Сенат • 27 Ақпан, 2024

Сырда сенаторлар талқылаған су мәселесі

161 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Қызылордада Сенаттың Аграр­лық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің «Су ресурстары: сумен тұрақты қамтамасыз етудің мәселелері мен перспективалары» атты көшпелі отырысы өтті.

Сырда сенаторлар талқылаған су мәселесі

Отырысқа облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ғылыми зерттеу институттары өкілдері, салаға қатысты құрылымдар басшылары қатысты. Кейінгі 4-5 жылдан бері зардабы қатты байқалып отырған су тапшылығын талқылаған отырысқа орталық атқарушы органдардың өкілдері мен барлық аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері, шаруашылық ұйымдары бейнебайланыс арқылы қосылды.

Облыс әкімі келелі мәселені талқыға салған көшпелі отырысты Сырда ұйымдастырған сенаторларға алғыс айтып, қазіргі жағдайға тоқталды. «Су шаруашылығы саласындағы негізгі мәселелердің шешілуі үшін осындай жиындардың маңызы өте зор. Біз үшін тіршіліктің өзегіне айналған Сырдария жағалауында аймақтағы елді мекендердің 85%-ы орналасқан және облыс халқының 93%-дан астамы өзен маңында тұрады. Облысымыздың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделіп, аймақтың брендіне айналған Сыр күрішінің бұрынғысы мен бүгінгісі де, болашағы осы өзенге тығыз байланысты. Жалпы, өңірдің экономикалық және экологиялық жағдайына, халықтың тыныс-тіршілігіне дария арнасы мен Арал теңізі деңгейі тікелей әсер етеді. Ұлы дарияның ең төменгі ағысында орын тепкен біздің аймақ үшін кейінгі жылдар оңай тиіп отырған жоқ», деді аймақ басшысы.

«Кісідегінің кілті аспанда» деген бар. «Арал-Сырдария» бассейні мемлекеттері Сыр­дарияның төменгі ағысына су жіберу бойынша қабылдаған міндеттемелерін әрдайым орындай бермейді. Мысалы, ортақ суды пайдалану мәселелерін мемлекетаралық үйлестіруші комиссия 2023 жылдың қазан айынан 2024 жылдың 1 ақпанына дейін 6,9 млрд текше метр су түсуін болжаған. Қазір сол 76 пайызға ғана орындалып тұр. Бүгінгі күнде Шардара су қоймасымен «Көксарай» су реттегішінде жинақ­талған көлем былтырғымен салыс­тыр­ған­да 2 млрд текше метрге аз. Арал теңізі мен оның айналасындағы көлдер жүйесінің де жайы мәз емес. Кейінгі 12 жылда Кіші Аралдағы су 6,2 млрд текше метрге азайып кеткен.

Тағы бір мәселе – өңірдегі табиғи өсірілім жерлері туралы. Аймақ көп қаржы қажет ететін мелиоративтік жүйелер мен құрылыстарды ұстап тұруға мәжбүр. Жиында облыс басшысы қазіргі қолданыстағы Су кодексі осыдан 20 жыл бұрын қабылданғанын, қазіргі уақыт су заңнамасын одан әрі жетілдіруді талап ететінін айтты.

Облыста Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлескен «Суармалы жүйелер мен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар» бекітілді. Оған құны 141 млрд теңгені құрайтын 37 жоба еніп отыр. Жоба аясындағы Қараөзек су қоймасы салынса, Қазалы ауданындағы 31 мың гектар суармалы жерді, 120 мың гектар жайылым мен шабындықтарды және ең маңыздысы вегетациялық кезеңде Кіші Аралды суландыруға болады. Бұл жобалар іске асқанда суды үнемдеуге және үнемделген суды экологиялық мақсаттарға бағыттауға мүмкіндік туады.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақ­тарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев кейінгі 1 жылда сенаторлар әр өңірде ауыл шаруашылығы, экология мен табиғат қорғау, су шаруашылығына қатысты алты көшпелі отырыс ұйымдастырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Су және ирригация министрлігі жаңа Су кодексі жобасын әзірледі. Бүгінде бұл жоба Мәжіліс қарауында жатыр. Онда қаралған мәселелерді талқылауды су тапшылығының зардабын тартып отырған Сыр бойынан бастағанды жөн көрдік», деді ол.

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз хабарлама жасап, су тапшылығын болдырмау бағы­тындағы жұмыстар барысын баян етті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен алдағы уақытта елімізде 20 су қоймасы салынып, 11-і жаңартылады. Он төрт мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар, гидротехникалық құрылыстар жаңғырады. Саланы цифрландыру да кезек күттірмейтін мәселе. 2026 жылға дейін жаңа су қоймасының бірі осы Қызылорда облысы аумағына түседі. Осы күні сыйымдылығы 1 млрд текше метрге жуықтайтын Қараөзек су қоймасына қатысты құжаттар әзірленіп жатыр.

Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов дария арнасының күрт түсіп кетуі егістен бөлек шабындық пен жайылымдық жерлерді суландыруға, балық шаруашылығын дамытуға кедергі болып отырғанын айтып өтті. Осының салдарынан Кіші Аралдағы су тұздылығы артып отыр. Жағдай осылай жалғаса берсе, балық қоры азайып, уылдырық шашудан қалады.

Облыстағы 201 көлдің 19-ы толық тартылып, табаны тілімделіп құрғап кетті. Ал Кіші Аралдан кейінгі ауқымды айдын Ақшатау-Қамыстыбас көлдер жүйесіне өткен жылы тамшы да тамбады. Облыстағы ұзындығы 15 мың шақырымға жететін суармалы желінің де жайы мәз емес. Осыдан да жыл сайын орта есеппен 2 млрд текше метр су шығын болады. Бұл республикадағы су шығынының тең жартысы. Облыс әкімінің орынбасары «каналдарды бетондауды қолға алу керек» деген ойын білдірді.

Мәжілісте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Мансұр Ошурбаев, Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясының директоры Серікқали Мұқатаев баяндама жасады. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Сұлтанбек Тәуіпбаев талқыға түсіп жатқан жобаға қатысты бірқатар ұсыныс айтты.

«Болашақта су қоймаларын салуға талаптанып отырмыз. Бірақ кодексте соларды сумен үздіксіз қамтамасыз ету жөнінде бірауыз сөз жоқ. Сондай-ақ Кіші Аралдың да мәртебесі айқындалмай қалған. Жалпы, жоба бұрынғыға қарағанда көш ілгері, тек жаңағы мәселелер ескерілсе», дейді ол.

Әли Бектаев Су ресурстары және ирригация министрлігінің сайтында жарияланған кодекс жобасына байланысты ұсыныс-пікірлерді облыстық әкімдік пен мәслихат арқылы Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне жолдауға болатынын еске салды.

Сенатор Жанболат Жөргенбаев жоба туралы пікірін айта келіп, онда кадрлар мәсе­лесі ұмыт қалғанына назар аударды. «Еліміз­дегі гидротехникалық құрылғылардың 90 пайы­зының техникалық жағдайы төмен. Осыдан келіп тұтынушыға жеткенше судың біразы шығын болады. Сондықтан да біз әуелі гидротехникалық құрылымдар қауіпсіздігі туралы дербес заң қабылдауымыз керек», деді сенатор.

Сенатордың пікірінше, осы уақытқа дейін су қорын пайдаланудың кешенді жос­пары жоқ. Әлі күнге кеңес одағы тұсын­да жасалған құжатты пайдаланып келеміз. Ұлттық гидрогеология жерасты су көздерін де есепке алуға тиіс.

Депутат Руслан Рүстемов аймақтағы ирригациялық жүйелердің жайын көтерді. «Су ресурстарын тиімді пайдаланып, егістікті, көлдер жүйесін, шабындықтар мен жайылымдарды суландыруды ұтымды ұйымдастырамыз  десек, салалық министрлік аймақтағы барлық су нысандарын республикалық меншікке алып, облысқа алынған 65 су тарту қондырғылары мен электр трансформаторларын электр желілеріне қосуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінуі қажет», деді ол.

Сенат депутаты Ернұр Әйткенов Су ресурс­тары және ирригация, Ғылым және жоғары білім министрліктері өкілдеріне салаға маман дайындаудың барысы туралы сауал қойды. Су ресурстары және ирригация вице-министрінің айтуынша, еліміздегі 9 жоғары оқу орны маман даярласа да салада кадр тапшылығы бар. Министрлік өкілдері былтыр осындай мамандар әзірлеуге бөлінген 609 гранттың 266-сы ғана игерілгенін айтады. Жиында депутаттар көтері­ліп отырған мәселеге орай сауалдар қойды.

Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында делегация мүшелері аймақтағы бірқатар су және ауыл шаруашылығы нысанының жұмысымен танысты.

 

Қызылорда