Кейінгі екі жылда халықаралық қауіпсіздік пен құқық жүйесінің дағдарысына байланысты Қазақстанға және оның сыртқы саясатына деген қызығушылық айтарлықтай өсті. Демек еліміздің өңірлік қауіпсіздікті сақтау мен нығайтудағы жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түсті.
Қазақстанға Ресей Президентінің сапары кейінгі екі жылда шоғырланып қалған логистика және халықаралық сауда мәселелерінің шешілуіне дем береді. Географиялық факторды ескерсек, Ресей – біздің Еуропамен саудадағы негізгі транзиттік серіктесіміз. Сол секілді Қазақстан да Ресей үшін Орталық Азия, әсіресе Қытаймен саудада транзиттік хаб болып есептеледі. Бұл факторларды өзара көлік шығындарын азайтуда, екі елдегі инфляцияны төмендету үшін пайдалану керек. Бұған қоса Ресейден жеткізу есебінен елдегі газ тапшылығын жою, Солтүстік және Шығыс Қазақстанның инфрақұрылымын қалыптастыру мен газдандыруды жеделдету мүмкіндігін көздеу қажет.
Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымына, әсіресе қазіргі таңда аса өткір энергетикалық дағдарысқа ұшыраған өңірлердегі энергетикалық инфрақұрылымға инвестициялар тартуды ойластырған абзал. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы және азық-түлік өндірісі саласындағы ынтымақтастықты тереңдету керек.
Әзірге біз тек бір-бірімізбен бәсекелесіп жатырмыз және Қазақстан бұл бәсекеде көлемі жағынан тұтынушысы аз экономика ретінде объективті тұрғыдан ұтылады. Алайда Қазақстан мен Ресей – ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушілері. Астық экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді. Статистикаға зейін қойсақ, екі мемлекет жалпы егістік жерлердің шамамен 10 пайызын және бүкіл әлемдегі жайылымдар мен шабындықтардың
9 пайызын құрайды. ЕАЭО елдерінің, сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстан сарапшыларының пікірінше, екі елдің астық қоры 600 миллионнан астам адамды тамақтандыруға жетеді. Әлемде 850 миллион азамат азық-түлік тапшылығын немесе кәдімгі аштықты бастан өткеріп жатқанын назарға алсақ, бізде үлкен даму әлеуеті бар. Қостанайда өткен Өңіраралық ынтымақтастық форум – бірлескен кооператив болып әлемдік азық-түлік нарықтарына тіке шығудың бастамасы. Аталған құрылым Қазақстанның ауыл шаруашылығын бюджеттік субсидияларға тәуелді саладан экономикалық драйверге көшіре алады.
Тағы бір ескеретін мәселе – Ресейдің қазақтар тұратын өңірлерінде қазақ мектептерін ашу мәселесін көтеру қажет. Бұл ресейлік туыстарымыз үшін ондағы қазақ тілі мен мәдениетін сақтау мәселесіне тікелей байланысты. «Жұмсақ күш» қағидаты және Ресейдегі саны миллионға жететін қазақ қауымы біздің экономикалық және гуманитарлық жобаларымызды ілгерілету үшін маңызды ресурс бола алатынын ұмытпауымыз керек.
Еркін ӘБІЛ,
Мәжіліс депутаты