Жер қозғалса да, қозғалмайтындай көрінетін сабырлы қалпымен сан мыңдаған тыңдарманның жүрегін жаулап алған әйгілі әнші Нұрлан Өнербаев шырқаған қай ән болсын, өнерсүйер қауымды тәнті етпей қоймасы анық. Өйткені ол шырқаған кез келген шығарманың өн бойында өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарынан сыр шертетін сезім өрнектері менмұндалап тұрады. Ең бастысы, ол жеңілтек әуеннің жетегінде кетпейді, әннен мән тапқысы келеді. Бір сөзбен айтқанда, әнші ретінде адалдық сертінен айнымауды ойлайды. Сол арқылы тыңдарманын ойландыруға тырысады. Сонысымен көпшілікті баурап алады.
«Қарағым-ай» әнін тыңдаған кез келген адамның көңілі алабұртып, тіпті кейде босап кететіні рас. Шығарманың сиқыры немесе құдіреті шығар. Басқаша бағамдаудың еш реті келмей-ақ тұр. Осы әнді тыңдағанда кейде кісі көзінен мөлдір шық тайғанақтап жатады. Лирикалық әннің мәтініндегі сөздер кімді болсын бейжай қалдырмайтыны сөзсіз. Әр алуан сезім пернесі адам жанын әр арнаға бұра түседі. Белгісіз бір мұң жаныңды жегідей жеген әлдебір күйзеліс отына май құйып жатқандай күй кешесің. Баяу әннің жүректі атқақтата түсетін беймәлім бір құдіреті барына лажсыз иланасың, риза боласың.
«Бұл көңіл неліктен босады екен,
Бұл тағдыр сені кімге қосады екен?» деп келетін екі тармақтан әлдебір драманың үні сезілетіндей күй кешесің. Мұнда адамды тұңғиыққа батыра түсетін әлдебір қимастық сезімнің шеруі басталып тұрғандай көрінеді. Адам жанын үздіктіре түсетін сарқылмас сағыныштың ауылына бастайды. Жабыққан, қамыққан көңілді әннің әуенімен бірде емдеп, бірде терең ойдың орманына жетелей береді. Әйтеуір кісі баласын беймәлім бір әлемге тарта түскендей болады да тұрады. Жан тыныштығын бұзған шығарманың түпкі мәні тереңде жатқаны даусыз...
«Қиылып, үзіліп қарадың-ай,
Қарағым, қандай сұлу жанарың-ай», деген екі жолға қарап-ақ әннің қыз баласына арналғанын бағамдауға болатын секілді. Әуелде әннің сөзіндегі негізгі кілт сөз «қарағым» болғаны екі бастан мәлім. Композитор Кеңес Дүйсекеев әннің әсерін күшейту мақсатында «қарағым» сөзін «қарағым-ай» деп түрлендірген.
Әннің мәнін ашатын мәтіні екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Белгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің көңіл түкпіріндегі ән сәулесін жарқыратуға ақын Шөмішбай Сариевтің ықпал еткені мәлім. Сүйегіне сөз қонған Шөмішбай ақынның көптеген керемет әнге тамаша мәтін жазып бергенін бәріміз білеміз. Сөзін Шөмішбай Сариев, әнін Кеңес Дүйсекеев жазған әнді алғаш Нұрлан Өнербаевтың орындауы да заңдылық секілді көрінеді. Қалай десек те, үздік үштіктің жүрегін жарып шыққан туынды көптің көңіліне қонды. Өнерсүйер қауым тамаша шығарманы жылы қабылдады. Оған ешкімнің таласы жоқ.
«Сұлулық осындай болады екен,
Бір басқа армансыз қонады екен.
Адамдар өмірге қонақ екен,
Шынымен бұл дүние шолақ екен», деп басталатын әннің алғашқы шумағының өзі жон арқаңды тітіркендіріп жібереді. Дүние кезек екендігіне сенесің. Керуендей жылжыған уақыт көшінде адамның да мәңгі тұрақтай алмайтынын жан-жүрегіңмен сезінесің. Әйтеуір өн бойыңды сағыныш пен мұң билеп, қуанышы мен өкініші қатар жүретін өмір сабақтары көз алдыңнан көлкіп өте шыққандай болады. Адамның бір арнада тоқайласқан ойын әр қиырға бұрып жатса, нағыз ән дегеніңіз де, өнер дегеніңіз де шынтуайтында осы емес пе?
«Бұл өмір осылай өтеді екен,
Сүймесең дүние бекер екен.
Парақтап жинасаң бар ғұмырың,
Бір сүйген күніңе-ай жете ме екен?», деп түйінделетін ән қайырмасы да ойлы тыңдарманның санасын сан саққа жүгіртетіні күмәнсіз. Қарапайым әннің мәтініндегі терең пәлсапа жан дүниеңді расында да астан-кестен қылады. Бірде көкке қалықтап, бірде көк пен жердің ортасында жүргендей күйді бастан өткересің.
Сұлулық, көркемдік, әдемілік деген синоним сөздердің бәрі осы әннің табиғатында тұрғандай көрінеді. Кім сұлу? Әрине, ана, сүйген жар, қаракөз қарындас... Олардың бойындағы сұлулық пен ойындағы тереңдік, табиғатындағы тазалық, жанарындағы мейірім нұры бізді қай кезде де қорғаштап тұрғандай болады.
Таяуда қыз ұзату тойында осы ән қойылды. Әнші шырқап қоя бергенде үміт еткен көзінің нұрындай болған қызын шығарып салып тұрған әкенің жанарынан жас парласын келіп... Бұл енді әкенің еңлік гүліне деген қимастық жасы ғой...
Сағыныш пен өкініш, үміт пен күдікке толы тіршілікте жат жұрттық деп атағанымызбен, әкеге қыздан жақын кім бар десеңізші. Сонда ғой... Бұл әннің қыз баласына арналғандай күй кештіретінін тағы бір түсіндік.
Жыл біткен желмен жарысқан жүйріктей зымырап өте беретіні ақиқат қой. Оны тоқтататын құдірет жоқ та шығар. Бір анығы, әрбіріміздің көңілімізде де, өмірімізде де өзіміздің «Қарағым-айымыз» бар. Соны жиі еске салып тұратын Кеңес Дүйсекеевтің әні десек, қателесе қоймаспыз... Оған ешкім де таласпас...