Саясат • 14 Наурыз, 2024

Швейцария елшісімен кездесті

88 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Швейцария конфедера­циясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Салман Балмен кездесті. Кездесуде Ерлан Қошанов елшіге өткен жылдың күзінде басталған Қазақстандағы дипломатиялық жұмысына табыс тіледі.

Швейцария елшісімен кездесті

Мәжіліс спикері Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңыз­ды саяси-экономикалық серіктесі екенін және елімізге инвестиция салудан көшбасшылардың үштігіне кіретінін атап өтті.

– Елдеріміз арасындағы дипло­ма­тиялық қарым-қатынас орнаған отыз жыл ішінде сенімді саяси диа­лог жолға қойылды. Сауда-эконо­микалық және инвестициялық ынты­мақтастық табысты дамып, мәде­ни-гуманитарлық байланыстар ар­тып келеді. Қазақстанның жаңа эконо­микалық бағыты шетелдермен іс­кер­ліктің кең мүмкіндіктерін ашады. Осыған байланысты біз Қазақ­стан нарығына швейцариялық серіктестерімізді шақырамыз, – деді Ерлан Қошанов.

Палата спикері елшіге Мем­лекет басшысының саяси реформалары туралы айтып, соның нәти­жесінде бүгінде Мәжілісте алты партия мен бірмандатты округтен сайланған депутаттар бар екеніне назар аударды.

Елші Қазақстан мен Швей­царияның экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық білім беру саласындағы өзара іс-қимы­лының әлеуетін толығымен пайдалану керектігімен келісті. Оның айтуынша, парламентаралық ын­ты­мақтастық біздің байланыстарымызды нығайтуда маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыда тараптар Мә­жілісте және Ұлттық Кеңесте құрыл­ған парламенттік достық топтарын, сондай-ақ комитеттер мен сая­си партиялардың фракцияларымен жұмыс істеуге уағдаласты.

Елші екі елдің депутаттары тығыз ынтымақтастықта жұмыс істей алатын бірқатар бағытты ұсынды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, суды үнемдеу, логистика және білім беру салалары бар.

– Швейцария жоғары кәсіби техникалық қызметкерлерді даяр­лауға мүмкіндік беретін дуалды білім беру жүйесімен танымал. Біздің тәжірибеміз Қазақстанға пайдалы болар еді, – деді Салман Бал.