Қазақстан • 20 Наурыз, 2024

Жаңарудың асыл арқауы

143 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңару күні табиғаттың түрленуіне ғана емес, елдегі саяси өзгерістерге де қатысты. Бұдан бес жыл бұрын бүгінгі барлық экономикалық-саяси реформаға тың серпін берген маңызды шешім қабылданды, ел билігі ауысты. Ал 2023 жылдың 19 нау­рызында кезектен тыс Мәжіліс депутаттарының сайлауы өтті. 2022 жылғы референдум қорытындысы бойынша Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін Мәжіліс депутаттарының 70 па­йызы партиялық тізім бойынша, 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланды.

Жаңарудың асыл арқауы

Фото: life09.kz

Мемлекет басшысының атамекен – жерімізді жаңартумен қатар, алтын бесік – елімізді жаңғыртуға бағытталған бастамаларын да отандастарымыз қуана қолдап, аңыздағы Аяз бидің тұсындағыдай әділдік салтанат құратын заман орнайтындығына зор үміт артып отыр. Әсіресе 2022 жылғы қасіретті Қаңтар оқиғасынан кейін ел билігін толық қолына алған Президент­ Қ.Тоқаевтың бастамасымен өткізіл­ген жалпыұлттық референдум арқылы Конституцияға енгізілген түбегейлі өзгерістер халық мүд­десін көздеген саяси реформаларға ақ жол ашып берді.

Ең басты өзгеріс халық сайлаған Мемлекет бас­шы­сының елімізді демо­кратиялық жолмен дамытуда елеулі кедергіге айналып, ұлт­тық байлықтың тең жартысын ат тө­беліндей азғантай топтың ием­деніп алуына, қоғамның қай сала­сында болсын сыбайлас жем­қор­лықтың белең алуына әкеліп соққан суперпрезиденттік жүйеден өз еркімен бас тартуы болды. Оның орнына «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы, «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжырымда­ма­­­сы ұсынылып, іске асырыла бас­тады.

Соның бір айғағы – Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеліп, қайта сайлануға тыйым салынғандығы. Бұл аса маңызды конституциялық өзгеріс туралы Мемлекет басшысы: «Мен ұсынып отыр­ған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады. Дәл осы себепті, мен Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын енгізуді ұсынып отырмын. Жаңа президенттік жүйе саяси тұрақтылықты нығайтып, қоғамдық құрылыстың қазақ­стан­дық үлгісін орнық­тыра­ды», деген болатын. Жаңар­тылған Ата Заңда Мемлекет бас­шысының жақын туыс­тары­ның мемлекеттік саяси қыз­метшілердің, квази­мемле­кеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруына тыйым салынғаны да – суперпрезиденттік жүйеде жол берілген келеңсіз құбылыстарды болдырмауды көздеген маңызды шешім.

Ата Заңның 6-бабының 3-тармағы: «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады», деп өзгертілгені еліміздің табиғи ресурстарының игілігін бұрынғыдай ат төбеліндей азған­тай топ емес, олардың заңды иесі – халық көретін кез туғанын білдірді. Соның басы ретінде Мемлекет басшысы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарлама­сын іске асыруды тапсырып, ол нақты жүзеге асырыла бастады.

Конституциялық реформаға сәйкес былтыр елімізде мажо­ритарлық сайлау жүйесі қайта енгізілгендігі қоғамды демократияландыру жолындағы маңыз­ды қадам болды. Бірмандатты округтер бойынша депутаттық­қа кандидат ретінде тіркел­ген азаматтардың саны өте көп болғаны халықтың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сая­си реформалар бағытына сен­ген­дігін айқын көрсетті. 2021 жылы ауыл әкімдерін, 2023 жылы қанатқақты режімде аудан әкім­дерін сайлау енгізілгендігі де мем­лекеттік биліктің бірден-бір бас­тауы – халық қолдау көр­сетіп отырған демократия­лық өз­ге­ріс­тер. Осы ретте Мем­­лекет бас­­шысы сегізінші шақыры­лым­­­дағы Парламенттің бірінші сес­сия­­сын ашқан сөзінде: «Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Рефор­ма­лар жалғаса береді, саяси құры­лым­­ды жетілдіру қажет. Бұл – аса ма­ңызды жұмыс», дегені елі­­­міз­­дегі саяси реформалар дәйек­­ті жалғасын табатындығын білдіреді.

Мемлекет басшысының тағы бір маңызды бастамасы – Ата Заңның бұлжытпай сақталуын қадағалайтын Конституциялық сот құрылғандығы. Бұл мем­лекеттік орган іске кіріскен өткен жылы оған 5,3 мыңнан астам өтініш түскен. Конституциялық сотқа Қазақстан азаматтары­мен қатар, шетел азаматтары да, оның ішінде Ресей Фе­де­рациясының, Өзбекстан Рес­пуб­­ликасының, Грузияның, Иранның, Тәжікстанның, Қырғыз Республикасының азаматтары да жүгінген. Нәтижесінде, Конституциялық сот Үкіметке және өзге де мемлекеттік ор­ган­дарға заңнаманы жетілд­іру бойын­ша 31 ұсыныс жолда­ған. Ал бұрынғы Конституция­лық Кеңес­ке азаматтар заң нормалары бо­йынша түсініктеме алу үшін тіке­лей жүгіне алмайтын. Мұндай құ­қық тіпті Парламенттің жекелеген депутаттарына да берілмеген еді.

Мемлекет басшысының бас­тамасымен құрылған Ұлт­тық құрылтай ел өміріндегі көкейкесті мәселелерді көп болып кеңесіп шешетін маңызды қоғамдық институтқа айналып отыр. Оның күні кеше Атырауда өткен отырысында Президент: «Біз жасампаз халық болуымыз қажет. Оған әлеуетіміз толық жетеді. Санғасырлық тарихында қазақ мемлекетті­гі­нің құрылымы талай рет өзгер­ді. Бірақ елдігіміздің тұғыры қашанда – берік, ұлтымыздың рухы – әрдайым асқақ. Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға ұмтылуымыз керек. Өнімді еңбек етіп, сапалы білім алып, ортақ мақсатқа жұмыла білуіміз қажет. Сонда болаша­ғы жарқын, қуатты мемлекетті бірге құрамыз», деді. Өсер елдің азаматтары ұран етіп ұстанатын сөз бұл.