Пікір • 07 Наурыз, 2024

Өзекті мәселені шешетін күш

112 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады», деген еді.

Өзекті мәселені шешетін күш

Президент айтқандай, мәс­ли­хат­тар халықтың мәселесін шеше алатын күшке айналуға тиіс. Ол үшін әрбір депутат белсенді болып, өңірге инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстарына атсалысуы қажет. Түркістан облысындағы 337 депутат осы жұмыстарды үй­лестіруге белсене қатысса, жақ­сы нәтижелерге жетеміз деп санаймын. Бұл міндеттерді іске асы­ру­ға бізде ресурс та, мүмкіндік те бар. Ең бастысы – елімізде тұрақтылық пен тыныштық берік орныққан. Сондықтан түрлі геосаяси жағдайлар орын алып, әлем қырғи-қабақ қатынастардың ең қиын кезеңдерін бастан өткеріп отырғанда еліміз инвестициялар үшін тартымды десек те болады.

Мемлекет басшысы Үкімет­тің кеңей­тіл­ген отырысында не­гізгі капи­тал­ға салынған ин­вес­­­тицияның ішкі жалпы өнімге шақ­қандағы үлесі азайып бара жатқанын айтып өтті. «Бұл күр­делі жағдай деуге болады. Себебі эко­но­микаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін. Сон­дық­тан ішкі және сыртқы инвес­тицияны айтарлықтай көбейту керек», деді Президент. Осы орайда шетелдік инвестиция­лар тарту ісінде белсенді әре­кет етіп, инвесторлар үшін не­ғұрлым оңтайлы жағдайлар жа­сау­ға ұмтыла беруіміз керек. Елі­­мізге инвестиция көп тартылса, соғұрлым экономикамыз дами­ты­нын естен шығармауымыз қа­жет. Сондай-ақ Мемлекет басшысы міндеттегендей әділетті Қа­зақстанды құру үшін ең алдымен шағын және орта бизнесті да­мытып, өндіріс орындарын ашуға өз үлесімізді қосу – әр­қай­­­­­сы­мыздың перзенттік пары­зы­мыз. Әрине, бұл бір күндік шаруа емес, дегенмен білек түре кірісіп, бірлігіміз бен ынты­ма­ғымызды, татулығымыз бен тұ­рақ­тылығымызды және өзара ауыз­бірлігімізді көздің қара­­шы­ғындый қастерлеп, жұ­мыла жұмыс істегенде ғана алға қой­ған мерейлі мақсаттарға қол жет­кі­земіз.

Түркістан облыстық мәслихат депутаттары өңірдің 17 қаласы мен ауданын аралап, халық алдында есеп берді. Тұрғындарды мазалайтын мәселелерді тыңдап, өзекті мәселелердің шешілуіне оң ықпал ету және атқарылған жұмыстар туралы ақпарат беру мақсатындағы кездесулерді жергілікті тұр­ғын­дар жоғары бағалап, құп­тай­тын­дық­тарын жеткізді. Сонымен қатар тұр­ғындар өздерін мазалайтын мәсе­лелермен бө­лісті. Халықты алаңдататын мәселе­лер­дің көбі әлеуметтік салаға қатысты. Яғни мектеп, спорт алаңы, мәде­ниет үйін, денсаулық сақтау мекемелерін салып беруді сұрады. Сондай-ақ ауызсу, сапалы жол, жылдамдығы жоғары интернет, электр энергиясы, табиғи газ, жұмыспен қамту сынды мәселелер алға тартылды. Бүгінде әрбір кездесуде көтерілген мәсе­лелердің барлығы хаттамаға еніп, тиісті ұсыныстармен мем­лекеттік органдарға жолданды. Ал­да­ғы уақытта оның орындалуы тұрақ­ты бақылауда болады.

Көптеген мәселенің шешімі бюджетке келіп тіреледі. Облы­­сы­­мыздың 2024 жылғы бюд­жеті 1 триллион 352 миллиард теңгені құраса, соның 90 па­­йызы республикадан беріледі. Түркістан облысы дотациялы ай­мақ болғандықтан, көп мәселе орта­лықтан қаржының бө­лінуіне тікелей байланысты. Бұл орайда қосымша кіріс көздерін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту, салық көздерін табу, зауыт-фабрикалар ашуға басымдық беріліп, түрлі жобалар қолға алынған. Осы бағытта өңірлік инвестициялық штаб инвесторлармен тікелей жұмыс жүргізіп, облыс делегациялары шетелдерге барып келді. Бұл жұмыстар өз жемісін бере бастады.

 

Нұралы ӘБІШОВ,

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы