Әдебиет • 07 Наурыз, 2024

Сәкеннің соңғы күндері

261 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тар жол, тайғақ кешуден тайсалмаған тұлға ақын, ірі мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің биыл 130 жылдығы. 28 жасында қазақ өкіметін басқарған жаңа бағыттағы әдеби дәстүрдің негізін салған ақынның өмірі небәрі 44 жасында «Үлкен террор» саясатымен қиылды.

Сәкеннің соңғы күндері

Жаппай қуғын-сүргін кезеңін «Үлкен террор» деп атау шетел зерттеушілерінен келгені мәлім. Дәлдеп айтқанда, бұл терминді әдебиетке тұңғыш енгізген – англия-америкалық тарихшы, ақын және жазушы Роберт Конквест. Конквесттің кітабы тұңғыш рет ағылшын тілінде британиялық баспадан «Үлкен террор: отызыншы жылдарғы сталиндік тазалаулар» деген атпен 1968 жылы жарияланды. Бұл үлкен террор қалай басталды?

1937 жылдың 23 ақпаны мен 3 наурыз аралығында Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партия­сы Орталық комитетінің форумы өтіп, онда алты мәселе қарастырылады. Соның бірі – жапон-неміс-троцкистер агенттерінің ауыр өнеркәсіп және қатынас жолдары халық комиссариаттары бойынша зиянкестік, диверсиялық және шпиондық іс-әрекеттерінің сабақтары бойынша И.Сталиннің жасаған баяндамасы. Кейін Ежовтың басшылығымен ішкі істер халық комиссариаты НКВД-ның 1937 жылғы 30 шілдеде шығарылған әйгілі № 00447 бұйрығы бойынша «халық жауларын» белгілі мерзім ішінде жазаға тарту үшін республикалар мен облыстарға түсірілген квотасының (жоспар) іске асырылуы басталды. 1937-1938 жылдар аралығында Қазақ­станда 25 мыңнан аса адам ату жазасына кесілген. 2012 жылы «Азалы кітап. Книга скорби» тізбегінің «Жаңалық» қорымына арналған 9-шығарылымы жарыққа шықты. Кітапқа 1937-1946 жылдары атылып, Алматы түбіндегі «Жаңалық» қорымына көмілген 4 219 құрбан жайында өмірдеректер келтірілген. 1938 жылы әскери коллегия үкімімен 25 ақпанда 39 адам атылған. Солардың ішінде Санжар Асфендияров, Ғабдолхакім Бөкейханов, Шәкір Дивеев, Сүлеймен Есқараев, Тел Жаманмұрынов, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Ізмұхан Құрамысов, Сейітқали Меңдешев, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедов, Қабылбек Сарымолдаев, Жанайдар Садуақасов, Сәкен Сейфуллин, Жағыпар Сұлтанбеков, Нығметолла Сырғабеков, Қайсар Тәштитов, Ғаббас Тоғжанов, Мирасбек Төлепов, Зейнолла Төреғожин құрбан болды.

Сәкен Сейфуллин КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының шешімімен 1957 жылдың 21 наурызында ақталды. 1938 жылы РСФСР-дың ҚК 58-2, 58-7, 58-8, 58-11 баптары бойынша ату жазасына кесілген Сәкен Сейфуллиннің ақтау жұмысымен айналысқан облыс прокуроры Р.Мухамедьяровтың дайындаған анықтамасы бойынша С.Сейфуллинді 1937 жылдың 24 қыркүйегінде қамауға алып, 25 ақпан мен 8 қазан аралығы тағылған айыптарды мойындату үшін күнде ұрып-соғып отырған, оның дәлелі НКВД-ның 4-бөлімінің қызметкері Серембаевтың НКВД-ның 4-бөлімінің басшысы Ивановқа (Карагандинский) жазған рапортында Сейфуллин өзін кінәлі деп мойын­дамай қарсы сөйлеп отыр, нақты айтқанда, «Сендер ештеңе білмейсіңдер, сендерге бастысы ақша беріп, күніне үш сағат демалыстарың берілсе болды, одан басқа сендерге ештеңе керек емес. Біз – қазақтар не үшін күресіп жатқанымызды, не үшін қамалғанымызды білмейсіңдер» деп айтқанын жазады, ал екінші қызметкер Баймурзиннің 6 қазан 1937 жылы толтырған актінде «Сәкен Сейфуллин 10 тәулік болды, кінәні мойнына алмай, керісінше, НКВД қызметкерлеріне қарсы шығып, ұсталғандардың әйелдерін де қамап, лагерьге жіберіп жатырсыңдар деген айып тағып отыр» делінген. Алматы облысының мемлекеттік архивінде сақталған осы құжаттар бойынша қазақ әдебиетінің біртуар ақынын 5 ай қамауда ұстап, қинағанын көреміз. Соған қарамастан соңына дейін өзін кінәсізбін деп күрескен тұлғаның ісін сот 1938 жылдың 25 ақпанда небәрі 20 минут қарап, ату жасасына кескен және жазаны нақты сол күні іске асырды.

 

Мейіржан МҰСАБАЕВ,

«Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі