Егемен Қазақстан • 15 Қараша, 2023

«Хат қоржын»

143 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Қазақ тіліне қажеттілік неге аз?

Тапсырыспен хат салайын деп, қала орталығындағы бас поштаға бас сұқтым. Кезегім келіп, қызмет көрсететін терезелердің біріне жа­қындадым. Қызмет көрсетуші қазақ қызы болған соң, келген шаруам­ды қазақша айта бастап едім, қыздың сұрағы да, берген жауабы да тек орысша өрбіді. Ол ғана емес, қатар отырған басқа оператор қазақ қыздарының да сөздері өзге тілде естіліп жатты.

Ертеңіне жақын маңдағы «Rayzet» дүкенінде орналасқан дәріханаға келдім. Фармацевт қазақ қызы амандасып үлгергенімше, мені «Здравствуйте!» деп қарсы алды. «Неге қазақша сөйлемейсіз?» дегенім сол еді, қарсы ештеңе айтпастан, ана тілінде сөйлеп кетті. Дәріханадан шығып, үй жаққа бет алғанымда, қасымнан өткен жас қазақ келіншегі кішкене ұлымен орыс тілінде сөйлесіп бара жатты...

Иә, Қазақ елінде мемлекеттік тілдің емес, орыс тілінің мерейі асып, мейманасы тасып тұр. Неге? «Тіл туралы» заңның солқылдақтығынан ба екен? Әлде тіл үйренуге деген ынта, ықыластың болмауынан ба? Мүмкін қазақ тілін оқыту әдістемесі талапқа сай емес шығар? Сұрақ көп. «Мемлекеттік тіл туралы» жеке заңның қажеттігін айтып жүрген азаматтарымыз да жоқ емес. Тіл тағдыры бірлі-жарым адамдарды ғана емес, тұтас қауымды толғандырса, жағдай өзгеше болар еді-ау дейсің. Себебі тіл тағдыры – ел тағдыры. Елдік мәселені ел болып шешуіміз керек.

«Мемлекеттік тілге деген қажеттілік туғыза алмай отырмыз» деген сөзді де жиі еститін болдық. Оның жаны бар. Қатаң талап қойылмаған жерде істің алға басуы екіталай. Одақтан ажыраған өзге, айталық, Балтық жағалауы елдері тіл саясатына қатаң талап қойып, мемлекеттік тілдерін әлдеқашан тұғырына қондырып алды. Керек десеңіз, Грузия мен Арменияда орыс тілін білмейтін жастар өсіп шықты. Бізде «Баяғы жартас – сол жартас» дегендей, қазақ тілін білмейтін жас­тар өсіп келеді. Қаның қалай қайнамайды!

Еліміздегі мемлекеттік тіл жанашырлары қазақ тілін өз тұғырына қалай қондырамыз, оның жолы қайсы деп алаңдайды. Алаңның аясында арман жатқаны тағы анық. Ал осы арманның орындалуы үшін жоғарыдан төменге дейінгі аралықта ешкімнен тайсақтамайтын табанды іс-әрекет қажет.

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Қазақстан Республикасы білім беру

саласының құрметті қызметкері

 

ҚОСТАНАЙ

 

 

Жолаушы құқының жөні бөлек

Бүгінде алыс-жақынға жол жүретіндер қатары қалың. Бесіктен белі шықпаған балаларын арқалаған жолаушыларды да көптеп кездестіресің. Қаншалықты шындыққа жанасатынын қайдам, «пойызға билет жоқ» деген сөзді де жиі еститін болдық. Ал егер аса алысқа сапарласаң, ең тиімді көлік түрі ұшақ екені де белгілі. Көзіңді ашып-жұмғанша, діттеген жеріңе топ ете түсіреді. Ертерек қамдансаң, билетінің құны да соншалықты қымбат емес. Осы себепті де болса керек, соңғы кездері әуе кемесін таңдайтын жолаушы көп.

Мен осыдан шамалы уақыт бұрын отбасыммен бірге «Scat» әуе компаниясының ұшағымен оңтүстік өңірге ұштым. Қайтуға да алдын ала билет алып қойғанбыз. Астанадан әуе кемеміз аспан көгіне 40 минуттай кешігіп көтерілді. Ертеңгі уақыт болғандықтан, оған онша мән берген жоқпыз. Ал «қуырдақтың көкесін» кері ұшарда көрдік. Екі күн бұрын ұялы телефонымызға кешкі 19.00-де ұшуға тиіс болған ұшағымыздың түнгі 00.50-де ұшатыны туралы хабарлама келді. Ұшатын күні жол кеспейік деп алыс ауданнан Шымкентке ертерек жетіп алуға тырыстық, яғни әуежайға 2,5 сағат бұрын бардық. Жолаушы дегенің атам заманда салынған ескі де тар әуежайда толып жүр. Аяқ басар жер жоқ. Кешке ұшып, Астанадағы үйімізге шаршамай уақытында жетеміз деген ойымыздың әдіре қалғанына екі күн болған.

Сағат 00.50-ді көрсетті, яғни ұшақ әуеге көтерілетін уақыт өтіп барады, ал отырғызу туралы хабарландыру естілер емес. Қолдағы жас балалар мазасызданып, көздері мен ауыздарына ерік бергелі де біраз уақыт болған. Үлкендерден де маза кете бастады. Кешігу себебін түсіндіретін де тірі пенде көрінбейді. Тек 01.30-ға қарай ғана көптен күткен хабарлама естіліп, ұшаққа отырғызу басталды. Кіреберісте бортсеріктен ұшақтың осыншалықты кешігу себебін сұрадық. «Ұшақ Саудияның Жидда қаласынан қазір оралды, коммерциялық ұшу орындады», деп бортсерігіміз қарап тұр.

Сонда Шымкенттен жеті сағатқа жуық кешігіп ұшып, елордаға таң ата бір-ақ жеткен жолаушылардың құқы қайда қалады?

Данияр БАЙМҰРАТОВ,

елорда тұрғыны

 

АСТАНА

 

 

«Гауһартас» Шымкентке келді

Алтын күздің жылы да жаймашуақ күндерінің бірінде қазақ мәдениеті мен өнерінің қасиетті шаңырағы – Астана қаласының Музыкалық жас көрермен театры шырайлы Шымкентке гастрольдік сапармен келді. Бұл біздің оңүстік өңір үшін елеулі оқиға болды. Еңбек демалысымды Астанада өткізген күндерімде өзім тамашалаған Музыкалық жас көрермен театры репертуарындағы «Шәмші», «Махаббат бар ма?», «Шанель N5», «Абай – Тоғжан», «Ғашық жүрек», «Гауһартас» музыкалық драмасы театрсүйер қауымының назарына ұсынылды.

Жоғарыда аталған сахналық қойылымдармен қуана-қуана қайта қауыштым деп ерекше сезіммен айта аламын. Сахна шымылдығы зал толы көрерменнің жүрекжарды қошеметімен ашылды. Жазушы Дулат Исабеков повесінің желісі бойынша сахналанған «Гауһартас» музыкалық драмасы керемет қойылым екендігі ел аузында жүр. Режиссері, әрі театр директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Қайыркен рөлін сомдаған танымал актер Асылхан Төлеповті өзінің табиғи дарыны мен тынымсыз еңбегінің арқасында өнер шыңын бағындырып жүрген өте талантты актер деп танимын.

Спектакльді көріп отырып, соңында жаныңмен егіліп, көңілің құрғыр босамауы мүмкін емес. Қатал да өр мінезді Тастан, жаны нәзік Салтанат пен сезімтал, ақынжанды Қайыркен көрермен жүрегінен үлкен орын алады.

«Гауһартас» музыкалық драмасын ұлттық сахна өнерінің зор жетістігі деп айтуға толық негіз бар. Ал Музыкалық жас көрермен театры ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін.

Ғазиза ӘЛІБАЙ,

Қ.Бектаев атындағы жалпы орта мектептің

орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Түркістан облысы,

Ордабасы ауданы