Аталған бастама бойынша бала іңгәлап дүниеге келгеннен бастап оның атына қаржы аударыла бастайды. Бұл қаржы 18 жасқа толғанша жинақталып, балалардың болашағына жолдама беруі үшін баспана алуға және білім алуға жұмсалады. Бұл ретте бір мақсаттың «білім алу» деп белгіленгені өте маңызды. Өйткені балаларын оқуға түсіре алмай қиналып қалатын ата-аналар баршылық. Әсіресе көпбалалы отбасылар барлық баласын түгел қамтамасыз етуге жағдайы жете бермейді. Бүгінде қосымша білімсіз, репетитордың көмегінсіз білім грантына қол жеткізу өте қиын. Ал арнайы репетитор жалдап, балаларының дайындығын күшейтуге көпбалалы ата-аналардың қалтасы көтермей жатады. Осындай бала-шағасы көп отбасы көбіне әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар санатына кіреді. Олар үшін әлеуметтік бағдарламалардың септігі мол. Сондықтан да «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы пайда болғанда, ең алдымен, осы көпбалалы отбасылар үшін қуанып отырмын.
Бұйырса, келесі жылдан бастап бағдарламаның игілігін көре бастаймыз. Бұл ретте қордың табысын арттыратын іс-шаралар да мықтап қолға алынатын шығар деп ойлаймын. Бұған табысын жасыратын кәсіпкерлер де ашықтыққа көшіп, балалардың қамы үшін көмек етуі керек.
Сонымен қатар болашақта «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жиналған қаражаттың балалардың еміне жұмсауға мүмкіндік берілсе екен деген тілегіміз бар. Себебі балаларының еміне ақша жеткізе алмай, көпшіліктен жылу жинап жүргендер әлі де көп. Мұндай көмекке мұқтаждардың барлығына «Қазақстан халқына» қоры жеткілікті деңгейде қол ұшын соза алмай отыр. Осы орайда ауыр дертке ұшыраған және мүгедектігі бар балалардың еміне қажет қаражат мәселесін қаперге алған жөн.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
«Talbesik» көпбалалы аналар одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі,
Ұлттық құрылтай мүшесі