Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
1917 жылғы қос төңкерістен кейінгі Түркістан автономиясы мен Алаш автономиясы – саяси дербестіктің баспалдағы еді. Сол жылы 5-12 желтоқсан аралығында Орынборда өткен Екінші жалпықазақ сиезінде 10 мәселе көтеріліп, соның ішінде «Оқу мәселесі» бөлек қаралды. Бұл туралы Міржақып Дулатұлы баяндама жасап, сол кездегі қазақ-қырғыз мектеп-медресесі, оқытушы һәм әдебиет құралы аздығын айтып, осы мәселені шешу керектігін көтерді. Сиез Міржақып баяндамасын бап-бабымен тексеріп, ұлт мектебін көркейтуге ешкімнің таласы жоқ екенін еске алып, алдымен қазақ тілінде бастауыш һәм орта мектепте оқытатын оқу құралдарын әзірлеу үшін білікті адамдардан айырықша комиссия құруды ұсынды. Жиында сөйлеушілердің пікірін ескеріп, мынандай қаулы шығарды: «Қазақ-қырғыз тілінде бастауыш һәм орта мектептер үшін оқу құралдарын шығаруға 5 кісіден комиссия құрылсын; шет кісіден комиссия өзіне жолдас қосып алуға ерікті болсын». Оқу комиссиясына: Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Елдес Омарұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Телжан Шонанұлы сынды тұлғалар сайланды («Қазақ» газеті, 23 декәбір, 1917 жыл, №256). Комиссияға ұлт мектептеріне бағдарлама жасау, мұғалімдерге арнап кітап жазу, тәрбие жайынан кітап әзірлеу, оқу ісін жүргізу туралы жоба шығару, «Қазақ» емлесін тексеріп, түзету сияқты ұлттық оқу-ағартуға қатысты маңызды жұмыс жүктелді.
1918 жылдың басында Орынборды большевиктер басып алған соң, Алаш автономиясының жетекшілері Семейге кетуге мәжбүр болды. Азамат соғысы басталып кетіп, Түркістан автономиясы мен Алаш автономиясының дербестікке ұмтылған қадамы ұзаққа бармады. Большевиктер өкіметі орнап, Алашорда ұлттық автономиясы таратылған соң, қазақ білімпаздары ұлттың қамы үшін жаппай қазақ тілінде оқулық жазу ісі мен халық ағарту саласына күш жұмсады.
Алғашқы қазақ оқулықтары негізінен Қазан қаласында басылды. Бұл іске талантты ақын Бернияз Күлеев (1899-1923) жауапты болады. Ол Орынбор мен Қазан қаласының арасында әрі-бері тоқтаусыз жүгіріп жүріп, мына оқулықтарды шығаруға атсалысты: Ахмет Байтұрсынұлының «Баяншы» (30.000 дана), «Оқу құралы» (50.000 дана), «Тіл құралы І» (35.000 дана), «Тіл құралы ІІ» (25.000 дана), Міржақып Дулатұлының «Есеп құрал І» (25.000 дана), «Есеп құрал ІІ» (25.000 дана), «Қирағат» кітабы (25.000 дана) бастыруға берілді. Қағаз жеткілікті болса «Қырық мысал» мен «Абай өлеңдері» дайын екені айтылды («Еңбек туы» газеті, 7 декәбір, 1920 жыл, №2).
1921 жылы 31 қаңтарда Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бір топ ұлт зиялысы бас қосады. Олардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Аймауытұлы, Файзолла Ғалымжанұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Елдес Омарұлы, Хайретдин Болғанбай, Смағұл Сәдуақасұлы, Сәкен Сейфуллаұлы, Сабыр Айтқожаұлы болды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – қазақ тіліндегі оқулық дайындау еді. Жиылыс соңында 19 бапты қаулы қабылданып, мектепке қажетті 14 оқулық дайындау туралы шешім шығарылады. Бір қызығы, осы 14 оқулықтың 3 оқулығын дайындау жұмысы Мағжанға жүктелген. Бұл қаулылар «Еңбек туы», «Қазақ тілі», «Кедей сөзі», «Ақ жол» газеттерінде жарияланған. Мұның үш газеттегі нұсқасын тауып, салыстырып оқып отырмыз. Сонда Мағжан Жұмабайұлы дайындайтын оқулықтың атауын кейбір газеттер орысша берсе, кейбірі қазақша ұсынған екен. Ақынға тапсырылған 3 оқулық:
1) Тәрбие ғылымы (Педагогика)
2) Қазақ-қырғыз тарихы
3) Әдебиет ғылымы («Теория словесности»)
(«Қазақ тілі» газеті, 23 март 1921, №125).
