Тағзым • 14 Ақпан, 2024

Ауған жерінде от кешкендер

287 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен кезеңнің өктем жылдары мен өліара шағында «то­лар­сақтан саз кешкен» сар­баз­дардың ерен ер­лігі ұлт пен ұрпақ жадынан өш­пей­тіні анық. Қайта жүрдек уақыт ағы­сы алға жылжып, күн­де­лік­ті күйбең тіршілік түрленген сайын жаңғырып, қоғамдық-саяси құны артып отырғанын байқаймыз. Биыл Ауған айма­ғынан кеңес әскерінің шыға­рыл­ғанына 35 жыл толды. Рухы биік, болмысы асқақ әрбір ар­да­гердің есімі мен ерлігі тарих беттерінде қатталып, қайт­­пас қайсарлықтың нышанына айналды.

Ауған жерінде от кешкендер

Жыл сайын мемлекеттің, Ел басшысының қолдауымен Ауған соғысының ардагерлеріне қолдау көрсетіліп келеді. Нақты айтқанда, бес отандасымызға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, 1 адам Халық Қаһарманы атанып, екі азамат «Айбын» орденінің иегері атанды, жүздеген азамат бұрынғы КСРО және Қазақстан Республикасының ордендерімен және медальдарымен марапатталды.

Денсаулық сақтау министрлігі де өз тарапынан Ауған соғысының шиеленісінде шираған ардагерлерімізге барынша қызмет көрсетіп отыр. Маусым сайын соғыс арда­гер­леріне арналған республикалық клиникалық госпиталінде Ауған ардагерлері де тұрақты түрде сапалы ем қабылдайды. Емханада ардагерлеріміздің жан саулығы мен тән саулығын сақтауға барлық жағдай жасалған.

«Amanat» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында жақында министрлік пен госпиталь ұжымының ұйым­дастыруымен Ауған соғысына қатысқан жа­уынгерлердің құрметіне орай «Ауғанның асуында от кешкендер» атты кеш өтті. Тарихи тағылымы мол іс-шарада еліміздің әр өңірінен келген ардагерлер бас қосып, өткен күннің естеліктеріне үңілді, тәуелсіздік тарту еткен бейбіт күннің берекесіне бой жылытты. Бар аймақтан келген ардагердің басы біріккен салтанатты жиынды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академия­сы әскери оркестрі рухты әуен, әсем сазбен көмкерді. Ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім қайшыласқан қанды шайқасқа қатысқан Марат Мажитов, Алик Атықанов, Мұрат Абдушукуров, Байдәулет Дәркенбаев, Алмасбек Айдарбаев, Болат Сайлан, Жұмат Құнанбай, Дүйсен Мағұлұмов, Марат Сайбеков, Бақыт Тақырбасов, Алтынбек Танабаев, Валерий Перминов, Наурызбай Айдабосын, Махат Смақов сынды ардагерлерге Алғысхат және бағалы сыйлықтар табысталды.

Госпиталь басшысы Гаухар Тазабекқызы майдангерлердің биік болмыс, мәрт тұлға, батыр бейнесі жайлы айта келіп: «Ауған соғысы ардагерлерінің жүріп өткен жолы, ерен еңбегі, көрсеткен ерлігі – бүгінгі ұрпақ білуі керек тарих беттерінің бір парағы. Бұл тарихи күннің мән-маңызы тым тереңде жатыр. Сондықтан да халық үшін Ауған соғысы ардагерлері – жоғары рухтың көрінісі. Ардагерлерін қадірлеп, рух жасампаздығын жаңғыртайық», деген ізгі тілегін білдірді.

Кейіннен жиылған қауым мен ардагер­лердің құрметіне ақ халаттылар өз өнерін паш етті. Көпбейінді оңалту бөлімінің мейірбикесі Айдын Совет «Ауғанстан» әнін шырқаса, неврология бөлімінің қызметкері Минира Торокулова «Ауғанстан қасіреті», терапия бөлімінің аға мейірбикесі Мөлдір Балтабай «Ән сал сарбаз», физиотерапия бөлімінен Айбек Қасымахын нақышына келтіре өлең оқып, клиника-диагностикалық бөлім мейірбикелері «Алға, қазақ жігіттері» әнін шырқады.

Сондай-ақ сазды кештің сарыны, тағы­лымды кездесудің тәліміне бойлаған ардагерлер госпиталь қызметкерлерінің сапалы қызметіне сай берілген марапатын табыстады. Жылы лебіз білдіріп, госпиталь әкімшілігі мен ұжымға алғысын жаудырды. Ауқымды іс-шара жарқын жүздесуге толы болды. Кеште генерал майор Марат Әлімжанұлы өзінің жасағын­да­ғы сарбазы Олег Озеровті «күтпеген жерден» кездестіріп, ерекше сезімге бөленгенін баян­дады. Ардагерлерін ұлықтап қана қоймай, қанша жылдан кейін бір ортада табыстырған госпиталь ұжымына алғыс айтты.

Кеш соңында естеліктер айтылып, ұзақ уақытқа дейін ардагерлер өзара қауқылдасып жат­ты. Сол күні көпшілік құнды кешті ғана қы­зық­тап қоймады, өнерпаздардың ыстық ықы­ласы, мейманасы тасыған ардагерлер мен ізетті дәрігерлер қауымының әрбір әрекеті ерлік­тің даңқы мәңгі өшпейтінін айғақтап тұрды.

 

Дастан ҚАСТАЙ,

журналист

 

АЛМАТЫ