Үкімет • 13 Наурыз, 2024

Іргелі ұйыммен байланыс

117 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгемен кездесті.

Іргелі ұйыммен байланыс

Фото: Үкіметтің ресми сайтынан

Кездесуге қатысушылар Қазақ­стан Үкіметі мен ДДҰ-ның Ден­сау­лық сақтау саласындағы ор­нық­ты даму мақсаттарына қол жет­кізу жөніндегі бірлес­кен жұ­мысын талқылады. Атап айт­қанда, 2024-2025 жылдарға ар­нал­ған екі­жылдық ынтымақтастық туралы келі­сім шеңберінде қазір­гі уақыт­та ден­саулық сақтау қызметтері­­мен жап­пай қамтуға қол жеткізу, халық­тың денсаулығын жақсарту және кадр­лық әлеуетті арттыру мәселе­леріне ерекше назар аударылуда.

ДДҰ – Қазақстанның ден­сау­лық сақтау саласындағы маңызды стратегиялық серіктесі. Бірлескен жоспарлы жұмыс­тың, соның ішінде техникалық және сараптамалық қолдаудың нәтижесі халықтың тыныс алу, қан айналы­мы жүйесі ауруларымен сыр­қат­танушылық, сондай-ақ қатер­лі ісік­терден болатын өлім-жітім дең­гейінің төмендеуі болды. Өз кезе­­гінде, Алматы деклара­ция­сы­ның алғашқы медициналық-сани­тар­лық көмек көрсету қағи­дат­тарын ұстану елдегі ана мен бала өлімі деңгейінің төмендеуіне, өмір сүру ұзақтығының артуына ықпал етті.

«Қазақстан алғашқы меди­ци­налық-санитарлық көмекті ны­ғайтудың маңыздылығы туралы мәселені көтеріп келеді. Өздеріңіз білетіндей, біз­дің Президентіміздің МСАК жө­ніндегі елдер коали­циясын құру жөніндегі бастамасын ДДҰ бас директоры және Ұйым­ға мүше мемлекеттер қолдады. Женевада өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы­ның 78-ші сессиясы аясында мүше мемлекеттер мен даму жөнін­дегі әріп­тестердің қатысуымен МСАК бо­йынша елдер коалиция­сын іске қосу біздің бірлескен жұмысымыздың маңызды қадамы болмақ», деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр елімізде денсаулық сақтау мекемелерінде де, үйде де медициналық қызмет­термен қамтуды қарқынды түрде кеңейтіп жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде ДДҰ өңірлік бюро­сының басшысы Ханс Клюге Қазақстанның ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын арт­ты­руда айтарлықтай жетістік­терге қол жеткізгенін атап өтті.

Кездесу қорытындысына сәй­кес, халық денсаулығының жо­ға­ры деңгейіне қол жеткізу мақ­са­тында көрсетілетін медици­налық қызметтердің сапасын арттыру бойынша алдағы жұмысты кү­шейту бағыттары атап өтілді.