ФОТО: kaz.zakon.kz
Желілер жекеменшікте болғандықтан жергілікті билік өкілдері жағдайға жедел ықпал ете алмаған. Бір маусымның өзінде көгілдір отын 12 рет өшіп, жай кезде де қысымның әлсіздігі тұрғындарды әбігерге салған. Заң өкілдері жауапты серіктестік өз тікелей міндеттерін сапасыз орындағанымен қоймай, апаттық-диспетчерлік және арнайы қызмет көрсету жүйесінің болмағанын әшкереледі. Осылайша, тараптардың келісімімен тұрғындар тілегі ескеріліп, ұзындығы 10 шақырымнан асатын газ құбыры трассасының желілері «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ балансына берілді. «Бұл өз кезегінде көпшілікті алаңдатқан мәселені шешудің оңтайлы жолы», дейді мамандар.
«Шағын жеке ұжымдардың жұмысына көпшіліктің көңілі тола бермейді. Олардың әлеуеті кез келген апаттық жағдайға сай емес. Оның үстіне жеке болғандықтан өздері би, өздері қожа болып, газды еш ескертусіз өшіре салатындары бар. Жылыту маусымында мұндай келеңсіздік болса, жағдайымыз не болады? Тілегімізге құлақ асып, бұл міндетті мемлекет тікелей қадағалайтын үлкен ұжымға тапсырып отыр. Енді газға қатысты проблема болмайды деген үміттеміз», дейді «Қайрат» шағын ауданының тұрғыны Раушан Аманжол.
Заңсыз қабылданған бір шешім бірнеше келеңсіз жайдың туындауына әкелуі мүмкін. Алматыда әсіресе заңсыз құрылыстарға қатысты даулы мәселе аз емес. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын негізге алған тұрғындар қордаланған проблемаларды қоғам талқысына салуға үн қосып жүр.
Мегаполистің Бостандық ауданында бой көтерген төртқабатты ғимараттың құрылысы заңды өрескел бұза отырып салынғандығы тұрғындар наразылығын тудырды. Мәселеге қала құрылысын бақылау басқармасы араласып, Қожанов көшесінің шығысында орналасқан нысанның талапқа сай еместігін әрі бекітілген бас жоспардан ауытқығанын анықтаған. Екі жылға созылған сот үдерісі ғимаратты бұзу туралы шешім шығарғанымен, сот шешімін орындау кезінде меншік иесі жер телімін өзге тұлғаға сатып үлгерген. Қала құрылысы басқармасының жер телімін сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арызынан соң мәміле жойылып, бұзу туралы шешім күшінде қалды.
Былтыр жыл соңында «Политехнический» көшесінің бір бөлігі жеке компанияға тиесілі деген желеумен жабылған еді. Аталған жай көше тұрғындарын ашындырып, жағдай қоғамдық резонанс тудырды. Әкімдік жүргізген тиісті шаралардан кейін құрылыс салушы жобаны өзгертті. Жабулы қазан жабулы күйде қалса, жол ортасынан көпқабатты екі бірдей тұрғын үй салынып кетуі ықтимал еді. Жұртшылықпен жүздескен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев көшенің қайта ашылғанын, жол жабыны компания есебінен қайта қалпына келтірілетінін жеткізді. Осылайша, жер учаскесі қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылды.
Мегаполистің Бостандық ауданында салынып жатқан тағы бір үйдің сапасына қатысты тұрғындар шағымы мамандар назарына ілікті. Меншік иесі қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының келісімінсіз тау етегіне тұрғын үй кешенін салуды бастағанымен қоймай, құрылыс талаптарын өрескел бұзған. Тексеру барысында тіреуіш қабырғаларының жоқтығына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтатылып, тау бөктеріндегі баспаналардың қауіпсіздігін елемеген тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде, меншік иесі айтылған сөгістен қорытынды шығарып, қауіпсіздік бойынша барлық олқылықтарды жоятынын жеткізді. Мұндай жайлардан сабақ ала бастаған кәсіпкерлер мен жауапты мекемелер заң талаптарына барынша зейінмен қарауына тура келеді. Әсіресе құрылыс сапасына қатысты мәселелер сергектікті қажет етеді.
Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жер қатынастар саласындағы бірқатар заңсыздықты анықтап, қала әкімдігімен бірге жер бөлу және құрылыс саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізуге кірісті. Мәселен, 2017 жылдан күні бүгінге дейін демалыс орындары мен туризмге тиесілі 286 гектар шұрайлы жер рекреациялық аймақтан тұрғын үй салу аймағына өтіп кеткен. Құзырлы органның дерегінше, аталмыш өзгерістер экологтер мен өрт сөндірушілердің, тіпті СЭС қызметінің келісімінсіз жүзеге асқан.
Алматының тарихи келбетін сақтап, саябақ аймақтарын ұлғайтуға және заңсыз құрылыс салуды тоқтатуға қатысты Президент пәрменінен кейін, қалыңдап кеткен қайшылықтардың қабаты аршыла бастады. Тұрғындардың кез келген күмән тудыратын мәселеге қарсы үн қосуы қоғамның ояна бастағанын көрсетеді.
Алматы