Жансарай • 25 Сәуір, 2024

Сәулебек АСЫЛХАН: Театрда тұшынып тамашалайтын спектакль аз

79 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Режиссер Сәулебек Асылханұлының театрдағы жүріп өткен жолы сурет­керлік дара қолтаңбасымен ғана емес, әдебиет пен драматургия, жалпы өнер әлеміндегі таутұлғалармен қатар жүріп, батасын алған һәм қайраткер қаламгерлермен қанаттаса жүріп қайталанбас қойылымдарын өмірге әкелген тағылымды тарихымен де құнды. Ғабит Мүсірепов, Тахауи Ахтанов, Әзірбайжан Мәмбетов сынды суреткерлік әлем саңлақтарының сенімінен шығып, өзі де сол парасат биігіне бойлаған режиссердің таңғажайып театр туралы толғанар ойы, бүкпесіз айтар сыры мол.

Сәулебек АСЫЛХАН: Театрда тұшынып тамашалайтын спектакль аз

«Әзекеңнің күндіз-түні қасынан қалмас көлеңкесі» дейтіндер де болды

– Тектінің тұяғы, әйгілі композитор Ғазиза Ахметқызы Жұбанова: «Мен жұмысбасты болғандықтан, Әзекеңмен қол ұстасып шақырылған жиын-тойларға бірге баруға көп мүмкіндігім бола бермейтін. Сәулебек жанында болса көп алаңдамаймын, өйткені шәкіртінің адалдығына сенемін», деп отырады екен. Түсінген адамға бұл – үлкен баға...

– Рас, оны айтасыз, тіпті «Әзекеңнің күндіз-түні қасынан қалмас көлеңкесі» дейтіндер де болды. Бірақ мен оған ренжіген де, намыстанған да емеспін. Керісінше, қуандым. Өнерде Әзірбайжан Мәм­бетовке шәкірт болып қана қой­май, туған баласындай қасында жүріп, бо­йындағы бар парасатын, әкелік қам­қор­лығын, кәсіби шеберлігін, адами қасиеттерін жаныма сіңіргенім үшін өзімді шексіз бақытты санаймын. Ол кісі теориялық тұрғыда ғана ұстаз болған жоқ, Мәмбетов маған өмірлік үлкен мектеп болды. Мен өзімді өмірде жолы болған адам санаймын. Себебі 1966 жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясына түсіп, Әзекеңнен бөлек, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Нұрмұхан Жантөрин сынды хас таланттардан тәлім алып, өнерде ғана емес, өмірде де Сәбира Майқановадай ана тапқаным – тағдырдың маған берген тартуы. Ол кездегі Әуезов театрының аурасы да керемет еді ғой. «Әкемтеатр» десе, әкемтеатр еді! Қарашаңырақ әлі күнге дейін туған үйімдей ыстық. Себебі оқуымды бітірер-бітіртпестен театр­да құрақ ұша қарсы алып, туған бала­сындай бауырына басқан Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Зәмзагүл Шәріпова, Шолпан Жандарбекова сынды абзал жандардың аналық шексіз мейірімін қалай ұмытайын. Сәбира апаммен Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» қойылымында бірге ойнадық. Ол кісі – Толғанай, мен немересін ойнадым. Сол кездегі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әкемтеатрдағы мейірімге шомылған сол бір шуақты да шабытты жылдарға қарыздармын.

– Кәсіби режиссер ретіндегі қалып­тасу жылдарының жарқын сәттерін еске алғанда, ең әуелі ойыңызға не оралады?

– А.Чеховтың «Ваня ағай» қойылымы. Талдықорған театрын құрғаннан кейін сол жақта 5 жыл қызмет етіп, кейін белгілі бір себептерге байланысты Алматыға оралдым. М.Әуезов театрына келгенімде Әзекең «Ваня ағайды» қойып жатыр екен. Рөлде ойнайтын актерлерді де бөліп тас­тапты. Мен де келе сала ұстазымның ұсынысымен осы қойылымға кірісіп кеттім. Әзекеңе нақты мысалдар келтіре отырып, бұйрықтың шығып кеткеніне қарамастан рөлге бекітілген кейбір актерлерді ауыстырдық. Арнайы кастинг өткізіп, қызу талқылау болды. Ұстазым екен деп, Әзекеңнің барлық шешіміне келісіп, бас шұлғи бермедім. Нақты мысалдармен дәлелдей отырып, өз көзқарас-пікірімді қорғауға тура келді. Әзекеңнің де парасаттылығы ғой, мені баласынбай өзімен тең қойып, ойларыммен санасты. Осының арқасында бойымда үлкен сенім пайда болды. Әзірбайжан аға екеуміздің пікіріміз бір жерден шыққан актер – бас­ты рөл Ваня бейнесіндегі қайталан­бас талант Әнуар Молдабеков еді. Шын жүйрік еді ғой Әнуар. Ваня ағайдың барлық ішкі күйін, жан дүние арпалысын, өкініші мен мұңын шебер жеткізе білді. Молдабековтің сомдауындағы Ваня ағай шын мәніндегі шедевр болды. Қойылымды сахнаға шығару барысында Әнуармен көп сырластық. Өмірінің соңғы кездерінде қойылған спектакль еді ғой. Сонда байқағаным – Ваня ағай рө­лін­де актердің барлық өмірі, арман-мұ­ңы жатқандай сезілді. Кейіпкердің күйіне енгені соншалық, Ваня ағайдың өкі­нішке толы өмірінің өксігі Әнуардың ішкі күйіне көшіп, аласапыран әлемге ауыса­тын. Ол сахнада еңкілдеп жылағанда сыртында жүріп езіліп кете жаздаушы едік. Ал көрерменнің көңіліндегі әлемтапырық күйді тіпті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бүгінде «қайталанбас актер, классик» деп аузымыздың суы құрып, тамсана естелік айтқанымызбен, Әнуардың да өмірдегі өкініші, өнер жолында көрген қиянаты көп еді ғой. Қалай десек те тоғышарлардың ортасында таза әрі талантты болып өмір кешу қиын. Әнуардың өкінішке толы арманда кеткен өмірі соның айғағындай сезіледі кейде. Оны айтасыз, Мәмбетовтің өзін табанға салып таптамады ма сол күншіл топ?!. 40 жылдан аса қызмет етіп, өлмес өнер тудырған Әзекең өмірінің соңында туған театрынан қуылып, далада қалды емес пе? Өз ішінен іріткі шығарып, талантын табанға таптағандардан басқа не күтуге болады? Осы оқиғадан кейін Әзекең қайта қалпына келе алмады, бұрынғыша буырқанып, бейнелі ойларын сахна айшықтай алмады. Рас, кезінде «Халық қаһарманы» атағын алып, елордаға қоныс аударып, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының тізгі­нін қолына алды. Бірақ бұрынғыша кеудесін жазып, кеңінен көсіле алмады. Себебі ең ауыр соққы – жаныңда жүрген, сенім артқан жақындарыңның сатқындығы, екіжүзділігі ғой. Осы оқиғадан кейін суреткер жаны қайта гүлдей алмады. Шабыты ішінде жатып тұншықты. Қазақ қадіріне жетпей, осылай талай талантын өлтіріп алды емес пе?..

– Театрға жиі барып тұрасыз ба? Жас режиссерлердің аяқ алысын қалай бағалайсыз?

– Барғанда қандай! Өнер деп өмір сүріп үйреніп қалғаннан кейін, біз – театрсыз тұра алмайтын буынбыз. Бірақ ол жақтан тұшынып шығатын күнімізден, күйініп қайтатын кездер көп. Неге? Себебі қазір театрда көтерілетін мәселелердің басым көпшілігі қора-қопсы, үй-жайдың маңайынан ұзамайды. Ішқырын көргенді, өзге тілді араластырып сөйлеуді «күлкі сыйладым» деп санайтын қарапайым «КТК» деңгейіндегі арзан әзілдер көп. Күлдіремін деп өздері күлкі болып жүргенін тіпті де түйсінбейді. Көріп қарның ашады. Ал нағыз өнердің мақсаты осы ма? Кесек бейне, ойлы образдар қайда? Ұлттық мәселелерді қаузап, болашақтың аманатын арқалайтындай терең қойылымдар неге жоқ? Бір бай­қағаным, қазір актер­лердің арасынан шыққан режиссерлер көп. Ал олар ойнауды үйретумен әуре. Шынтуайтында, нағыз режиссер ойнау­ды емес, ойлануды үйретеді. Сонысымен де режис­су­раның бәсі биік, бағасы зор. Тарихи қойылымдарға барсаң да, ұлттық драматургиямыз бен әлемдік классикаға барсаң да, тұшынып тамашалайтын спектакльдер аз. Себебі қойылымның астарын ашуға талпынып, талаптанбайды. Ізденіс жоқ. Тақырыпқа тереңнен бойлаудан гөрі, бүгінгі режиссерлерде сюжет қуалау басым. Теңіздің бетін қалқумен ғана шектеледі. Сондықтан да өнердің өресі туралы сөз қозғау – әзірге мен үшін қиын тақырып.

– Ал актерлік ойынды қалай баға­лай­сыз? Әртістер ізденісіне көңіліңіз тола ма?

– Әрине, жақсы актерлер жоқ емес, бар. Кесек бейнелер тудырып, сәтті образ жасап жүрген жүйріктер де жетерлік. Бірақ олар көп емес. Кейбір актерлердің сомдайтын кейіпкерінің табиғатына үш қайнаса сорпасы қосылмайтындары да кездеседі. Ал түр-тұлға, тереңдік туралы әңгіме тіпті басқа. Қазақ тілін, оның қолданылу ерекшеліктерін, қойылу екпінін түсінбейтін, «н» мен «ң» әрпін ажырата алмайтын актерлер де сахнада басты рөлді сомдап жүр. Әлі есімде, бір кездері мен «Хан Кене» спектаклін қойғым келіп, актер іздедім. Дәл осы рөлді ойнайтын актерді елімізден таппадым десем болады. Біраз театрды шарлап, соңында І.Омаров атындағы Қостанай облыстық драма театрының актері Қонысбек Бекайдаровқа тоқтадым. Керемет сұлу болмағанымен, нағыз ер адам бейнесін көрсететін, күркіреген күндей даусы, тебінгідей құлағы бар, сымбаты, үні, қылығы барлығы да «Хан Кене осындай-ақ болған екен» дегізетін актер ғой Қонысбек. Қазір енді біраз жасқа келіп қалды. Міне, көрдіңіз бе? Талай әртістің өмірі өзінің рөлін күтумен өтіп кетіп жатыр. Сондықтан да бұл мәселеге режиссерлер баса мән беруі қажет. Арнайы актер үшін қойылатын спектакльдер болуы керек. Қазіргі өнердегі ахуал қандай? Жібегі жоқ театрлар «Қыз Жібекті», Гамлеті болмаса да «Гамлетті» қоюға құмар театрлар көбейді. Сондық­тан да спектакльдердің көп­шілігі діттегеніне жетпей жатады. Сөз басында «Ваня ағайды» қою үшін қандай қызу пікірталас болғанын айт­тым ғой. Міне, сондай талқылау-таң­дау­лар әр театр­да болып тұруы керек. Сон­да ғана өнер өседі. Біз бір нәрсені ұмыт­пауымыз керек, өнердің міндеті – адам­ның жан әлемін, сезімін тәрбиелеу. Сезімі тәр­бие­ленбеген, рухсыз, ішуді, жеуді ғана білетін жан иесі ұлттық сананы қабылдай алмайды. Ол биікке де көтеріле алмайды. Сана – адам­затқа ортақ, сезім – жалқы өзіңдікі. Өнер тілінде «түсіну» деген сөз – жан-тәнің­мен сезіну, түйсіну деген сөз. Актер құді­реті, театр құдіреті де осында – әр кейіп­кердің өзіндік табиғатын, болмыс-біті­мін заман шындығынан ауытқымай, та­­мырын дөп басып көрсету. Соған сен­ді­ру­ – нағыз таланттың ғана қолынан келеді.

 

«Шәмшіні» сахнаға шығару – арманым

– Иә, актер үшін спектакль қою сіздің тәжірибеңізде өте көп. Соның бірі – Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловқа арнап қойылған Дулат Исабековтің «Кіш­кен­тай ауыл» драмасы. Тіпті бұған кезінде жазушы Асқар Сүлейменов: «Академиялық театрдың «Ана – Жер-Анадан» кейінгі үлкен табысы» деп баға берген екен...

– Ол рас. «Кішкентай ауылдың» сахналық табысы зор болды. Тұңғышбай Жаманқұлов та өз рөлін тамаша ойнап шықты. Тіпті аталған спектакльдің кезінде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылғаны бар. Баққожа Мұқайдың «Тоят түні» қойылымы екеуі бәйгеге қатар түсті. Қайталап айтайын, М.Әуезов театры менің шығармашылығыма үлкен серпін берді. Сол кезде қазақ өнері үшін «әкемтеатр» шынымен де шығармашылықтың үлкен зертханасы болды. Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков бастаған әрбір актерге жеке-жеке қойылым қою мүмкіндігіне ие болдым. Нұрмұхан Жантөриннің театрдағы ойнаған соңғы спектаклін де мен қойған екенмін. Ол кісілермен жұмыс істеу жанның рахаты еді. Бұдан бөлек, Ғабит Мүсіреповтің көзінің тірісінде қойылған ең соңғы спектаклі – Сырым Датұлы туралы «Болашаққа аманат» қойылымына да режиссерлік ету бақыты бұйырды. Автормен қатар отырып, жаңа пьесаның сахналық нұсқасын жасағанымыз да бар. Сонда спектакль алдында Ғабеңнің өз дау­сымен келешек ұрпаққа айтылатын аманаты бар еді. Соның қолжазбасы да, аудио­жазбасы да менде сақтаулы, кітабыма да арнайы енгіздім. Мұның барлығы, әлбетте, мен үшін зор бақыт, қайталанбас тарихи сәт.

– Автормен бірлесе отырып жаз­­ған қойылымның бірі – Тахауи Ахтанов­­тың әйгілі «Күшік күйеу» комедиясы екен. Пьеса қалай жазылды?

– «Күшік күйеуді» Тахауи ағаға айтып жүріп жазғызып едім. Кезінде Мәскеуде халық әртісі, орыс рок-операсының атасы атанған Марк Захаровтың шеберханасынан тәлім алғандықтан, музыкалық қойылымдар қоюға қызығып жүрген шағым болатын. Сол қалауымды жазу­шыға жеткіздім. Аға бір ауыз сөзімді жерге тастамады, «Күшік күйеуді» жазып берді. Музыкасын Нұрғиса Тілендиевке, әндерінің сөзін Қадыр Мырза Әліге жаздырдым. Нұрағаңа ертеректе «Еңлік-Кебекке» музыка жазып беруін өтініп барғанымда, келіспеген еді. Кейін «Күшік күйеуге» келгенде комедияның тақырыбы әлде сюжеті ұнады ма екен, әйтеуір бірден музыка жазуға отырды. Нәтижесінде, көрермен ілтипатына бөленген тамаша қойылым өмірге келді. «Күшік күйеу» ә дегеннен табысты жүрді. Мұны мен кейде арасына өзімді де қосып қойып: «тамаша төрттіктің табысы» деймін әзілдеп. Кілең мықтылар атсалысқандықтан да комедияның абыройы асқақтады. Театрлардың сахнасында әлі күнге дейін жүріп жатқан комедия қазір де өзектілігін жойған жоқ. Пьесада бейнеленген дала қазақтары мен шала қазақтардың тартысы, домбыра мен гитараның айтысы мынау жаһандану заманында да жалғасып келеді. «Күшік күйеудің» осылайша жолы болып кетті. Ал менің тартпамда «бағы жанбай» жатқан тағы бір туынды бар. Ол – Оразбек Бодықовқа арнайы жаз­ғызған Шәмші Қалдаяқов туралы пьеса. Шәмшінің өзімен сырласа жүріп жазылып еді. Шығарма бес нұсқада қағазға түсті. Бірақ сол шығарманы қояйын десем, неге екенін білмеймін, әлі күнге дейін жолы болмай жүр. Театрлардың да қолдауы кемшін. Бүгінге дейін сахнада түрлі «Шәмшілерді» көріп жүрміз ғой, алайда бұл «Шәмшінің» орны бөлек. Онда композитордың өзі айтып берген мына бір деталь бар – Шәмші консерваториядан шығарылып, оған жоқшылық қосылып, әбден титықтап, салы суға кетіп жүргенде жолдан бір сыған әйелді жолықтырады. Қалтасын қоймай ақта­рып, түбін қақ­тырған келіншек Шәмшінің ала­қанында қалған нанның қиқымын көріп: «Өмірде жоқшылықты көп көресің, бірақ өлгеннен кейін халқың сені алақанына салып әлдилейтін болады» деп бал ашады. Бұл оқиға Шәмші өмірінде шын болған. Осын­дай нақты деректер негізінде жазылған «Шәмшіні» сахнаға шығару – үлкен арманым. Өткенге бұрылып қарасам, біздің дәуір Оралхан Бөкей, Асқар Сүлейменов, Баққожа Мұқай, Әнуар Молдабеков, Әнуар Боранбаев сынды хас таланттармен замандас, пікірлес болу бақытын бұйыртыпты. Қандай таланттар өткен дейсің! Әттең, нағыз бабында тұрған, еліне бойындағы барын беретін шақта өмірден өтіп кетті. Соны ойласам, өзегімді өкініш кернейді (көзіне жас алды).

– Ұзақ жыл бойы ұстаздықпен айналысып, шәкірт тәрбиелеп келесіз. Бұл – сіздің шығармашылықтан түбе­гейлі қол үзгеніңізді білдіре ме? Әлде болашақта әлі де ойлы қойы­лым­да­ры­ңызды сахнадан көріп қалуымыз мүмкін бе?

– Неге спектакль қойғым келмесін?! Суреткер адамның ішіндегі сәуле өле-өлгенше сөнбейді ғой. «Шәмшіні» неге айтып отырмын? Бұл да менің сахнада өнер тудыруға шөліркеп жүргенімді білдірсе керек. Бірақ алдымда шектеу де, тосқауыл да өте көп. Ұсынысымды айтып, қаламыздың талай театрына бардым. Басында қолдаған сыңай танытқанымен, соңы сұйылып кетеді. Жеме-жемге келгенде жоқ болып тынады сөйтіп. Кезінде бұрынғы Президент мәдениет орталығының жанынан «Ұлттық салт-дәстүрлер театрын» ашқан едік. Жеті жылдай өмір сүрді. Соңында белгісіз себептермен жабылып тынды. Сол театрда жүргенімде режиссер ретіндегі азаматтық ойла­рымды еркін айтып едім. Жабылған соң жаным жабырқады. Қазір Қазақ ұлт­тық өнер университетінде ұстазбын, жеке ше­бер­ханам бар. Бірақ не себеп екенін түсін­бедім, жылдан-жылға аясы тарылып келеді. Тіпті былтырғы оқу жылында курсыма бірде-бір грант бөлінбеді, салдарынан режиссураға түсейін деп тұрған талант­ты талапкерлерімнің ақша төлеп оқуға жағдайы келмей, құжаттарын кері алып кетті. Дегенмен қазір ақылы негізде білім алуға келіскен бірнеше студентті оқытып жатырмын. Шыны керек, көңілім толмайды. Өнер ақылы негізге ауысқан соң оның жағдайы да, сапасы да белгілі ғой. Кейде бойымдағы барымды далаға төгіп, білгенімді мақсатсыз, пайдасыз әйтеуір ауаға шашып жатқандай торығатын сәттерім де болып тұрады. Бірақ мұның бәрі уақытша шығар. Соған сенгім келеді. Алла жазса, алда жақсы дүниелер тудырып, сүйіншілегім келеді. Шәкірттерім де сенімімді ақтаса екен деген тілегім бар. Жалпы, маған да, сахна өнеріне де бір үлкен серпіліс керек болып тұр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»