Аймақтар • 24 Қараша, 2023

Тараз аумағы кеңи түседі

119 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Тарихы мыңжылдықтарға ұласқан Тараз қаласында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Болашақта көне шаһардың аумағы ұлғайып, облыс орталығына маңайдағы аудандардан бірнеше елді мекен мен саяжай қосылатыны белгілі болды. Бұл өз кезегінде қаланың экономикалық әлеуетін арттыратын жаңа бастамаларға себепші болатыны анық.

Тараз аумағы кеңи түседі

Биыл Бақытжан Орынбековтің қала тізгінін ұстағанына бір жыл толды. Жыл ішінде облыс орталығында атқарылған жұмыс аз емес. Әсіресе қаладағы тоз-тозы шыққан талай көше жөнделді. Жылдар бойы жолдың «жырын» жырлаған «Бурыл» алабындағы көшелерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүзеге аса бастады.

Қыркүйек айында өңірге әкім болып келген Ербол Қарашөкеев еліміздегі ең ірі шағын аудандардың бірі саналатын «Ұлы дала» шағын ауданы тұрғындарының өзекті мәселелеріне назар аударды. Бір сөз­бен айтқанда, облыс басшысы алғашқы жұ­мыс күндерінің бірінде жаңа шағын аудан тұрғындарының мұңына ден қойды.

авпр

«Бурыл» алабы мен «Ұлы дала» шағын ауданын бөліп қарау әсте мүмкін емес. Қоғамдық көлік 15-шағын ауданға қа­тынау үшін «Бурылдың» көшелері арқылы өтеді. Басқаны былай қойғанда, мұндағы қоғамдық көлік жүретін жолдардың әбден тозығы жеткен еді.

Қала тізгінін ұстаған кезінде осы жол­дың мәселесін шешуді өз міндеті санайтынын жеткізген Тараз қаласының әкімі Б.Орын­беков сөзінде тұрды. Әрине, мұн­дағы жол мәселесі әлі толыққанды шешімін тапқан жоқ. Бір сөзбен айтқанда, басталған жұмыс жалғасып жатыр. Ең бастысы халық көкейіндегі өзекті мәселе жергілікті атқарушы биліктің назарына ілікті. Нәтиже бар.

Бірінші кезекте мұндағы қоғамдық көлік жүретін Естемесов, Молдағалиев көше­лерінің жолы жөнделді. Өзге де бір­неше көшенің жолына асфальт жабындысы төселгенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ Көшек батыр көшесінің аяқ тұсына жақын маңдағы «Ұлы дала» шағын ауданына апаратын жаңа жол салынды. Басқа да жол мәселесі оңынан шешіле бастады. Бір анығы, «Ұлы дала» шағын ауданының тұрғындары 2-3 жыл бойы «жырлаған» Көшек батыр көшесі мен жаңа шағын ауданды байланыстыратын жолдың салын­ғанына бек қуанышты. Өйткені көлік жүргізушілері дәл осы жолдың мәселесін үздіксіз айтып жүретін.

«Облыс орталығында 1 445 көше  бар. Оның ішінде 838 көшенің асфальт, 607 көшенің шағал тас жолы бар екенін айта кеткен ләзім. Жалпы ұзындығы 86,8 шақырымды құрайтын 44 жобаны (144 көше, бұрылыс, өткел, тұйық және 7 жаяу жүргінші жолы) орташа жөндеу жұмысы жоспарланған еді. Қазіргі кезде 44 нысанда мердігер және техникалық қадағалаушы анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, қайта жаңғырту жұмыстары да қолға алынған еді. Нақтырақ айтсақ, 2 нысан бойынша жобаның жалпы құны – 1 млрд 354 млн 73 мың теңге, ұзын­дығы 5,6 шақырымды құрады. Қазір­гі кезде Саңырақ батыр көшесі бойынша мердігер «Арайстроймаркет 2003» ЖШС-мен, Шостакович көшесі бойынша мер­дігер «Uniserv» ЖШС-мен 2023 жылға қарастырылған жұмыстар аяқталды.

сиит

Қала жолдарына ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша да бірқатар жұмыс атқарылды. Мәселен, 2023 жылы мердігер «Нұрлы Жол-7» ЖШС-мен 29 904 шаршы метрді, үнемделген қаражат есебінен мердігер «RusStroy» ЖШС-мен 4 622 шаршы метрді ағымды жөндеу жұмыстары аяқталды. Қаладағы шағын аудандардың ішкі жолдарын ағым­ды жөндеуге «Ерлан және компания» ЖШС-мен келісімшарт жасалған, тиісті жұмыс уақтылы атқарылмағандықтан, келісімшарт бұзылып, жосықсыз мердігер деп танылды. Одан бөлек, қазіргі таңда мердігер «НұрАбдрахман жолдары» ЖШС-мен саяжай алаптарына баратын жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табады», дейді Б.Орынбеков.

Дерекке жүгінсек, Бурыл А, Б, В тұрғын алабына асфальт жол жабындысын төсеу жұмыстары бойынша жобалау-сметалық құжаттама толыққанды әзірленген екен. Жобалаушы мекеме – «Құрылыс инвест жоба» ЖШС.

Мұндағы жұмыс жаз мезгілінде бас­талып, қазіргі уақытта толыққанды жүр­гізіліп жатыр. Мердігер мекеме «Арай­строймаркет-2003» ЖШС-мен 3139 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Респуб­ли­калық бюджеттен 100 млн теңге, облыстық бюджеттен 330 млн теңге қарастырылған.

«Жоба бойынша асфальт жол жабындысын төсеу жұмыстары 33,7 шақырымды қамтиды. Яғни Бурыл А, Б, В тұрғын алабын­дағы 75 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. Шәкіров, Қа­сымбеков және Бақбергенов көшелеріне 2 қабат асфальт төселіп, құдық қақпақтары қойылып, жұмыс толығымен аяқталды. Молдағалиев кө­ше­сі бойынша 2 қабат 600 метрлік асфальт төселіп, құдық қақ­пақ­тары қойыл­ған. Сонымен қатар Мол­дағалиев кө­шесінің асфальт жабындысын төсеу жұмыс­тары тәмамдалды. Нақтырақ айт­қан­да, 5,5 шақырым асфальт жол жабын­дысы төселді. Қалған қаражат 2024 жылға қарастырылып, нысанның толық құ­ры­лыс-монтаж жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

ичт

Тараз қаласындағы «Барысхан» тұр­ғын алабына асфальт жол жабындысын төсеу бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар толық әзірленген. Жоба бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаның сметалық құны – 1,6 млрд теңге. Нысанның құрылыс-мон­таж жұмыстарына ұлттық қордан 100 млн теңге, облыстық бюджеттен 11,1 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме «Uniserv» ЖШС таяуда ғана құрылыс жұ­мыс­­тарын бастауға рұқсаттама алып, іске кірісті. Жалпы, 16,2 шақырымды құрайтын 24 көшеге асфальт жабындысы төселіп қарастырылған. Осы жылы бөлінген қаражатқа қоғамдық көлік жү­ретін 2 көшеге асфальт жол жабындысы төселіп жатыр. Тұрғындармен кездесуден кейін Құр­манбетов көшесіне төселетін асфальт жол жабындысын 6 метрден 8 метрге ұзарттық. Талапқа сай жаяу жүр­гіншілер жолы мен жол шекарасы қойыл­ды. Бүгінгі таңда Құрманбетов көшесі толығымен асфальтталып, Қызыл қайнар көшесі асфальт­тау үшін дайындалып жатыр. Қалған қа­ражатқа 2024 жылы асфальт жол жабын­дысын төсеу жоспарланып отыр», дейді ол.

Шаһар басшысы келтірген дерекке жүгінсек, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де біршама жұмыс қолға алынған. Мәселен, қалалық полиция басқармасы жол-техникалық инспекция бөлімшесінің нұсқамасына сәйкес мердігер «Строй­Монтаж­Group» ЖШС тарапынан қаңтар-ақпан айларында 275 дана жол белгісі орнатылған. Жол-көлік оқи­ғалары жиі орын алатын аса қауіпті учас­келерге 3 жаңа көлік бағдаршамы қойылған.

Тараз халқын толғандырған басты мәселенің бірі – Абай даңғылы бойынан көпір құрылысын бастау. Тұрғындар жылдар бойы көпір мәселесін көтергенімен, әкімдер өткір мәселені назардан тыс қалдыра беретін. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Тараз қаласының әкімі Б.Орынбеков жергілікті жұртты толғандырған мәселені шешуді басты мақсаты санап отыр.

«Осы жылы Абай даңғылы бойынан 2 көпір салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге, мемлекеттік сараптамадан өткізуге жергілікті бюджеттен 65 млн теңге бөлініп, жобалаушы мекеме «ДӘН-ҚО» ЖШС-мен жалпы 58 млн 499,9 мың теңгеге келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда Абай даңғылындағы жол өткелін салуға құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. 2024 жылдың ақпан айында мемлекеттік сараптамаға ұсынып, сәуір айында қорытындысын алуды жоспарлап отырмыз. Тараз қаласынан Алматы шаһарына қарай шығатын, Талас өзені арқылы өтетін 2 көпірді қайта жаң­ғырту жұмысы бойынша мердігер «ДӘН-ҚО» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр», дейді шаһар басшысы.

Қала әкімінің айтуынша, осы жылдың сегіз айында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі 326,4 млрд теңгені құрап, 106,8 пайызға жеткен. Ауылшаруашылық саласындағы жалпы өнім көлемі 5,4 млрд теңгені құрап, 100,1 пайызға орындалыпты. Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 69,2 млрд теңгеге жетіп, 91 пайыз­ды құраған.

«Құрылыс жұмыстарының көлемі 32,2 млрд теңгеге жетіп, 99,4 пайызға орындалды. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 188 мың шаршы метрге жетіп, 100,1 пайызға атқарылды. Ал бөлшек саудадағы тауар айналымының көлемі 215,7 млрд теңгені құрап отыр. Биыл 2020-2025 жыл­дарға индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Дәмді себет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Ұннан жасал­ған кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйым­дастыру» жобасы іске асырылды. Сон­дай-ақ қала аумағында 2023-2024 жыл­дары жалпы құны 32,2 млрд теңгені құрай­тын 6 инвестициялық жобаны іске асы­ру­ды жоспарлап отырмыз. Жобалар іске асырылғанда 884 жаңа жұмыс орны ашы­лады», дейді ол.

Қала әкімі келтірген дерекке зер салсақ, жоғарыда айтқанымыздай, облыс орталығының аумағы алдағы жылдары айтарлықтай ұлғаймақ. Байзақ және Жамбыл аудандарының аумағына енген 14 елді мекен мен 2 саяжай қала құрамына өтеді. Нәтижесінде, облыс орталығына қосымша 12 905,3 гектар жер қосылады.

Жергілікті атқарушы билік жұмыссыз­дықпен күрес мәселесіне де айрықша ден қойып отыр. Бұл бағыт бойынша сегіз ай­дың өзінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылған.

«Қазіргі таңда облыс орталығында өңірлік жұмыспен қамту картасы дайын­далып, соған сәйкес 2023 жылы 13 651 адамды жұмысқа орналастыру жос­пар­ланған. Оның ішінде 1 475 азамат ұлттық жобалар аясында, 1 912 тұрғын субсидияланатын жұмыс орындарына, 183 азаматқа мемлекеттік қайтарымсыз грант, 103 жасқа шағын несие беру, 265 адамды қысқамерзімді курстарға жіберу, 100 тұр­ғынды жұмыс берушілердің жұмыс орнында оқыту, 651 азаматты онлайн-оқыту, 885 қала тұрғынын кәсіпкерлік бағыты бойынша оқыту, 8 077 тұрғынды бос жұмыс орындарына орналастыруды жос­парлап отырмыз. Өңірлік карта аясында жұмыспен қамтылғандардың саны 14 808 адамды құрап отыр. Оның ішінде белсенді іс-шаралар арқылы жұмыспен қамтылғандардың саны – 1 554 адам. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», дейді қала әкімі.

Б.Орынбековтің айтуынша, «Кәсіпкер­лікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында атқарылатын жұмыстың да ауқы­мы зор. Жоба аясында 12 176 қала тұр­ғынын жұмыспен қамту жоспарланған. Осы жылдың 1 қыркүйегіндегі дерекке жүгінсек, белсенді жүргізілген іс-шаралар арқылы жұмыспен қамтылғандардың үлесі 10 012 адамды құраған.

Қазіргі таңда облыс орталығын ағын сумен қамтитын арық жүйелерінің тозығы жеткені белгілі. Сол арық-атыз жүйе­лерін қалпына келтіру бойынша нақты жұмыстар қолға алынып отыр. Жо­балық-сметалық құжаттама әзірленген. Қала басшысының айтуынша, жобаны 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырудың жолдары қарастырылған.

«Бұл мәселені шешу үшін биыл қала бюджетінен 940 млн теңге қаражат қарас­тырылды. Мердігер мекеме – «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі. Қаланы көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың өңірлік жоспарына сәйкес биыл 15 мың тал егу жоспарланған. Көктем айында 7 мыңнан аса көшет егілді. Енді қалған ағаш көшеттері күз айында толықтай егіледі. Осы орайда «Ұлы дала» шағын ауданынан арнайы саябақ орны ұйымдастырылатынын айта кеткен жөн. Үлкен аумақты алатын бұл демалыс орнына 10 мыңнан аса тал отырғызылады. Осылайша, шаһардағы ең үлкен шағын аудан тұрғындарына арналған серуен орны пайда болмақ. Қаладағы қоқыс кон­тейнерлері де талапқа сай ауыс­тырылып жатыр. Бүгінге дейін 520 қо­қыс контейнері сатып алынып, тиісті орын­дарға қойылды», дейді Б.Орынбеков.

Қала тұрғындарын бұқаралық спортпен қамтуда жергілікті атқарушы билік тарапынан ілкімді жұмыстар қолға алынған. Нақтырақ айтар болсақ, сегіз айдың бедерінде облыс орталығында 218 спорттық іс-шара ұйымдастырылған. Өткізілген барлық іс-шараға 23 542 адам қатысқан. Бұдан бөлек, қала әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөліміне қа­расты 35 спорттық алаңша жергілікті ха­лықтың игілігіне берілген. Мұнда 7 925 ба­ланың спортпен тегін шұғылдануына барлық мүмкіндік қарастырылған. Қазіргі таңда Тараз қаласында денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындардың саны 177 489 адамға жеткен. Бұл қала халқының 41 пайызын құрайды. Шаһар халқының спортпен жүйелі түрде айналысуы үшін Тараз қала­сында қолжетімді 660 спорт нысаны жұмыс істейтінін атап өткен жөн.

Қалай десек те, облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Мәсе­лен, тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Тұрғын үй қорын жаңғырту мәселесі бойынша «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 2011 жылдан бастап жұмыстар қолға алынған. Қала аумағында 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан, оның ішінде 477 үй күрделі жөн­деуден өткізілді, қалған 626 үйді жөн­деу­ден өткізу жоспарланған. Бір сөзбен айтқанда, көне шаһардағы тұрғын үй мәселесін шешу бойынша да облыс орта­лы­ғында ілкімді істер қолға алынып отыр­ғаны қуантады.

«Жалпы алғанда, 2022 жылы 67 үй жөнделді. 2023 жылы 63 көпқабатты үйді күрделі жөндеуден өткізу жос­парланып отыр. Бұл үшін 5 млрд 372 млн 411 мың теңгеге Құрылыс және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсы­нылды. Сонымен қатар биыл 80,91 млн теңгеге «Бәйтерек» шағын ауда­нын­дағы №36,37 коммуналдық меншікте тұр­ғ­ан көпқабатты тұрғын үйлерге күр­делі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, ұтып алған мердігер «АКМ Group» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. 1 қыркүйекке дейінгі дерекке сенсек, пәтер алу кезегінің тізімінде 21 754 азамат тіркеліп тұр. Мемлекеттік қордан пәтер алу кезегінің тізімін ашық түрде жа­риялау, электрондық жүйе арқылы қарау және қадағалау бойынша арнайы «ZhilFondTaraz» мобильдік қосымшасы жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, кезек тізімі Тараз қаласы әкімдігінің ресми сайтында орналастырылған. Сонымен қатар жауап­ты тұлғалармен бірлесіп жұмыс істеу­дің арқасында халықты қолжетімді бас­панамен қамту мақсатында оңтайлы ипо­текалық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр», дейді Бақытжан Әмірбекұлы.

Қала әкімі келтірген деректерге көз жүгіртсек, шаһарда барлық сала бойынша жұмыс жүйелі түрде атқарылып жатыр. Ең бастысы қала тұрғындарының көкейкесті мәселесіне айналған автокөлік жол­дарының проблемасы оңынан шешіле бас­тады. Қала ішіндегі жолдардың жөндел­гені тұрғындар үшін тиімді екені даусыз. Әлеу­мет­тік салада да аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ.

 

Жамбыл облысы