Алдына зор мақсат қойған Мағжан Жұмабайұлы жоғарыдағы кітаптарды жазуға кіріседі. Берілген тапсырманы мұқият орындаған ақын оқулығы дайын болғанда кіріспесінің соңына «Мағжан Жұмабаев. 1922 жыл, 15 сентәбір, Қызылжар» деп жазып, баспаға жіберген. Орынбордағы «Мемлекет баспасы» оқулықты арнайы қарауды (қазіргіше рецензия) танымал қайраткер, қаламгер Молдағали Жолдыбайұлына жүктеген. Ол өз тарапынан кітаптың жүйесі мен мазмұнына тоқталып, оқулықтың қазақ қоғамына аса қажеттігін атап өтеді. Пікірінің соңына: «М. Жолдыбаев. 1922-нші жыл, 28-нші октәбір, Орынбор қаласында» деп жазады.
Осылайша, 1922 жылдың соңына қарай сол кездегі астана Орынборда «Мемлекет баспасынан» Мағжан Жұмабайұлының айрықша еңбегі – «Педагогика» оқулығы 96 бет көлемінде тұңғыш рет басылып шығады. Кітаптың алғаш басылымы туралы ақын: «Бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден тізілген еді. Бұл күнге шейін басылып шығып, жарық көре алмады. Бұл айып менен емес. Бүлінген замандікі» деп түсінік береді. Осы оқулық бір жылдан соң, яғни 1923 жылы аздаған түзетулермен Ташкенттегі «Түркістан мемлекет баспасынан» 108 бет көлемінде 3 000 таралыммен қайта жарияланады. Бір қызығы, еңбектің бұл басылымына Молдағали Жолдыбаевтың рецензиясы – «Қарап шығушыдан» жазбасы кірмеген.
Кеңес өкіметінің соңғы жылдарынан (1989 жылдан) ақын мұрасы дүркін-дүркін басылғанда, оған 1923 жылғы «Педагогиканың» екінші басылымы енгендіктен, Молдағали Жолдыбаевтың «Қарап шығушыдан» жазбасы еленбей қалған. Бұл еңбектен уақыт табы сезілсе де, астарындағы шынайы ниет, ақынның білігін түйсіну анық аңғарылады.
Мұратанудағы осы «ақтаңдақты» қалпына келтіріп, 1922 жылғы Мағжан «Педагогикасына» қоса ұсынылған рецензияны қалың оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Сонымен бірге ақынның оқулық басындағы «Тартуы» мен «Сөз алды» кіріспесін факсимилесімен қатар ұсынамыз.
Абай МЫРЗА,
мұрағаттанушы
Қарап шығушыдан
Ардақты азамат Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабын, жолдастар «қарап шық» деп тапсырған соң, мойныма алып қарап шықтым.
Бала – үлбіреген гүл: қатты күтім, шебер тәрбие, артық еңбек тілейді.
Бала – өсіп келе жатқан өртең, жас буын, елдің негізі болғандықтан, тәрбиесі артықша міндетті, аса ауыр. Бала тәрбиелейтін жол салу, пән кітабын жазу да – өте ауыр жұмыс.
Бас-аяғын жиғанда екі-үш баспа кітабы бар, адамы тегісінен қара танымайтын, мінезі тағы, ақылы айналмасыз, сезімі топас, орныққан емілесі жоқ, тілі өңделмеген қазақ елі үшін кітап жазу, иә басқа тілден аудару, әсіресе «Педагогика» кітабын – тауды орнынан қозғау, инемен құдық қазу.
Баласы мектеп көрмеген, жас баланы жүн-жұрқа орап, арқалап жүріп шешесі мал бағатын, жасы жеті-сегізге келген соң 10 сомнан пұлына жалданып балалары 14 сағаттан ас жоқ, су жоқ қой бағып, қой еміп жалақ болып жүретін адамның 90% алдында мал, үстінде үйі жоқ байлардың күні бітпес құлы болып жүретін; обыр патшаның теріс саясаты арқасында жер-суынан айырылып, надандықта шіріп, қара түнек, қараңғы тұманда көп заман басы айналып жаңа жарық бостандық дүниесіне аяқ басып қол-аяғы жаңа босанып «өңім бе, түсім бе?» деп мең-зең болып тұрған сорлы қазаққа «Педагогика» кітабы – Інжілдей, Мағжан азамат – Айса пайғамбардай болды.
Оқу жайы, кітап жайы жоғарыда айтылғандай болғандықтан Жұмабаевтың кітабы қулықтың құлынындай қызғанышты, талдап қарап, пышақпен кескендей баға беруден тиылдық.
Бұл кітаптың негізі орыс кітаптарынан алынып, орыс школдарында не заманнан қолданып келе жатқан бала тәрбиелеу жолы. Бұнда түгел һәм дұрыс жазылған.
Біздің заман – төңкеріс заманы. Төңкеріс қолданған жол, тұтынған бағыттың асты-үстіне шығып қайнап қайта жасалуы. Бала тәрбиесі де – сол қайта жасалғандардың бірі.
Бұрынғы тәрбие алатын балалар байлардың, еңбексіз кісі күшін жегіп күнелтушілердің балалары еді. Көксейтін мақсаттары – «қожа болып құл жұмсауды нығайтып ұстау» еді. Енді төңкерістен кейінгі тәрбиеленетіндер кешегі «қой бағып жүрген жалақ сары балалар». Көксейтін мақсаттары – артық кемдікті жою, жалпы адам баласын тең етіп бақытты тұрмыс орнату. Сондықтан педагогика екі түрлі болмақ:
- Баланы жоққа бағындырып, басы-көзін дінмен, жанмен, ұлт намысы, дін намысы һәм басқа осы сияқты тоқсан тоғыз түрлі өтірік бояумен уқалап, байға бағынғыш етіп өсіретін байлар педагогикасы (орысша буржуазная педагогика).
- Дүниедегі болашақ нәрсенің барлығы тек болған заттан шығады, затпен сабақтас: жанның да, діннің де, патшаның да, байдың да, мырзаның да, шораның да тегі – зат. «Дұрыс адам болу үшін затқа иман келтіру керек» деген бейнетқорлар педагогикасы (пролетарская педагогика).
Жұмабаевтың кітабы – ескі кітаптардан алынған болғандықтан, ескі кітап, тегінде бұл заманға дәл келмейтін кітап.
Қайыршының сүйер асын кім береді? – Біздің қолымызға, заманымызға дәл келетін кітап түсіп тұр ма? Заманға дәл жаңа кітап шыққанша малданып, одан кейін оқып салыстырып қарап бұрынғы жазушылардың адасқан жерін тауып отыруға Мағжан «Педагогикасы» – іздесе таптырмайтын пайдалы тарихи материал.
Философиядағы «материализм» деген жол – дүниедегі барлық нәрсенің негізі «зат» деген жол.
Шөп-шөңке, құрт-құмырсқа, аң, мал, адам – барлығын «тірі дүние» дейді. Бұлардың жаратылуы, өзгеруі бір қалыпта. Айырмасы – ақылды адам мен ақымақтың айырмасы сияқты.
Бейне бірі ілінген венттер (тетік – Ред.) сағатты иә басқа машиналарды дұп-дұрыс жүргізіп тұр. Сымсыз телеграф, телефондар заттың күшімен жүріп тұр. Аэроплан қыран құстай ұшқыр, көкте ұшып жүр. Мұның бірі де сиқыр иә жан қуаты емес, зат қуаты, вент қуаты... адамның тұла бойын талдап қарасақ, біріне-бірі ілінген вент. Машинаның бір венті бұзылса – аэроплан сынды, денесінің бір венті бұзылса – адам өлді. Түк айырмасы жоқ.
Адамның ақымақ болуы, алаңғасар болуы, мәжнүн болуы, қысқасы кем болуы – тәннің сау болмауынан. Тәннің сау болмауы – қарғыстан, баддұғадан емес, болмашы бір «заттық» себептен, тәрбиесінің кемдігінен. Мысал, жас бала күтімсіздіктен басын бір қатты нәрсеге соғып алады; ми шайқалады; мидың бір тамыры үзіледі – өскенде бұл бала мәжнүн болып шығады. Дүниеде болатын өзгерістерге, көріністерге осы ретпен қарауды «материализм» дейді.
Бұл материализм жолы миллион ашық дәлелдермен ғылым базарында ақиқатқа шығып отыр. Жан, рух деген нәрсе анық жоқ нәрсе. «Жан» деп жүргені – заттардың түрліше қосылғанда шығатын әлеметтері.
Мағжан жазған кітабының тұтынған жолы – тән бір басқа, жан бір басқа, бірақ екеуінің байланысы күшті дейтін «имперализм» жолы. Бұл жол – әлдеқашан мансұқ болған жол.
«Баланы қорқақ етіп өсіру, жын-шайтанды, басқа жоқ нәрсені айтып су жүрек қылып тәрбиелеу жарамайды» дейді Мағжан. Біз бұл пікірге қуанып қосыламыз, бұл – дұрыс жол. Олай болса жан басқа, тән басқа деп түсінген бала жанды өлімсіз мәңгі нәрсе деп түсінеді. Жанның бір заманда тексеруге, азапқа душар болатынын да ойлап кету һәм бұл әрекетте ер етіп өсіретін қаһарманымыз қоян жүрек болып шығуы да мүмкін. Бала жан қайғысын қайғырта бастамақ. Жанға құл болмақ, өзге бір өмір хақында ойлар ойламақ... Міне, сондықтан мұғалімдер оқытқан уақытта Мағжанның жазған кітабының ескі екендігін айтып, кітапта бұлай жазыла тұрса да «дұрысы мынау» деп балаларға «материализм» жолын айқындап, ашып түсіндіруі – зор міндет.
Кітапта тағы бір қата мәселе – ұлт хақында, ұлт тәрбиесі хақында. Қазақта салынған тәрбие жолы жоқ деуге болады. Бола қалса, негіздері – «бетегеден биік, жусаннан аласа бол» деген сияқты, мықтыға құл, нашарға қожа бол дейтін теріс негіздер. Екінші жағынан «ұлт» деген сөзді түсінуде де мағына бар: «бас – ұлтан, көйлек – дамбал», бір қойға жалдап алып ас бермей қой баққызған бай, сен қой бағып, қой еміп жалақ ерін болып сары далада күнге күйіп, зарығып жүргенде үкілеп жорға мініп, оқалы тон киіп, айт айттап, той тойлап жүрген бай баласы, би баласы ұлт болмайды.
Кімде-кім қазақ бейнетқорына мұңдас болса, сол – ұлт. Қазақ бейнетқорына, қазақ жұмысшыларына дүние жүзінің жарлысы бейнетқоры – ұлт. Бай, қандас, діндес Асаннан кедей, бейнетқор қазақ-орыс Агапон жақын. Достық, қастық, алыстық, жақындық (жоғарыда айтылды) тесік тамаққа, атқа байлаулы. Бұл соңғы айтылған ұлт туралы реттер оқытушының қаперінде болып, оқушының шын мағынасына түсінуі аса керек.
Сонымен осындай оқу кітабына да, басқа кітаптарға да аса мешеу уақтымызда азамат Мағжан Жұмабаевтың кітабы – аса керекті мұқтажымыздың бірін, кітаптың тарихи бағасы бұдан да зор.
Қалың қасіретте күн өткізіп, жарық дүниеге жаңа аяқ басқан қазақ жұмысшыларының, қазақ бейнетқорларының, 10 сомға 6 ай, күніне 14 сағаттан қой бағып, бүгінге дейін өнер-білімнен бос болып келген шерлі қазақ балаларының, жасы 14-ке келген соң қолбала қатын болып, жауыз, малды шалдарға, бұзылған ишан молдаларға мауық басу, ерік ашу болып келген, беті жаралы, көңілі қаралы қазақ қыздарының атынан Мағжан азаматқа алғыс айтып, сөз бітіріп қалам тоқтаттық.
М. Жолдыбаев
1922-нші жыл. 28-нші октәбір
Орынбор қаласында
Тарту
Қазақтың қаны бір, жаны бір, жолбасшысы – мұғалім.
Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты Алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдікі.
Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жұлдызымыз бір, жолымыз бір, қазақ мұғалімдері!
Қолымнан келген осы еңбегімді сендерге тарту қылдым.
Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңдар.
Мағжан Жұмабаев
Сөз алды
Бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден тізілген еді. Бұл күнге шейін басылып шығып, жарық көре алмады. Бұл айып менен емес. Бүлінген замандікі.
Кітапты бір орыс кітабынан тура тәржіма деуге болмайды. Алдыма бір кітапты жайып қойып, бұрылмастан желе бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым (көп пайдаланылған Рубинштейн, Скворцов, Смирновтардың педагогика туралы еңбектері).
Бізде бұрын жасалған пән тілі болмағандықтан, түрлі терминдерге тап басқандай қазақша сөз табу көп күшке тиді. Қалайда, курстарда оқыған мұғалімдердің жәрдемімен таза орыс сөздері қазақшаға айналдырылды. Ал енді, жиһан тілі болып кеткен шет сөздерді қазақшаға аударам деп азаптануды тиісті таппадым.
Мен педагогика майданында бәйгі алып жүрген жүйрік емеспін. Кітаптың құрылысында, тілінде, түрлі ат қоюда, хатта, кітаптың жалпы негізінде көп кемшіліктер болуға мүмкін. Мұғалімдер тексеріп оқып, қата жерлерін көрсетсе, сансыз рахмет айтар едім.
Мағжан Жұмабаев
1922 жыл 15 сентәбір,
Қызылжар