Егемен Қазақстан • 07 Наурыз, 2024

«Хат қоржын»

112 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Оқушылар сарайы салынса игі

Өткен жылдың 15 қарашасы күні «Egemen Qazaqstan» газетінде журналист Табиғат Мұсылманқұлдың «Өңір мәдениетіне тың серпіліс керек» деген тақырыппен мақаласы жарияланды. Мәселе дұрыс көтерілгендіктен, қолымызға қалам алып, үн қосқанды жөн көрдік.

Мақалада атап көрсетілгендей, облыстық мәслихат төрағасының өкімімен құрылған депутаттық жұмыс тобы Тараздағы мәдениет саласына қатысты мекемелердің қызметімен танысқан. Осыған орай, яғни зерделеу жұмыстары барысында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған жеке шығармашылық үйірмелерге жергілікті бюджеттен 2023 жылға 1 112 500 мың теңге бөлінгені белгілі болған. Сол жылдың 1 шілдесіндегі дерекке сүйенсек, қызмет көрсетуші саны 48-ді құрап, 4 – 17 жас аралығындағы 5 626 балаға қызмет көрсетілді деген ақпарат беріліпті.

Әрине, қалада өте сапалы қызмет атқарып отырған үйірмелер де жоқ емес. Дегенмен олардың қызметімен таныспақ болған жұмыс тобының мүшелері көп жағдайда үйірмеге қатысушылар тұрмақ, үйірме жүргізілетін ғимараттарды да таба алмай қалған. Мәселен, үйірмелер жұмыс істейді деп көрсетілген төрт ғимараттың есігі тарс жабық тұрған. Бұдан қазынадан қомақты қаражат бөлінетініне қарамастан, үйірмелер жұмысы өз деңгейінде жүргізілмейтінін анық аңғаруға болады. Ал балалардың бос уақыттарын тиімді пайдаланулары үшін үйірме жұмыстарын барынша ұтымды ойластырудың маңызы зор емес пе?

Үйірме талапқа сай жабдықталмаса, бөлмелер жетіспей жатса, мұның да үлкен прблема екені сөзсіз. Мұндай жағдайда оқушылар шығармашылықпен сапалы түрде айналыса ала ма деп мәселе көтерудің өзі орынсыз болып шықпақ.

Сондықтан бір сөзбен айтқанда, облыс орталығына балалар мен жасөспірімдер бос уақыттарын тиімді өткізіп қана қоймай, түрлі өнерге машықтана алатын Оқушылар сарайы салынса деген ұсыныс, тілегіміз бар. Тиісті орындар мұны тек біздің ғана емес, бүкіл тараздық балалар мен жасөспірімдердің өтініш, тілегі деп қабылдаса құба-құп.

Сағын БОЛАТБЕКОВ,

Мәкен САЯҚОВ

 

Жамбыл облысы

 

 

Ұсақ-түйек деп қарамайық

Ана тіліміз бай деп кеуде қағамыз. Алайда кейбір сөздер, халықаралық терминдер аударылмай, сол қалпында беріліп жатады. Мысалы, «ведомство», «функция», «роль», т.б. Өткенде көше бойынан «Мобильді қала» деген жарнама көрдім. Осы сияқты сөздердің қазақша баламасы жоқ па?

Теледидардың жүгіртпе жолында жиі қателер кетеді. Экранның сыртындағы қызметкерлер соны көрмей ме? Таяуда ғана Туризм және спорт министрі бұрынғы атауынша Мәдениет және спорт министрі деп жазылып жүр.

Жүгіртпе жолды басында бір салып қояды да, содан соң оған өзге­рістер жасамайды-ау деймін. Олай дейтінім, қазір ауа райына байла­нысты онлайн оқыту деген бар. Бірде қарап отырсам, кешкі тоғыз шамасында «бүгін екінші ауысым онлайнмен оқиды» деп жазып қойыпты. Екін­ші ауысымның уақыты өтіп кетті емес пе. Таяуда орталық газеттің бірін­де «күйші» деген сөздің бір әрпі түсіп қалып, «күші» деп жазылыпты.

Теледидарда жарнама өте көп. Қаржы табу керек шығар, бірақ оның соңына түсіп көрерменнен айырылып қалмаған жөн емес пе? Теледидардың негізі міндеті халықты тәрбиелеу ғой, ақша табу емес.

Әйел басшыларды «төраға» деп жазып жүр. Осы дұрыс па? Әйел адамды бұрын зайыбы дейтін, қазір көбіне жұбайы деп жазады. Әр атау орнымен аталуы керек емес пе?

Ескерткіштер не үшін қойылады? Белгілі бір тұлғаның ерлігін немесе еңбегін қадірлеп, бағалап ескерткіштер орнатылады. Ал соны қадағалап, күтіп ұстап жүрміз бе? Жазда айналасы көбіне тазаланбайды, кейбіреулерінің жанына табиғи гүл егілмейді, ал қыста төбесінде, иығында қар жатады. Тіпті аяйсың, тоңып тұрған сияқты көрінеді. Ескерткішті бір мекемеге бекітіп, қарап жүрудің не қиындығы бар.

Гүлдердің қажеттілігі не? Меніңше, алдымен денсаулыққа пайдалы, екіншіден, әдемілігінде, айналасына эстетикалық әсері мол. Біз әдемілігіне көңіл бөліп, көп жерде табиғи емес, жасанды гүлдер орналастырып қойғанбыз. Мейрамхана, мекемелерде, тіпті үй ішінде табиғи гүлдер өсірудің не қиындығы бар? Мән бермейміз.

Менің осы жазғандарым ұсақ-түйек шығар, бірақ көңілімізге қаяу түсіреді. Оған қоса, не нәрсе де ұсақ-түйектен басталып, үлкен пробле­маға айналады ғой, соны ұмытпасақ екен.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

зейнеткер

 

АСТАНА

 

 

Өнердегі жарасты жұп

Тәубе деп айтайық, халқымыз қашаннан талантты да өнерлі жастарға кенде болмаған. Солардың арқасында Қазақ елі айдай әлемге танылып, мерейі асқақтаған. Бұл үрдістің қазір де тіні үзілген емес.

Осы жуырда ғана теледидардан өнерлі жас Қуаныш Құрманбаев баламыздың «Менің жүрегім» атты шығармашылық кешін тамашаладық. Бірден айтайын, кеш өзінің мүлде бөлек пішімде, ерекше де әсерлі өтуімен жанды баурап алды. Дарынды жастың ерекшелігі сол, композитордың арнаулы музыкалық білімі болмаса да барлық музыка аспаптарында еркін ойнай біледі екен. «Мотор келін» атанған зайыбы Қарлығаш та әнші әрі осы аттас кітаптың авторы көрінеді.

 Кеш барысында батыр, аңыз адам – Баукеңнің келіні, жазушы Зейнеп Ахметова апайымыз кітаптың тұсауын кесіп, ақжарма тілегін білдірді. Бірге өсіріп, тәрбиелеген 6 ұл-қызын сахнаға алып шығып, ән шырқады. Бәрі бірдей залда, тыңдармандармен бірге отырған аналарына келіп, құрмет көрсетіп, құшағын гүлге толтырды. 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңындағы осы бір әсерлі көрініс көңілдерді толқытып, жанарларға жас үйірді. Ананы қалай құрметтеуді жастарымыз осындай жандардан үйренуге тиіс деген ойдамыз.

Қуаныштың «Әйелдің бақыты – отбасы» сияқты хит әндерін сүйіп тыңдайтындардың қарасы қалың. Ал кеште сондай-ақ оның өнерде бірге жүрген достары Төреғали Төреәлі, Нұрболат Абдуллин, Әйгерім Қалаубаева, Ернар Айдар, тағы басқалар әнші-композитор жігіттің әндерін орындады.

«Ел іші – өнер кеніші» деген осы да!

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

көрермен

 

Түркістан облысы