Аймақтар • 03 Желтоқсан, 2023

Азаматымен көрікті Аспара

140 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жердің көркі атанған Мер­кі ауданында еңбекпен есей­ген азамат аз емес. Ту­ған жерге туын тіккен іс­кер азаматтар бүгінде ауыл­­дың өркендеуіне сүбе­лі үлес қо­сып келеді. Олар ал­тын бе­сік ауылда то­лайым та­быс­тарға жетіп, жер­гі­лікті жұрт­қа да мүм­кін­ді­гінше қолұшын беріп жүр.

Азаматымен көрікті Аспара

Ол туған жердің саф ауасы мен кекілін тараған майда қоңыр желін ілкі сәтке де қаперінен шығармаған. Содан да болса керек, көңілге көп білім тоқу, Отан алдындағы борышын өтеу үшін ғана ауылынан алыстамаса, былайғы уақытта Аспарадан іргесін аулаққа сал­маған. Ауыл­дастарының ортасында жүріп, еңбек майданына араласты. Ауыл­дағы ағайын Қал­дыбай Ал­­ма­баевты «Аспара» өндірістік коо­пе­ративінің жүрегі деп таныды. Асыраушы саланың отымен кіріп күлімен шыққан еңбек адамы отыз жылдан аса уақытын ауыл еңбеккерлерімен тонның ішкі бауындай бірлесе еңбек етуге, жұдырықтай жұмыла іске кірісуге арнаса, жұрт оны неге мақтан тұтпасын?

Қалекең кіндік қаны тамған ауылы Аспарадағы орта мек­тепті үздік тәмамдаса да, Ал­маты аспады, басқа өңірге қаш­­­пады. Іргедегі Жамбыл зоове­­теринарлық техникумын зоо­тех­ник мамандығы бойынша бітірді. Кейін замандастарымен бір қатарда екі жыл әскерде болып, Отан алдындағы борышын өтеді. Содан соң кіндік қаны тамған ауылына қайта оралды.

«Біздің ауыл Аспара астық кеңшары ретінде 1954 жылы құ­рылған. Уақыт өте келе қойдың саны қырық отарға жеткенде ауыл қой кеңшары атанды. Арада жылыстап жылдар өтіп жатты. Егемендікке қол жет­кізген 1991 жылы біздің елді ме­кенді де айтарлықтай өзгеріс күтіп тұрды. Әрине, жергілікті жұрт үшін өзгеріс оңай соққан жоқ. Халық «Енді ертеңіміз не болады?» деп әбіржімесе де, кә­дімгідей алаңдап жүрді. Сол уақытта ауылымызда «Ас­пара» өндірістік кооперативі құрыл­ды. Айтып айтпай не керек, бұрнағы кеңшардың жүйесі сақ­талғандығына қарамастан, бәрі жекенің қолына өтті. Жер де, мал да халықтың игілігі үшін бөлін­ген болатын. Кооперативте түр­лі бағыт бойынша өткен жыл­ға дейін еңбек еттім. Кейінгі же­ті жылда ұжымның төрағасы ретін­де қызмет атқардым», дейді ол.

Әуелі кооперативте зоотехник болып еңбек жолын бастаған Қалдыбай Алмабаев кейіннен кассир қызметін атқарыпты. Уа­қыт өте келе ұжымның та­уар­лы сүт фермасының меңге­ру­­шісі, қойма меңгерушісі се­кіл­­ді жа­уапты қызметтер де Қа­лекеңнің мойнына жүк­телген. Азаттықтың алғаш­қы жылдарындағы бар­лық қиын­дықты жергілікті жұртшы­лық­пен қатар бөліскен азамат 2015-2022 жылдар аралығында кооперативтің төрағасы қызметін абыроймен атқарған.

«Кеңшардың барлық жұмы­сы көз алдымда ғой. Ауыл еңбек­керлерінің мал қыстатуы, басқа да тынымсыз еңбегі жоғары б­а­ғаға лайық екеніне күмән жоқ. Әрине, әр дәуірдің өзіне тән тыныс-тіршілігі болатыны сөзсіз. Бүгінде ауылда ірілі-ұсақты 30-35 шаруа қожалық бар. Олардың дені уақытында кооперативпен малын, жерін басқа да қажеттіліктерін бөліп алған еді. Мен еңбек еткен жылдары кооператив құрамында шамамен 120-ға жуық үй болыпты. Ол кезде жұдырықтай жұмылып, 1 500 гектар шамасында астық егетінбіз. Қолдан келгенше кооператив техникасын уақтылы жаңалап отырдық. Шынын айту керек, 2015 жылы кооперативті қабылдап алған кезде 2 500-ге жуық қана қой қалған еді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде қойдың санын 7 мыңға дейін жеткіздік. Уақыт өте келе бөлініп шыққан 50 шақты үйге 2 мың қой, 42 бас жылқыдан бөліп бердік», дейді Қалдыбай Сәтінұлы.

Қалекең келтірген дерекке жүгінсек, кооперативті өзі бас­­қарған жылдары ұжымда бір­неше «МТЗ» тракторы, «К 700», комбайн және басқа да түр­лі техника болыпты. Бірнеше трактор мен өзге де техниканы қой жүнін сатудан және субсидиядан түскен қаражатқа сатып алыпты. Қазіргі кезде қой жүні мен терісінің түкке керексіз болып қалғанына қынжылады ол.

«Тауарлы сүт фермасында қызмет кеткен жылдарда да біраз еңбек сіңірдік. Ол кезде 700-800 шамасында сиыр болды. Он жыл бедерінде біздің ферма ауданға сүт өткізіп тұрды. Сауыншылар да, басқалар да тынымсыз еңбек ететін. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары көпшілік үшін қиын болғаны есте. Сол бір тауқыметке толы жылдарды ауыл халқы да бір­лік­пен, берекелі тірлікпен бас­тан өткізді. Айлап жалақы ал­ма­ған жылдар артта қалып, еселі еңбектің арқасында еліміз өркендеді. Ел өркендеген соң халықтың жағдайы да түзеле бас­тады. Ең бастысы, ауыл жұрты сол қиын кезеңде еш мойыған жоқ. Сол бізді қуантады. Кассир бо­лып жұмыс істеген жылдары ақша ауысты. Сол кезде орталыққа қап-қап рубль апа­рып, дипломаттың шетіне сыйып кететін мөлшерде теңге әке­ліп таратып бердік», дейді ол.

Ауыл мектебін үздік бітірсе де Аспарада туған азамат жоғары оқу орнында білім алу жолында жанкештілікке бармаған. Бірінші кезекте қара шаңырақтан алыс­тамауды жөн көрген. Содан да болса керек, жергілікті Жам­был зооветеринарлық техникумында білім нәрімен сусындаған.

«Әкем өмірден қайтып кеткен еді. Мұндағы қара шаңырақ – маған аманат. Жасы біразды алқымдаған анама қарауым ке­рек. Естияры болғандықтан, бес қарындасым мен ініме жүк артпай, жауапкершілікті өз мой­ныма алдым. Осы­лай­ша, ауыл­да өстім, ауылда жетіл­дім. Аспа­радан ілкі сәтке де алыс­таған жоқпын. 35-40 жыл беде­рінде табан аудармай осында еңбек еттім», дейді кейіпкеріміз.

Кооперативті басқарған жылдары ұжымның өркендеуіне қолынан келгенше үлес қосқан азамат мал басын арттыру үшін аудан орталығындағы белгілі кәсіпкерден бір отар қой сатып алған. Қой малын асылдандыру үшін 50 бас қошқарды қоса әкеліпті. Осылайша, төрт түлікті асылдандыру жұмысына да елеулі үлес қосқан.

Қалай десек те Қалдыбай Сәтінұлының еңбегі ересен екені сөзсіз. Аспараның жұпар ауасын жұтып өскен азамат қандай да бір биікті бағындыруға, жоғары марапат алуға талпынбады. Ең бас­тысы, ол ағайынынан алыстаған жоқ. Ауылда жүріп отбасылы болды, ұл-қызын оқытты, немере сүйді.

«Кооператив тізгінін өткен жылы өткіздім. Адам дер ке­зінде тоқтай білуі керек. Қазір өзімнің шаруашылығым бар. Төрт түліктің төресі саналатын жылқыны жанымдай жақсы көремін. Одан өзге де хоббиім жеткілікті. Иелігімдегі төрт тү­лік малға қарап отырмын. Біз үшін немеренің маңдайынан иіскегеннің өзі бақыт қой. Со­ларды ермек қылып жүрміз. Ал өзге жұмысты белсеніп тұрған жастар істеуі керек. Өйткені бо­лашақ солардікі ғой», дейді аспа­ралық азамат.

Өндірістік кооперативте ұзақ жыл еңбек еткен Қалдыбай Ал­мабаевқа деген жергілікті жұрт­тың құрметі де бөлек. Аспарадан алыстамаған азамат үшін ауылы – ауыспайтын астана.

 

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы,

Аспара ауылы