Білім • 07 Наурыз, 2024

Көшбасшы болу оңай ма?

290 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп Мағ­жан Жұмабаев айтқандай, қазақ ұғымында ұстаздың орны бөлек. Бүгінде мәртебелі мамандық иелеріне жүктелетін жауап­кер­ші­лік­ жүгі ауыр. Әсіресе мектеп директорының жұмысы қиын. Әр оқушының жүрегіне жол тауып, ата-аналардың көңілінен шығу, тұтас ұжымды басқару оңай емес.

Көшбасшы болу оңай ма?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сол себептен қазір ұстаздар­дың дені басшылық қызметтен қашады. Шынын айтқанда, бұл өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан заман талабына сай білім жүйесін енгізу үшін Оқу-ағарту министрлігі жаңа жоба әзірледі «Білім берудегі жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы» деп аталған бағдарлама бүгінде өз мәресіне жетіп, алғашқы нәтижесін көрсетті.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен жүзеге асқан жоба Президенттік жастар кадр­лық резервінің үлгісінде да­йын­далған. Білім беру сала­сын­дағы өзгерістердің көш­бас­шы­сын іріктеу, даярлау тетігін әзірлеу және бекітудегі бас­тама қанатқақты режімде іске қосылды. Бес кезеңнен тұра­тын сайысқа білім беру ұйым­да­рындағы мектеп дирек­тор­­­ла­ры­ның орынбасарлары қатысқан.

– Алғашқыда 8068 адам тір­келіп, бірінші кезең тесті­леу­­ден оның 2858-і топ жарды. Одан кейін деңгейлі курс оқыды. Үшінші кезеңде елі­міз­дегі жетекші мектептерінен тағылымдамадан өтті. Төртінші кезеңде қорытынды бағалау рәсімі жүргізіліп, соңғы сынақта министрлік жанынан құрыл­ған комиссия мүшелерімен әңгімелесті. Соның нәтижесінде, 207 үміткер республикалық кадрлық резерв құрамына кірді. Бүгінде 73 көшбасшы жаңа қызметке тағайындалды. Қалған үміткерлер оқу жылы барысында тағайындалмақ. Атап өту керек, барлық кезеңнен сәтті өтіп, сертификат алғандарға «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі. Жоба әлі жалғасады. Осы жылға он екі мың үміткер тіркелді, соның ішінен үш мың үміткерді оқыту жоспарланып отыр, – деді Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің басқарма басшысы Айман Дүйсенбаева.

Бұл жоба «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа оқу ордаларын білікті басшылармен қамтуға, бастысы, жаңа үлгідегі көшбасшылардың кадрлық резервін қалыптастыруға ықпал етеді. Топ ішінен оза шауып, кадрлық резервке лайық деп танылғанның бірі – Орынкүл Махметова. Ол бұған дейін өзінің біліктілігімен көзге түскен ұстаз. Алғашқылардың бірі болып жеңімпаз атанған маман қазір Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп директоры болып тағайындалды. Бұған дейін директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған Орынкүл Думанбекқызы жобаға іріктеуде өзін кәсіби тұрғыдан жаңа сатыға көтерілгенін айтты.

– Бұл жобаға қатысуға мектеп басшысы Аманкүл Тілемісова ұсынды. Сөйтіп, бағымды сынап көрдім. Барлық кезеңді сәтті аяқтап, кадрлық резервке қабылдандым. Жоба аясында көшбасшы бойында болуға тиіс дағдыларды меңгердім. Бағдарлама барысында құрыл­ған кәсіби орта сенімді және өзара тиімді іс-әрекеттің жемісі бол­ды. Бүгінгі таңда осы қоғам­дас­тықтың мүшесі ретінде бірін-бірі қолдайтын, білім саласына қатысты сұрақтарды шешуге көмегін тигізетін серіктестерім бар деп айта аламын, – деді ол жоба барысында танысқан әріптестерін ерекше бағалап.

Кадр тапшылығын жо­йып, оқу ордаларында кәсібилігі жоғары көшбасшыларды да­йындауды мақсат еткен жоба туралы Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Өмір Шыныбекұлы бұл жобаның бір артықшылығы – басшылық құрамына кіру жолдарының ашық болуы екенін жеткізді.

 – Шыны керек, директорлық қызметке қазір сауатты педагог­тердің қызығушылығы кеміп барады. Себебі жұмысы өте ауыр, жауапкершілігі жоғары. Әр баланың қауіпсіздігі үшін күні-түні алаңдау, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін көтеру жұмыстары, одан өзге мектептің шаруашылық проблемаларын шешу, жалақыдан бірнеше есе көп айыппұлды төлеу кімді қызықтырады дейсіз? Министр­лік бірнеше айлық курс­тан өткізіп, басшы дайындай салмақ. Абырой мен беделді ешқандай курс та, оқу орны да бере алмайды. «Көшбасшы» деген министрдің мөрімен бекітілетін қызмет емес. Ол білім-білігі, тәжірибесі, мінез-құлқы сан түрлі мамандарды бір іске жұ­мыл­дыратын тұлға болу керек, – деді тәжірибелі ұстаз.

Бір жағынан, Ө.Шыны­бек­ұлы­ның айтқан сөзінің жаны бар. Білім беру саласында кемел ақылымен, парасаттылығымен, тұлғалық қасиетімен бір өңірге ғана емес, тұтас елімізге танымал педагогтер бар. Мәселен, сондай құрметке лайық тұлғаның бірі, ардақты ұстаз Орынша Қарабалина апамызды айтуға болады. Ол өзінің «Ұстаз бақыты» аты кітабында: «Диплом алған­ның бәрі педагог емес. Ұстаз болуға туа жаратылу керек. Мұға­лімдікке жалақы алу үшін, күн көру үшін барғаннан асқан сор жоқ. Ол – балалардың соры, ұрпақтың соры. Шаруашылықта, саясатта, тіпті соғыста жіберген қатені түзеу қиын. Бала сені мойындамаса, сен педагог емессің. Ол мойындау жақсы сабақ берумен ғана келмейді. Шашыңды қоюыңнан бастап, киінуіңе дейін, сөйлеу мәнерің, ой-өрісің, дене бітімің бәрі көзге көрінбей, балаға құр алақан болсаң, ұстаздық тұлғаңа мін...», деп анық көрсеткен.

Тұжырымдап айтқанда, мұға­лім­­дердің көшбасшылық қабі­ле­тін, кәсіби дағдыларын дамы­татын жобалар білім саласына қажет. Аталған бастамадан ал­да жақсы нәтиже күтеміз. Де­ген­мен ұжым басқару екінің бірі­нің қолынан келмейтіні аян. Осын­дай қажырлы қайратты талап ете­тін қызметке үміткерлерді таға­йын­дауда «бармақ басты, көз қыс­ты» мінез орын алмаса болды.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті