спорттың түрінен өз командамыз құрылды және бұл – бірегей команда. Өйткені бұл – Қазақстанның әскери, арнайы және құқық қорғау органдары арасындағы керлинг бойынша жалғыз команда.
Сондай-ақ кейінгі уақытта академияда петанк сияқты спорт түрі қарқынды дамып келеді. Бұл спорт түрін Дүниежүзілік Олимпиада комитеті мойындайды және бүкіл әлемде кең таралған спорттың түрі. Петанкты жеке немесе командада ойнауға болады, бұл стратегиялық ойлау мен интеллекті, төзімділік пен үйлестіруді, командалық және коммуникациялық дағдыларды дамытады. Академияда барлық халықаралық стандарт бойынша жасалған және Қазақстан петанк федерациясының сертификатын алған петанк ойнауға арналған алаң бар. Биыл 8 шілдеде «Динамо» ФСО ҚБ-мен бірлесіп, петанктан алғаш рет Ішкі істер министрінің кубогін өткіздік. Жарысқа журналистер мен полиция қызметкерлерінен құралған командалар қатысты.
Академия қызметкерлерінің спортта жеткен жетістігі көп. Бүгінде академияда самбо, бокс, еркін күрес, қазақша күрес, армрестлинг, пауэрлифтинг, волейбол, керлинг, петанк және басқа да спорт түрлері бойынша 15 спорт шебері және 24 спорт шеберлігіне үміткер бар. Жалпы, академия қабырғасында Әлем және Азия чемпионаттарының, халықаралық және республикалық жарыстардың мыңнан аса жеңімпаздары мен жүлдегерлері дайындалды. Академия қызметкерлері түрлі жарысқа белсенді түрде қатысып тұрады. Мысалы, жақында дене шынықтыру даярлығы кафедрасының бастығы К.Мырзабеков Алматы қаласында дзюдодан өткен ардагерлер арасындағы ел чемпионатының жеңімпазы атанды. Оқу орнында кәсіби деңгейде де, әуесқой да көптеген құрама командалар бар, атап айтқанда, академия қызметкерлері футбол, волейбол, шахмат, петанк, тағы басқа спорт түрлері бойынша жыл сайын Алматы марафонына да белсенді қатысады.
– Әңгімеңізге рахмет.