Ғалымдар тарихи маңызы жағынан әйгілі «Таңбалы тастан» кем түспейтін шатқалдағы бейнелердің «жасы» біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтан басталатынын айтады. Бірақ осы мыңдаған жылдық мұраны қорғау мәселесі осы уақытқа дейін бір ізге түспей келген. Тіпті бастауын қола заманынан алатын баға жетпес құндылықтың бетіне есімін ойып жазған вандалдардың әрекетін көрген жан шошитындай еді.
Есте жоқ ескі заманнан бері бедері кетпей тұрған тарихи тастардың беті айналасы 10-15 жылда айғыздалыпты. Шатқалға кіре берісте мемлекеттік қорғауға алынғанын ескертетін тақта орнатылғанымен де, ешқандай кедергісіз енетіндер мыңжылдық мұраға аты-жөнін қашап, құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған құнды дүниенің қадірін кетіріп болып еді. Осы кезге дейін сан мәрте айтылып келгенімен, тиісті орындар мәселеге салғырт қарап, самарқау жауап қайтарып келгенін көзіміз көрді. Тарихи мұраға жаны ашыған азаматтардың вандализмнің алдын алу бағытындағы насихат жұмыстарына имамдарды да жұмылдыру керектігін шырылдап айтқанын да ұмытқан жоқпыз. Олардың «Дін өкілдері адам ныспысы тек ол өлгеннен кейін басына қойылатын көктасына қашалып жазылатынын ескерсе, еріккеннен тас егейтіндер қатары азаяр ма еді?» деген де кезі болған.
Шатқалдың дәл іргесінде ванадий өңдейтін зауыт орналасқан. Кеншілер жасаған әр жарылыс қатпарлы тақтатастағы жікті тереңдетіп кететіндіктен, археолог ғалымдар зауыт басшылығымен кездесіп, жару аймағын алыстау белгілеуді өтінгенін білетінбіз. Тастағы бейненің тарих үшін маңызын түсінген кеншілер мамандар өтінішін аяқсыз қалдырмағанымен, 2013 жылдан бастап мемлекеттік қорғау тізбесіне алынған аумақтың қамқорлықтың кемдігінен жыл сайын жайы кетіп бара жатқандығы да белгілі.
Тасқа қашалған дала галереясының жай-күйін жуырда Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желі арқылы көтерген болатын. Осыған байланысты өткен аптада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов Сауысқандық шатқалындағы петроглифтердің жай-күйімен танысты. Шатқал басында Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбуов ықылым заманнан сыр шертетін петроглифтердің арғы-бергі тарихына тоқталып, бүгінгі жағдайынан мәлімет берді.
Бекболат Әбуов өңірдегі ең көне артефакт жағдайын айта келе, осы маңнан келушілерге қызмет көрсететін ғимарат соғып, вахталық әдіспен күзет ұйымдастыру туралы ұсыныс айтты.
«Төрт мың жыл бұрын тасқа түскен ең көне археологиялық ескерткіштің жайы талайлардың жанына батып жүргенін білеміз. Осы мәселені мұқият тыңдап, ұсынысымызға қолдау танытқан облыс әкімдігіне алғыс айтамыз. Шатқал басындағы шағын кездесуде Шиелі ауданы аумағындағы көне шаһарлар орнына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге ықпал етулерін сұрадым», дейді Бекболат Темірәліұлы.
Бұл ескерткіш – мыңжылдықтардан бүгінге жеткен тарихи құндылық екенін атап өткен облыс әкімі аталған мәселе зерттеліп, шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
Осы күні шатқал маңайында сенбілік өткізіліп, аумақ толық тазаланды. Осыған дейін облыс әкімі жанынан құрылып, біраз жыл жұмыс істеген Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік бұл орынды дүниежүзілік табиғи және мәдени мұралар тізіміне енгізу мәселесін көтерген еді. Ал тарихи орынға облыс басшысының табан тіреуі Қаратаудағы қазынаның қараусыз қалмайтындығын білдіретіндей.
ҚЫЗЫЛОРДА