Пікір • 08 Наурыз, 2024

Ел бірлігінің ұйытқысы

106 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ұлт қыз-келіншектерінің, ұлт анасының мәселесі қазір аса көкейкесті. Бұл – Әділетті Қазақстанның елдік үлкен бір арнасы. Қазақ әйелі деген ұғымға елімізді мекендейтін барлық этностың әйел қауымы кіреді. Әлемдік аяда бұл дәл солай.

Ел бірлігінің ұйытқысы

Биыл Әйелдер істері жө­нін­дегі ұлттық комиссиясы қызметіне 25 жыл толады. Осы орайда ойыма 2 сұрақ оралды: Ширек ғасырда қазақ әйелі не бітірді? Қандай сапалық өзгерістер жүрді?

Мұның жауабын айтардан бұрын «25 жыл бұрын олар қандай еді?» деген сұрақ төңірегінде де ойланған дұрыс. Иә, есімізге түсті: 1) ала сөмкесін арқалап, бала-шағамды қалай асыраймын деп, өзін де, елді де сақтады; 2) жай сақтаған жоқ, нарықтың әліппесін үйренді, балаларына да жаңа білім беруге тырысты; 3) ассоциацияларға бірігіп, кәсіби һәм деңгейін көтерді; 4) билік жұмысына атсалысуға ұмтылып, алғаш­қы сайлауларға қатысты.

Бұл жерде әрқайсысымыз өз жолы­мызды еске алсақ, көп ілгерілегенімізді көреміз. Даму­дың өзегі – әр адамның адал еңбегі, табандылығы, бізге сенген айналамыздың, отбасымыздың қолдауы, мемлекеттің әлеуметке бағытталған саясаты екен. Біреу білер, біреу білмес, осы саясатты қалыптастыруда Әйелдер іс­тері жөніндегі ұлттық комис­сияның да еңбегі бар. Әрбі­ріміз ортамызға қалқан болдық, өт­кен жолымыз, көрген қиын­дығы­мыз, жеңістеріміз – тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әйелінің тәуекелі еді.

Ал қазақ әйелі бүгін не бітіріп отыр? Қазақстанда әйелдің рәміздік сипаты қандай? Қазіргі әйелдің рәміздік сипаты 25 жыл бұрынғы әйелдерден әлеуметтік, экономикалық, саяси аспектіде біршама ерекшеленеді. Атап айтсақ:

  • бүгінгі қазақ әйелі отба­сындағы дәстүрлі рөлін иге­ріп отыр, отбасы өмірін ұйым­дастыруға, мансап пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға қолынан келетіннің бәрін жасайтыны байқалады;
  • бүгінгі заман әйелі кәсіби және жеке өмірді тең ұстап, қоғамды жетілдіруде өнегелік орнын ұмытқан емес;
  • мансабын еркін таңдай отырып, білім алуға және өзін-өзі дамытуға кең мүмкіндік алды;
  • бүгінде әйелдер саясатта, бизнесте және қоғамдық өмірдің басқа салаларында белсенді рөл ат­қарады. Олар Парламентте, кор­порацияларда, қоғамдық ұйым­дар­да позицияларын нығайта түсті.
  • сыртқы келбетіне, өзін-өзі дұрыс көрсетуге саналы түр­де қарайды; батыс пен шығыс тал­ғамы тұрғысынан өзіндік келбетін сақтап, төлтума ұлттық қасиет пен парасатты да ұмытпайды;
  • ең басты миссиясы – өмір­ге ұр­пақ әкелуді де жоғары, са­палы деңгейде орындап, отбасын ұйытып отыр.

Қазір әйелдерінің барлық саладағы орны туралы қоғамдық пікір өзгерді. Осыдан 25 жыл бұрынғыға қарағанда әйел затының мүмкіндік аясы кеңейіп, таңдау еркіндігі артты. Бұл оның қоғамдағы рөлін айғақтайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіс­тан­да өткен Ұлттық құрыл­тайда: «Түпкі мақса­тымызға жету үшін саяси эко­номикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр аза­маттың сана-сезімі жаң­ғы­руы керек. Халқымыздың дү­ние­танымы, жаңа өмірлік ұс­таным­дары өзгеруге тиіс. Әйт­песе ре­форманың бәрі бекер. Бір сөзбен айтқанда пиғыл өзгер­ме­се, ештеңе де өзгермейді. Өйт­кені сана-сезім жаңғыруы, жаңа өмірлік ұстанымдар, пиғыл өз­геруіне ықпал ету, ең алдымен, бұл әйелдер мәселесі деп ойлаймын» деп, басты месседжді айқындады.

Ұлт пен ел жағ­дайына бейжай қара­май­тын әйелдер қауымы әділетті және тұ­рақты қоғам туралы Пре­­зидент тапсырмаларын жү­зеге асыруға жан-жақты көмек­те­се алады. Әйелдердің әлеумет­тік әділеттілікті, теңдік пен орнық­тылықты нығайтуға бағытталған қоғамдық ұйымдары Мемлекет бас­шысының сапалы ұлт, адал азаматқа қатысты саясатын қол­дай­ды.

Тарих көрсеткендей, әйелдер елдік сананы қалыптастырып, қоғамдағы өзгерістерге түрткі бо­луда шешуші рөлге ие, терең өзгерістердің катализаторы бола алады. Сол арқылы қоғамда елеулі өзгерістерге қол жеткізді. Өйткені әйелдер отбасы мен қоғамға жаңа дүниетаным мен өмірлік ұстанымды әкелуде жетекші рөл атқарады. Әйелдер басқаларға үлгі болу арқылы қо­ғамда өзі көргісі келетін құнды­лықтарды қалыптастыра алады.

Әйелдер жергілікті өзін-өзі бас­қарудан бастап ұлттық сая­сатты қалып­тастыруға дейін қатысып жүр. Елдегі жаңа рефор­малар­ды қолдай отырып, қоғам­дық дискурсқа әсер етіп, сананы жаң­ғыр­туға, ниетті түзеуге атсалысуға тиіс. Әйелдер қажет деп тапса, кез келген жағдайда өмір­шең кеңістік жасай алады. Сол себепті, қоғам дамуына оң әсер беретін тақырыптарды да­мытып, теріс ойларға қарсы тұратын жаңа идея­лар мен құн­ды­лықтардың таралуына ықпал етеді.

Әйелде эмоциялық интеллект мық­ты болғандықтан, үміті, төзімділігі, транс­формацияға бейім­ділігі эмпатияға, түсіністік­ке, ынтымақтастыққа, қазақша айтқанда, береке-бірлікке бас­тауға тиіс.

Осы және басқа қадамдары­мыз­бен сіз бен біз сана-сезім жаңғыруына, пиғыл өзгеруіне ықпал етеміз. Пре­зидент бү­гін­­гі жаһандану заманында мем­лекеті­міз­дегі аналар, қыз-ке­лін­шектер ұлт алдын­дағы еңбегін абыройлы атқарып жүр­генін, мемлекет басқаруда әйелдер үлесі­нің кө­бей­генін мақтанышпен айтты.

Әйел тақырыбына байланыс­ты тағы мына көкейкесті мәселеге тоқтал­ғым келеді.

Қазақта «Судың алдын шым­ бөгейді, даудың алдын қыз бө­гейді» деген мақал бар. Қыз­дың ақыл-парасатын, елді тату­ластыратын қасиетін айтады. Тарихқа тоқталсақ, көне за­ман­дағы Тұмарқыздан өзіміз көзін көрген Хиуазға дейін, Алаш қайрат­керлері жаңа заман қыз­дары­ның эталоны деп жоғары ба­ғалаған Аққағаз Досжанова, Желтоқсан батыры Ләззат Аса­но­ва, еңбек адамы Зылиқа Там­шыбаева сынды тұлғалардан бастап, бүгінгі біртуар жандардың үлгісі жеткілікті.

Біз – бақытты халықпыз. Із­деген адамға бірлік, парасат, мем­лекетшілдік, аналық өнеге көп-ақ. Оның себебі Еуразия кеңістігінде қазақ мемлекеті өзінің дербес құқық жүйесін, заң шығару дәстүрі мен салт-санасын үзіліссіз жалғастырған мемлекеттік бір­лік еді. Әлі есімізде, Қазақ хан­дығының 550 жылдығында Ұлт­тық комиссияның ұйытқы болуы­мен «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар» тақырыбында ха­лық­аралық конференция өтіп, ежелгі жазу маманы, профессор Бақыт Еженханұлы: «Көне Түрік қағанаты туралы қытай жазбаларында «варварлардың салтына сай, әйелдер билікке араласады» деген дерекке қарсы «хатун ел ішіндегі дау-дамайға төрелік жасай алады, аналары негізінен елдегі дау-дамайды шешуге жауапты болады, олар істі қатал әрі әділдікпен шешетін, сол себептен бұл ел ішіндегі бірауыздылық пен тәртіп өте керемет болды» деген дәйек келтірді. Яғни тарихымыздағы саяси орнығуда әйелдер тұрақтылықтың кепілі бола білді. Осы арқау кешегі күнге дейін үзілген емес. Біздіңше, бүгін әйел қауымы ел бірлігінің ұйытқысы болуға тиіс. Өйткені бұл – қазақ аналарының аманаты, елдікті сақтау жолы.

Халқымызда «Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» деген даналық бар. Рас, әйел заты бірлік-берекені арт­ты­рады, ағайынның басын қоса­ды. Қоға­м­ның берекесін сақтауға үлес қосып, Әділетті Қазақстан ұста­ны­мына, елді серпінді етуге атса­лыса аламыз. Әйел – ұрпақ сабақ­тас­ты­ғын жалғастыратын дәнекер­. Біз қазір әлемнің кез келген елі­не барып, мінберден сөз сөй­леп үйрен­дік, тіпті оларды таңқал­дыра ала­мыз. Енді үйдегі шаруа­ны рет­тей­тін уақыт келді. Яғни бала тәр­биесіне ерекше көңіл бө­лу, ұл-қыз­дарымызды ұлт дәстү­ріне ба­ғыт­тау, отбасында ерлі-за­йып­ты­лар сыйластығын, бере­ке­сін пер­зентіңізге бала күні­нен түсіндіру, қоғамға құрмет­пен қарау, басқа адамның құқын сыйлау – міне, маңызды міндеттер.

Қазақ қоғамында еш жерде жазыл­маған далалық этикет пен хаттама­ның көрінісі – ұлттың бірлік дәстүрін­де тұнып тұр. Бірлікке бастайтын дәстүрлеріміз: абысын-ажын татулығы, үлкенді сыйлау, келген адамды жылы қабақпен қабылдау, күні түскен адамға қайырым жасау, ағайын-туыстың басын қосу, жора-жол­дас­тарға ықылас көрсету. Қазақ халқы­ның рухани, мәдени, мен­таль­ді құндылықтарының көрініс табатын жері – осы. Ендеше оны жалғастыратын да, үйлестіретін де, ықпал ететін де – әйел.

Осыдан біраз бұрын қоғамда «күл болмаса, бүл болсын» деген қарым-қатынас, позиция белең алды. «Отбасы – әркімнің өз жұмысы» деген де ұстаным болды. Қазір ол уақыттан өттік. Мұның түбе­гейлі дұрыс емес екенін мойын­дап отырмыз. «Өз баламды тәр­биеледім, басқа да солай жа­сасын» деген көзқарас әділетті Қазақстанға жат. Қоғам­ды тәрбиелемесек, ертең өз бала­мыздың алдынан шығатын теріс дүние көп болмақ.

Ажырасуға бет түзеген жас­тарға немқұрайды қарау да – бәрімізге сын. Ақсақалдар, әжелер, аналар алқасының жұмы­сын шынайы қолға алайық. Ауылдың, әулеттің, ортаның берекесін кіргізуге қыз­мет етуі­міз қажет. Мемлекеттің тұ­рақтылығы осыдан қалыптасады. Қазір билік көбіне мемлекеттен көмекке зәру адамдармен кездесе­ді. Басқалардың ортасына кім бара­ды? Әйелдер комиссиялары, қоғам­дық ұйымдар – барлығы халық­пен жұмыс істеуі керек. Ауылдан қалаға дейін жалғасқан берекелі дәстүрлерді қайтаруымыз қажет.

«Бір күн ұрысқан үйде қырық күн береке болмайды» депті бабаларымыз. «Отбасы ала болса, кереге басы са­йын бәле бар» деген асыл әжелеріміз. Бұл ер мен әйелдің татулыққа бірдей жауапкершілігін көрсетеді. Кейінгі кезде «Әкенің міндеті – тек отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету» деген қате көзқарас қалыптасты. Әрине, қар­жылық тұрақтылық – маңызды мәсе­ле, бірақ одан да маңызды, баланың жан дүниесін қалыптастыруға әкенің сіңірер еңбегі бар емес пе? Адам табиғаты солай жаратылған. Әкенің күші тәрбиеде басты орында тұрғаны жөн. Дәстүрлі қазақ қоғамында әке – балалары мен отбасы үшін тірек және қорғаушы. Осы ұстанымды қазақ әйелдері қолдап та, жал­ғастырып та отырған. «Әкең біледі», «Дастарқанға алдымен әкеңді шақыр» деген сөз әкенің рөлін жоғары қойып, абыройын қолдап отырғанның көрінісі.

Тұлғалық дамуда әкенің орнын ешбір адам толтыра алмайды. Психологтер әкесімен пси­хологиялық байланыстағы бала тұрақты және сенімді қалып­тасып дамитынын дәлелдеп отыр. Сондықтан баламыз толыққанды болсын десек, әке абыройын көтеруге мүдделі болуға тиіспіз.

Аналарымыздан қалған асыл сөз үйде жиі айтылуы керек. Және бұл ешбір шартсыз түсіндіріліп, орындалғаны игі. Ол үшін баланың анасы мен әкесінің жеке өнегесі, сыйластығы ма­ңыз­ды. Түрлі әке бар, бірақ оны бала­сының кумиріне айналдыру – ананың миссиясы. Бұл жерде объюзерлерді емес, қарапайым қазақ баласын айтып отырмын. Бұл мәселе еш қаулымен, қара­жатпен шешілмейді. Әр адамның жауапкершілігі арқылы шешіледі.

Өмірде түрлі жағдай болады. Мысалы, ажырасқан отбасыда бала анасымен қалады. Бұл – өте дұрыс. Бірақ бөлек кеткеннен кейін әйелдер балаларын әкесімен кездестірмей, жамандап, балағаттаудан тыйылғаны жөн. Олар кикілжіңді баласын манипуляциялау арқылы жалғастырса, ұл-қызын бұзып тынады. Бұл – өмір шындығы.

Әдетте бала туған әкесі яки анасы не айтса да жек көрмейді, бұл – табиғи құбылыс. Әкесімен кездес­тірмеу бала­ның өсуін, эмо­ционалдық интеллектін тежей­ді. Өсіп, жетіліп алған соң «енді әкең іздеп жатыр, мен өсірдім, жеткіз­дім» деудің еш қажеті жоқ. Бұл, өкінішке қарай, жиі көрінетін құбылыс. Аналарымыз көп қиындық көрді, жаугершілік, ашаршылық... басқа да азаптар. Бірақ әйел парасатын ұмытқан емес. Апам Ұмсынайдың қызы болып, осындай әңгімелерге қанып өстім. Далада қалған бидай масағын жинап әкелуге кеткенде, бірнеше баласы қараша үйімен бірге өртеніп кетіпті... Содан өмірден күдерін үзіп жүргенде әкем дүниеге келіп, «жаңылып өлмей қалсын» деген ниетпен, Жаңылыс қойған екен...

Қандай қиындық болса да, өмір­ден үмітін үзбеген, ұрпағы үшін бар­лық қиындықты жеңіп, осы елді, мемле­кеттің негізін бізге қалдырған – ата-бабамыздың, ана-әжелеріміздің өлшеусіз еңбегі, жанкештілігі – бізге аманат.

Елді қор­ғайтын – ерлер, ерді тәрбие­лейтін – әйелдер. Берекелі әйел – кез келген қоғамдық формацияда берекелі әйел. «Шайпау әйел» де солай. Кім жаман әйел атанғысы келеді? Ойланайық!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан озық ойлы ұлт болуға ұмтылу – маңызды стратегиялық мақсат. Озық ұлт болу – экономиканың өсуіне, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға, қоғамның түрлі аспектіде жоғары стандарттарды сақтауға ұмтылу. Қиын да абыройлы міндетті сіз бен біз атқарамыз. Осы жолда бастамамыз, ісіміз берекелі болғай.

 

Ләззат Сүлеймен,

қоғам қайраткері, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты